Басты бет » Мереке » Шөберенің қолынан су ішкен

Шөберенің қолынан су ішкен

«…Нұрбике… төрт баласын ерте келіп, дастарқан басына жайласқанда, үйдің іші толып, жалғыз шамның жарығы жетпей, үй қабырғаларын отырғандардың зор-зор көлеңкелері жауып кетті. Тек дастарқан басы ғана жарық. Нұрбикенің үш қызы — Әдемі, Сұлушаш, Тілекгүл бар. Ұлы — Нияз…

Айтекен көпшікке жантайып, газет оқи отырып ішті шайын. Аманбол да одан көргенін істеп, бір көпшікті сүйреп келе жатыр еді, оған әкесі жекіп тастады. Сосын ол малдас құрып отырып ішуге көшті. Балалар тауықтың балапандарынша шөпірлесіп бидай теріп жеп отыр».

Біз үшін бұл — белгілі жазушы Тобық Жармағамбетовтің таңдаулы шығармаларының бірінен («Қара жаңбыр») алынған шағын үзінді ғана болғанмен, Әсем апайға, Әсем Мырзағұлқызына өзінің Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген балалық шағының бір сәті, таныс көрініс.

Майданнан оралмаған әкеге деген сарқылмас сағыныш, жүдеулік, еш қиындыққа мойымай, алдағы күнге сеніммен қараған қайсарлық — осының бәрі оның тұстастарының әрқайсысы үшін «көппен көрген ұлы той» еді.

19 жасында өзі қалаған жігіттің әулетіне келін боп түскенінде, алдынан «айналайын» деп, төрт бірдей ақылшы ана қарсы алыпты: өз енесі Қалипа, абысындары — Алтын мен Зылиха, Қытай апасы. Жас келін бірінің ері, бірінің баласы соғыстан оралмаған, жүрегі жаралы сол жандардың қас-қабағына қарады. Олар да Әсемді шаңыраққа қонған құтқа балап, аялы алақандарын тосты.

1959 жылы Байғанин аудандық «Ленин туы» газетіне жұмысқа тұрды. Алғашында теруші болып орналасып, кейіннен — корректор, одан соң әдеби қызметкер болды. Ол тұстағы басылымдардың бәрі де — партияның органы. Жоғарыдан пәрмен түскен кез келген сәтте нөмір қайта өзгертіледі. Күн-түн демей, шақырған уақытта жұмысқа жетуің керек.

— Бір жақсысы, балаларға қарайтын адамдар бар. Редакторымыз Жасар аға Қойшығұлов хабар жіберген сәтте, дереу редакцияға жинала бастаймын. Кейде түн ішінде шақырту аласың. Ондайда «жалғыз жүруге қорқарсың» деп, қасыма Зылиха апам ереді. Сөйтіп, жұмысқа бірге барамыз. Ол кісі — туған абысыным. Жолдасым Артықтың соғыстан оралмаған ағасы — Әділдің жары. Отағасым: «Ағамның аты өшпеуі керек» — деп, ұлдарды ағасының атына жаздырған. Құжат бойынша үшеуі де — Әділовтер, — дейді Әсем апай.

Осылайша біріне-бірі сүйеу болып, тату-тәтті ғұмыр кешкен жылдар зымырап жатты. Дүкенде дайын өнім самсап тұрған, үй газбен жылып, су құбырмен келетін, кір жуатын, ет турайтын, тағысын тағыларды өзі атқара беретін машинасы көп қазіргі кездегідей емес, ол заманда әйелдің үйдегі шаруасы да шаш-етектен болатын: қолдиірменмен ұн тартып, пешке нан салу, иінағашпен су тасу, тары қуырып, оны түю, сиыр сауып, сүт пісіру, айран ұйыту…

— Жұмыстан келесің де, қолыңа келсап алып, қуырулы тұрған тарыны түюге кірісе кетесің. Үйде де, жұмыс орныңда да еңбекқор атанып, үлкендерден алғыс алсаң, әйел үшін ең жоғары марапат сол болатын. Газетте жүргенімде, Батан Отарбаева, Ақілгек Төкенова сынды үйде де, түзде де шаруасы тап-тұйнақтай, еңбекқор апалардың тәрбиесін көрдім, — деп еске алды кейіпкеріміз.

Кейіннен аудандық радио торабына ауысып, хабар таратушы әрі диктор болып істеді. Оның бағана басындағы дыбыс күшейткіштен шығып тұратын саңқылдаған үніне ауылдастары құлақ түре қалушы еді…

Көңіліндегі ерімеген бір мұз — ағасы Тобықтың қазасы болды. Әке орнына әке болған, өмірдегі ең қамқор, ең жақын туысы 39 жасқа толуына 15 күн жетпей дүниеден өтті. Ағасының кітаптары, өзі өмір бойы жинаған ол туралы мақалалар мен естеліктер қиындылары, сарғайған суреттер асыл қазынадай бөлек сақтаулы. Ағасы туралы жазған әр журналисті ол ең жақсы досындай көріп, іштей күбірлеп, алғыс жаудырып отырғаны…

Жолдасы Артық Жақанов ұзақ жылдар бойы мәдениет саласында еңбек етті. Екеуі үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Ұл-қыздары өмірден өз орындарын тапты, немере-шөбере сүйгізді. Келін боп түскен шағында өзіне ақылшы болған төрт бірдей асыл жанға қызмет етсе, енді өзі де ұлы Исатайдың қолында, бір шаңырақ астында үш келінге ақылшы болып, үш келіннің рахатын көріп отыр.

— Шөберенің қолынан су ішкен адамды халқымыз ерекше құрметтеп, бұ дүние ғана емес, о дүниенің де бақытына кенеледі деп білген. Бұл өмірдің мәні отбасы берекесінде, ұрпақ өсіруде екенін меңзеп айтылған сөз болса керек. Қартайған шағында немере-шөберелерінің ортасында отырған жан — ең бақытты адам. Мен өзім ғұмыр бойы сүйіп оқыған «Ақтөбе» газетінің барша оқырмандарына осыны тілеймін, — деді сөзінің соңында Әсем Мырзағұлқызы.

81 жастағы қарт ананың ақ тілегін өздеріңізге жолдадық…

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*