Басты бет » Денсаулық » Облыстық жедел жәрдем бекеті ашылды

Облыстық жедел жәрдем бекеті ашылды

Ақтөбе қаласының  Батыс-2 ауданында орталықтандырылған облыстық  медициналық жедел жәрдем бекеті ашылды. Бұл шара облыстың жедел жәрдем қызметінің елу жылдығына орай ұйымдастырылды. Ғимараттың ашылуына  облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, республикалық санитарлық авиация орталығының  директоры Нұржан Отарбаев, түркиялық инвестор Абдуррахмен Кавунджу, Орынбор облысының денсаулық сақтау министрі Галина Зольникова қатысты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналғандарды жедел жәрдем қызметінің елу жылдығымен және бекеттің ашылуымен құттықтады.

Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі негізінде бұндай жоба Қазақстанда бірінші рет жүзеге асып отыр. Орталықтандырылған бекет қызметі тұрғындардың сапалы көмек алуына мүмкіндік береді. Қазір жедел жәрдемге қатысты тұрғындар тарапынан шағым көп. Көпшілігі көліктің уақытында келмейтінін айтады. Ал заманауи үлгіде салынған бекет осы олқылықтарды жояды, — деген облыс басшысы ғимаратты салған түрік компаниясының өкілдеріне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Нұржан Отарбаев бұл жобаның ел медицинасының дамуы үшін маңызы зор екенін айтты.

Облыс әкімі бірқатар жедел жәрдем қызметінің дәрігерлеріне Алғыс хат пен арнайы сыйлық тапсырды. Ғимараттың лентасы салтанатты түрде қиылған соң, қонақтар ішін аралап көрді.

Іргетасы 2016 жылы қаланған  шұғыл медициналық көмек бекеті үш қабатты корпустан және екі блоктан тұрады. Жалпы аумағы — 4133,2 шаршы метр. Ақтөбе қаласы бойынша жедел жәрдем қоңырауының барлығы  осы орталыққа түседі. Барлығы осы жерде басқарылады. Жалпы ғимараттың  басты ерекшелігі — Е-форматты аналитикалық, ақпараттық және диспетчерлік басқару жүйесімен жарақталуында. Қазір бұл жерде  34 машина бар. Сонымен қатар «Call center» арқылы барлық қоңыраулар қабылданып, көліктерге жіберіліп отырады. Әрбір дәрігер планшет арқылы көліктің қай маңда жүргенін көре алады. Сондай-ақ бекетте 15 көлік сиятын автотұрақ пен тікұшақ қонатын да арнайы жер бар. Жалпы облыстың жедел жәрдем қызметі түрік компаниясына сегіз жылға жалға берілген болатын. Түріктің «Первая помощь» ЖШС-ның  директоры Бақытжан Түрметовтың айтуынша, осы уақыт ішінде 5 миллиард 400 миллион теңге инвестиция салынбақ. Бұл қаржының 2 миллиард 400 миллион теңгесіне құрылыс жұмыстары жүреді. Орталықтандырылған бас корпустан бөлек қаланың үш ауданынан қосалқы бекеттер салынады. Жедел жәрдем қызметін дамыту үшін 3 миллиард теңге бөлініп жатыр. Қазір оның 1 миллиард 200 миллион теңгесіне 16 «Мерседес Бенц» көлігі алынып, тұрғындарға қызмет көрсетуде. Сегіз жылдың ішінде салынған инвестиция игеріліп болады. Сонымен қатар шетелден келген мамандар жергілікті дәрігерлерді оқытады.

Облыс басшысы мен сырттан келген қонақтар ғимараттың ішін аралап, жедел жәрдем көліктерінің қызметімен танысқан соң, өзара тәжірибе алмасуға арналған  конференцияға қатысты. Ресейден келген мамандар облыстың жетістіктеріне таңданыстарын жасырмады. Алдағы уақытта екі облыс арасында ынтымақтастық дами беретіндерін айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*