Басты бет » Мереке » Бопай ханым

Бопай ханым

Кешегі кеңес заманының саясаты адамдарды хан, бай-болыс атаулыдан бездірді. Оларды еске алу түгілі, жай әңгіме арасында айтуға тыйым салынды. Еліміздің Тәуелсіздік алуымен ғана ұлтымыздың, өлкеміздің ардақтыларының есімдері қайтып оралуда. Кіші жүзді отыз жылға жуық билеген, Аңырақай шайқасында жеңіске жеткен қазақ сардарларының даңқты қолбасшысы болған Әбілқайыр ханның айбынды ескерткіші бірсыпыра жылдардан бері облыстық әкімшілік алдындағы алаңда тұр. Екі-үш жылдықтың жүзінде «Хан моласы» қорымында кесенесі мен мемориалдық кешені көтерілді. Енді Әбілқайыр ханның бас бәйбішесі Бопай (Бәтима) ханымға байланысты есте қалдырарлық шаралар қолға алынуда.

Ол туралы заманында жазылып қалған біраз тарихи деректер бұрын да бар еді, бірақ жабық болатын. Витебскийдің «И.Неплюев пен Орынбор губерниясы» кітабындағы, Джон Кэстлдің «Бопай ханым балаларымен» деген 1736 жылғы әйгілі суретіндегі деректермен көпшілік қауым осы беіргіректе ғана жете таныса бастады. Өзінің заманында шетелдік жиһангерлер Бопай ханымның бас бәйбіше болғанын жазған. Әрине, ханның әйелдері аз болмаған. Әбілқайыр ханның да өте көп әйел алғаны, тіпті олардың әр ұлттың өкілінен болғаны тарихтан белгілі. Бірақ олардың есімдері мұрағаттық құжаттарда хатталмаған, халықтың жадында сақталмаған. Ал Бопай ханымның тарихта қалуы — оның мемлекетті басқаруға араласуында, өзінің күллі өмірінде әлеуметтік белсенділік танытуында.

Арғыдан келе жатқан деректер бойынша Бопайға үйленген жылы Әбілқайыр хан болады. Бопайдың тұңғышы, кейін өзі де хан болып, билік құрған Нұралы сол жылы дүниеге келеді. Демек, отыз жыл бойы билік басында болған ханның ақылды жары, сенімді серігі ретінде көзі тірісінде-ақ елге сөзін өткізе алған Бопай ханым, ері Барақ Сұлтанның қолынан қапыда мерт болғаннан кейін шын мәнінде орыс пен қазақтың арасын жалғаған айтулы саясаткерге айналады. Оның ел анасы ретіндегі қайраткерлігін, саясаткер, мәмілегерлігін ел мүддесін көздеп орыс патшайымына жазған хаттарынан, ерінің кегін жоқтап, әр жылдарда жазған күрескерлік жазбаларынан көреміз.

Ханымның сұлулығы мен ақылдылығы таласқан жан болғанын ағылшын суретшісі Джон Кэстль жақсы суреттейді. Ол хан ордасында 1736 жылы болған екен. Қырықтың ортасынан асса да ханым суретшіні сұлулығымен таңдандырады. Оның үстіне бас бәйбішенің төре әулетінде зор беделге ие екенін аңғарады.

Бопай ханым ханның адал жары, сенімді серігі, ісі мен саясатын жалғастырушы болумен бірге, алтын құрсақты ана ретінде де есімі тарихта алтын әріптермен жазылып қалды. Ол алты ұл, бір қызды дүниеге әкеледі. Ұлдары Нұралы, Ералы, Айшуақ, Қаратай әр жылдарда хан тағына отырып ел билесе, Қожахмет пен Әділдің де өмірі ат үстінде сұлтандықпен өтеді. Қызы Злиханың да ғұмырының тектілікпен жалғасуы ел есінде қалған.

Ілгері ғасырлардан бізге жеткен жиһангерлердің еңбектеріне еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін зерттеуге жедел кіріскен ғалымдар мен өлкетанушылардың, жазушы-қаламгерлердің табысты еңбектері қосылды. Олар тарих қойнауындағы қоламтаның шоғын үрлеп, Бопай ханымды әр қырынан көрсетеді. Оның қазақтың қызы екені, белді рудан шыққаны, қазақ әйеліне тән асыл қасиеттердің бойынан табылғаны қазір айдан айқын. Әсіресе, соңғы жылдары бұл жөнінде баспасөз беттерінде көп жазылды.

Бопай ханымның зиратын нақтылауға, басына белгі қоюға байланысты Қазақстанның батыс облыстарында, соның ішінде Ақтөбе өңірінде біраз жұмыстар жүргізілді. Орынбор облысы Елек ауданының Димитров ауылына бірнеше мәрте делегация шықты.

Бұл жердің байырғы қазақтары осы ауылдан 25 шақырым жердегі Бопай ханым қорымын жақсы білетін болып шықты. Арада екі жарым ғасырдай уақыт өтсе де, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бізге жеткен. Бір кезде хан ордасына қараған қазақтың топырағында жатқанмен, қазір Ресей Федерациясының құзырына қарайтын аймақта, тіпті белгілі рұқсат қағазынсыз жан аяқ басуға болмайтын әскери полигон аумағында қалған исі қазақ үшін аяулы тұлғаның басына барып зиярат етудің өзі қиын шаруа болатын. Алайда біздің ақтөбелік ағайындар бұған місе тұтпай, Бопай зиратын қоршап, тас белгі қоюға ойға кетті. Міне, осы істі алдыңғы жылғы қазан айында ақтөбелік белсенді екі ардагер азамат — Келдібай Еспағамбетов пен Игілік Сағиев жергілікті ауыл тұрғындарының қолдауымен жүзеге асырды. Осы шараға бұқаралық ақпарат құралының өкілі ретінде қатысып, мен де куә болған едім. Бұл сапардың қорытындысымен кезінде «Бопай ханымның жоқшылары» деген тақырыппен көлемді мақала да жазылды (« Ақтөбе» газеті, 17 қазан 2016 жыл).

Осы қорым басында жасы тоқсанға қарай аяқ басқан Димитров ауылының тұрғыны Ұлықпан ақсақалмен әңгімелесуім көп жайға көзімді ашты. Бұл кісі ұзақ жыл осы өңірде жылқышы болып жұмыс істегендіктен жер жағдайын жақсы біледі екен. Елек өзеніне құятын қорым іргесіндегі өзенді, Бопай атымен аталған сайды, бұл маңға ауылдар орнағанға дейінгі қазақ, украин, орыс қоныстарының бөлек-бөлек жұрттарының орындары, көне қорымдары туралы білген жеріне дейін айтып берді.

Бопай ханымның зираты биік төбеде. Бір заманда айналасы орланған сияқты, соның бедері байқалады. Бұрын басында мавзолей болған деген деректі Ұлекең қарт та қуаттайды. Алайда бұл жерден оның сілемін табу қиын. Соған қарағанда мавзолей тіпті әрігіректе бұзылғанға ұқсайды. «Бопай қорымы» дегенмен, бұл орынға көп адамдар жерленбегендей, бейіттер, көне құлпытастар көрінбейді. Мүмкін, типылданып жер болып кеткен болар…

— Мына ордың әр жағы ертеде бейіттер болды. Жандары опырылып түсіп, сүйектер көрініп жататын. Оларды бір кезде осы маңдағы қазақ ауылынан әкеліп қойған-ау деп шамалайтынбыз. Менің үлкендердің, оның ішінде немісі, орысы, қазағы да бар, әңгімесінен аңғарғаным, «Осы жерде қазақ ханының кемпірі жатыр» дейтін бәрі. Бәрінің әңгімесі бір жерден шығатын, — дейді Ұлекең ақсақал.

Біз білетін деректер бойынша Бопай ханым 1690 жылы туып, 1780 жылы қайтыс болған. Тоқсан жыл ғұмыр жасап, күйеуінен кейін 32 жылдан соң өмірден өтеді. Осы жылдардың ішінде Ресей елшілігімен тығыз байланыста болып, ел билеген перзенттеріне ақылшы-кеңесші, ұлт мүддесін ойлаған қайраткер ретінде өзіне өшпес ескерткіш орнатып кеткен исі қазақ үшін ардақты бейне. Сондықта басына орнатылған мазар жоғалғанмен, оның тұлғасы ұлтымыздың санасынан өшпек емес, қайта асқақтай береді.

Ол — өзінің заманында екі елдің арасына достық қарым-қатынас орнатуға шама-шарқынша еңбек сіңірген тұлға. Соның шапағаты ма екен, Бопай патшайым басына белгі орнатуға бастамашы болған азаматтардың ісіне көрші елдің құзырлы органдары парасатпен, кешіріммен қарады, кедергі болған жоқ…

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*