Басты бет » Денсаулық » Өзіңді туберкулезден қорға!

Өзіңді туберкулезден қорға!

Құрт ауруынан қалай сақтануға болады? Аурумен күресуге облыс медицинасының мүмкіндігі қандай? Бұл туралы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің және облыстық білім басқармасы, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері қатысқан жиында айтылды.

Туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Ерлан Тәтімовтің айтуынша, аталған аурумен  күрес жұмыстары соңғы жылдары жүйелі жүргізіліп жатыр.  Науқас адамдарды мемлекет тегін емдеп, жазады. Аз қамтылған отбасы мүшелері мен тәртібі нашар науқастардың, ішімдік пен нашақорлыққа салынған азаматтардың  жүйелі ем алуына, олардың толық айығып кетуіне бірінші кезекте назар аударылады. Қазіргі таңда осындай науқастарды емдейтін облыста екі мемлекеттік емес мекеме бар. Сондай-ақ сырт мемлекеттерден келетін азаматтар да қатаң бақыланады.

Бас дәрігердің айтуынша, қазір туберкулезді бастапқы сатысында анықтау үшін бактериоскопиялық, автоматтандырылған BACTEC аппараты мен жоғары деңгейде жетілдірілген молекулярлы-генетикалық Хайн-тест, Gen-Xpert аппараттары қолданылады. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласындағы №2 емхана мен аудандарда барлығы  10 Gen-Xpert аппараты бар. Аталған аппарат  зертханаға әкелінген патологиялық материалдардан екі сағат  ішінде туберкулез таяқшасының бар-жоғын және бар болған жағдайда  емдеудегі ең қажетті дәріге сезімталдығын анықтайды.

— Жыл сайын бұл ауруды неғұрлым тиімді емдеудің тәсілі анықталып жатыр. Мәселен, бұрын науқастар 22-24 ай емделсе, қазір әрбір науқасқа жеке ем тағайындалады. Қазір қырық науқас қысқартылған тәсілде ем алып жатыр. Олар 9-11 айда емін толық алып болады. Ал 72 науқасқа жеке емдеу тәсілі қолданылуда, — деді Ерлан Тәтімов.

Оның айтуынша, әрбір адам денсаулығына немқұрайлы қарамағаны жөн. Денсаулығында қандай да бір өзгеріс байқалса, дереу дәрігерге қаралғаны дұрыс.

Жиында басқарма мен департаменттерден келген өкілдер аталған аурудың алдын алу мен оған қарсы күрес жұмыстары жөнінде баяндама жасап, алға қойған жоспарларын айтты. Балаларды аталған аурудан сақтандыру, онымен күрес  жұмыстары сөз болды.

Облыс бойынша  24 ақпан мен 24 наурыз аралығында «Өзіңді туберкулезден қорға!» атты айлық өткізіледі. Шара аясында фтизиатр дәрігерлер мекемелер мен ұйымдарға барып кеңес береді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*