Басты бет » Басты жаңалықтар » Шаңғы жолындағы тайталас

Шаңғы жолындағы тайталас

«Актюбинский вестник — 100»

Құлшыныс

Өткен сенбі күні Кірпішті ауылы жанындағы шаңғы жарысы жолында үлкен спорттық мереке өтті. Бұл біраз жылдардан бері дәстүрге айналған «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерінің жүлдесі үшін ұйымдастырылған облыстық шаңғы жарысы болатын. Жарыстың биылғы ерекшелігі — «Актюбинский вестник» газетінің 100 жылдық мерейтойына орайластырылды.

Табиғаттың өзі қарасқандай, ауа райы ашық, боран-шашынсыз болды. Ертеңгілік аяздатып тұрған күн, жарыс басталар сәскеде әжептәуір жылыды.

Спорттық шара өткізуге де барлық қолайлы жағдай жасалған екен. Әсіресе, жарыс жолы спортшыларды сайысқа шақырғандай, жарқырап тұрды. Төбенің етегіндегі қысқы табиғат жаныңды жадыратады. Сайрап жатқан қары мол шаңғы жолының айналасын қоршаған биік ағаштар жақсы ықтасын. Сан түрлі спорттық киімдер киген жарысқа қатысушылар назарыңды бірден аударады. Жарыс басталғанға дейін шаңғы мінген спортшылар қалың тоғайлықтың ішін толтырып, жаттығуға кірісіп кетті. Қысқы ауада  тартымды сазды әуендер алысқа әуелеп таралып жатты. «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерін бейнелей жарнамалаған әдемі қабырғалық стендтер де көзге бірден шалынады. Осының бәрі жарысқа қатысушыларға шабытты көңіл күй сыйлап тұрды.

Қала үшін дәстүрге айналған шаңғы жарысына спорттың осы түрімен шұғылданатын әуесқойлардан бастап, кәнігі спортшыларға дейін түгел жиналды десек, артық болмас. Оған тек Ақтөбе қаласы емес, облыстың барлық аудандарынан жиналды.

Бадамшадан қатысқан тұқым шаруашылығының инспекторы Дариға Төлепбаева мен Жосалыдан келген Жұмабике Құрманова Қарғалы ауданының намысын қорғады. Олардың аяғындағы шаңғылары бірден көптің көзіне шалынды. Себебі, Дариға Төлепбаеваның шаңғысы атасынан қалған мұра болатын. Ол жарыс жолына осы байырғы шаңғысымен шықты.

— Бұған 45 жыл болды. Әрбір күні ертеңгілік мен үш шақырым жүріп қайтамын. Ал демалыс күндері алты шақырымға дейін ұзартуға тырысамын, — деді Дариға.

Қысқаша айтқанда, жарысқа қатысуға спортшылардың бәрі жақында өткен қаладағы түрлі шаңғы жарыстарына қатысып, қанаттанып, қайраттанып келген еді. Олардың арасында шаңғымен жүгіруден, нысана атудан жақсы нәтижелерге жеткендер көп болатын.

Осы жарыста ілгері озып айтайын, Бадамшадан келген спортшы қола медальға ие болса, жосалылық Жұмабике Құрманова бірінші орын алды.

Бұл күні жарыс жолына 200-дің үстінде қатынасушылар шықты. Сайыс ересек ерлер мен әйелдер  арасында 8 категория бойынша өтті.

Ал ең жас қатысушы қаладағы №5  орта мектептің 2-сынып оқушысы, жеті жастағы Мирас Жұбанғали болды. Ол шаңғыға мектеп жасына дейін отырған екен. Өйткені ол тәрбиеленген отбасында барлығы шаңғы тебетін болған.

— Менің үш балам бар. Үлкен ұлым Алмас, қызым Балнұр мен Мирас. Олардың барлығы да бүгінгі жарысқа қатысып отыр. Шамам келгенше оларды салауатты өмір салтын сүюге, ұстануға үйреттім. Қыста шаңғы тебеміз, жазда жүгіреміз, суда жүзумен шұғылданамыз, — дейді отағасы Қуанышқали Тілегенов.

Алғашқы болып жарыс жолына ең жас қатысушылар шықты. Жастығына қарамастан, балалар шаңғыны жақсы меңгергендіктерін көрсетті. Сайысқа берілген балалар аянбай күресіп, спорттық мерекенің сәнін келтірді.

Жарысқа қатысушылардың бірі, №57 орта мектептің оқушысы Арайлым Бердіоңғарова, жарыс жолында өзінің өткен жылғы көрсеткішін қайталап — үш шақырымдық қашықтықта, 11-13 жастағы қыздар арасында бірінші орынды жеңіп алды.

Ол шаңғыға осыдан төрт жыл бұрын тұрған екен. Спорттың бұл түрімен бірге, Арайлым волейбол мен баскетбол ойнайды.

— Менің арманым — Олимпиада жеңімпазы болу, — дейді Арайлым.

Қобдалықтардың жеңісі

Ақтөбеліктер мен мәртөктік шаңғышылардың қатарында жоғары нәтижелерге жетіп, сүйсіндірген Қобда ауданының шаңғышылары болды. Бұл жарысқа ауданның балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Қайрат Сейілов құрамы 12 спортшыдан тұратын команда алып келген. Солардың алтауы жүлделі орындарды иемденді. Қобдалықтардың қоржынында екі алтын (Зарина Бекдәулетова мен Әбдірахим Тұрлыбай), үш күміс (Әлім  Бөлебаев, Аделя Сафарова мен Ольга Дуля)  және бір қола (Әдина Жаманбаева).

— Балалар жарысқа жан-жақты дайындалды. Күзде біз жүгіруден жарыс өткізіп жүрміз. Дене тәрбиесімен ұдайы шұғылданамыз. Қыста екібастан шаңғыдан түспейміз, күштік жаттығулар жасаймыз, нысана көзделеді. Көктемде жеңіл атлетикаға көшеміз. Тек жазда ғана балалар бір айдай демалады. Осындай ұдайы даярлық, әрине, өзінің нәтижесін береді. Таяуда ғана мектеп оқушыларының  облыстық біріншілігі өтіп, біздің балаларымыз бен қыздарымыз жалпыкомандалық сайыс бойынша бірінші орын алды. Аудандар арасында да, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері  арасында да біріншіліктің көпсайыс бойынша жеңімпазы болды. Біздің көптеген тәрбиеленушілеріміз  спорттың қысқы түрінен облыстың  құрамасының құрамында, — деді Қайрат Сейілов.

Ересектер арасындағы сайыста шаңғышылар арасындағы бәсеке қыза түсті. Өйткені жарыс жолына ақтөбелік кәсіби спортшылар көп шыққан болатын. Олармен денсаулығын жақсарту, салауатты өмір салтын ұстану мақсатында ғана шаңғы тебумен айналысып жүрген әуесқой спортшылардың күресуі оңай болмады. Әрине, олар ұтылғанмен, жақсы көңіл күйде қалды. Себебі, қарлы жолды бағындырудан, спортқа деген құмарлықтан зор қуат алды. Мәре сызығын басып өткеннен кейін бірін-бірі құшақтап, шын жүректен құттықтап жатты. Достық әзілдер айтып, жарыстан кейін келгендердің көңіл күйін көтерді.

Тап осы жерде, жарыс алаңында ауыз жылытып, әлденуге болатын еді. «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның жарысты ұйымдастырушылары алдын ала қам жасап, тамақтану орнын белгілеп, ыссы самса, бәліш, бутерброд, шай ұйымдастырып қойған-ды.

Үлкендер арасындағы сайыста 58 жастағы Әмина Закирзянова алтын медаль алды. Ол Мәртөк ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қырық жылдан астам жаттықтырушылық қызмет атқарып келеді.

— Бүгін ерекше спорттық мереке болды. Одан алған әсеріміз шексіз. Бұл жастарды да, үлкендерді де қанаттандырды. Қысқы спорттың түріне қызығушылық біздің облысымызда да жыл сайын артып келеді. Соның дәлелі — тек біздің Мәртөк ауданынан осы жарысқа құрамы 36 спортшыдан тұратын команда қатысуда, — деді ол.

Осы аталған ауданның командасының құрамында 16 жастағы Егор Дубин келді. Ол өзінің денсаулығының кемтарлығына қарамастан, ауданда өтетін барлық спорттық сайыстардан қалмайтын көрінеді.

Жасы мейлінше үлкендер арасында 65 жасқа келген Валерий Григорьев өзінің түр-тұлғасымен, қынулылығымен көптің назарын аударды.

— Шаңғымен мектептегі жылдардан бері жүгіремін. Бұған қоса велосипед спортымен шұғылданамын. Әлденеше дүркін облыстың жеңімпазы болдым, республикалық жарыстарға да қатысып жүрдім. Сосын арада 25 жылдай тастап кеттім. Өйткені жұмыс ауыр болып, көп уақыт алды. Шаңғыға екінші рет оралуым 58 жасқа толғанда. Спортты қойғасын белде құяң пайда болды. Сонымен күресу, буындағы жиналған тұзды тарату үшін қайта шұғылдануға тура келді. Содан бері жалғастырып келемін. Шаңғымен жалғыз да, достармен бірге де жүгіріп тұрамын, — дейді қарт шаңғышы.

Бұл жерде Валерий Григорьевтің мәре сызығын қатысушылардан озып келіп қиып, бірінші  орын алғанын атап айтуымыз керек.

Серіктестік ұсынған сыйлықтар

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді жарыс ұйымдастырушылар «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бағалы сыйлықтары, дипломдары мен медальдары күтіп тұрды. Марапаттау кезінде жеңімпаздарға жүлделерді  «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы  Абай Балманов, «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Айгүл Нүркеева, спорт ардагері Владимир Кореньков «Ақтөбе Медиа» ЖШС кәсіподағы комитетінің төрағасы Аманқос Орынғалиев және «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторының орынбасары Мирал Жармұхамбетов тапсырды.

Жарысқа қатысушылар қысқы спорт түрін ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Олардың көпшілігі жарысқа қатысқандарын жеңіске теңеді. Өйткені бұл күнгі жарыс олардың бір-бірімен кездесуіне, өзара пікір алысуларына, сайыста күш сынасуына мүмкіндік берді.

Мәселен, Қарғалы ауданынан қатысып, үлкендер арасында күш сынасқан 68 жастағы Анатолий Круц үшінші орын алған еді. Күтпеген жерден ол жарысты ұйымдастырушыларға сөз арнады:

— Мен «Актюбинский вестник» газетінің 90 жылдығы құрметіне ұйымдастырылған жеңіл атлетика жарысына қатысқан едім. Енді осы газеттің 100 жылдығы құрметіне өтетін жарысқа да қатысқым келеді. Шақырыңыздар! — деді.

Әрине, тек Анатолий Петрович емес, осы газеттің мерейтойы құрметіне ұйымдастырылатын жеңіл атлетикадан өтетін жарысқа барлық спорт сүйетін қауымға қатысуға мүмкіндік берілетіні даусыз.

Өйткені мұндай шаралар алда да жалғаса бермек.

 Ж.МАҚСҰТОВ,

А.ШҰҒАЕВ.

Суреттерді түсірген Хайреден РАУШАНОВ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*