Басты бет » Әкімдер есебі » Сұрақтар мен жауаптар

Сұрақтар мен жауаптар

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев есепті баяндамасынан кейін тұрғындардың сауалына жауап берді. 

 Ғалым Дәулеталин, облыстық ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Облыста 92 мыңнан астам адардагер бар. Соның 60 мыңға жуығы Ақтөбе қаласында тұрады. Сондықтан қаламызда Ардагерлер үйін салып беруіңізді сұраймын.

Бердібек Сапарбаев:

— Бұл — біз үшін белгілі мәселе. Алдымен балаларға, жарымжан жандарға көмек береміз. Содан кейін ғана Ардагер үйін саламыз. Бұл жоспар біздің ойымызда бар. Емхананы босатып, оны Ардагерлер үйі деп жабдықтауға болады. Алайда қалада емхана да жетіспейді. Бұл — алдағы жылдардың жоспары.

Еламан Байғозин, «Ақтөбе Қайырымды жандар» еріктілер тобының белсенді мүшесі:

Сіз Ақтөбе өңірін алдағы 10 жылда қалай елестетесіз және қандай жоспарларыңыз бар?

Бердібек Сапарбаев:

— Биылға орындалатын жоспардың негізгісін өз баяндамамда айттым. Жалпы жасалып жатқан жұмыстар әрмен қарай жалғасын табады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе Қазақстандағы төртінші қала болуы керек. Ақтөбе — еліміздегі агломерацияға айналатын төртінші өңір. Сондықтан келешекте Ақтөбе Қазақстанның төртінші қаласы болмақ. Былтыр «Ақтөбе — құтты мекен» акциясын бекерден-бекер жариялаған жоқпыз. Ақтөбенің құтты мекен болуға барлық мүмкіндігі бар.  Себебі, Ақтөбенің тарихы, халқы, жағдайы бар. Егер осының барлығын біз бірігіп пайдалансақ, онда 7-8 жылдан кейін Ақтөбе нағыз құтты мекенге айналады деген ойдамын.

Салтанат Сәдуова, «Алтын алқа» иегері:

Ақтөбе қаласында тұрамын. Сегіз бала тәрбиелеп өсірдім. Отбасымда үш мүгедек жан бар. Жолдасым — екінші топ мүгедегі, ал екі балам Ақтөбе қаласындағы №7 арнаулы мектепте оқиды. Әкімдік тарапынан бір бөлмелі үй берілді. Баспанамда ешқандай жағдай жоқ. Қазір 13,8 шаршы метр аумақта жеті адам тұрып жатырмыз. Ұлым Шерхан Тасболатов жоғары оқу орнында ақылы түрде оқиды. Отбасы жағдайым өте ауыр.

Бердібек Сапарбаев:

— Қазір Ақтөбе қаласында 24 мыңнан астам адам пәтер алу кезегінде тұр. Пәтер Заңға сәйкес беріледі. Екіншіден, Қазақстанның Заңына байланысты жеңілдік беретін санаттар бар. Егер сол санатқа көп балалы аналар кіретін болса, олардың кезегі өз алдына бөлек. Ол кезде пәтер соған сәйкес беріледі. Мен сіз туралы білемін. Ауданнан көшіп келіп, баспана сұрадыңыз. Былтыр сізге көп балалы ана ретінде бір бөлмелі пәтер берілді. Қалғаны кезегіңізге сәйкес болады. Балаларды ақылы оқыту жөнінде түсініспеушілік бар. Көп кездесуде ата-аналар: «Менің балам ақылы оқиды, соған зейнетақымды төлеп жатырмын, енді қалай күн көремін», — дейді. Мен оған былай деп жауап беремін: «Ол үшін бала жақсы оқуы керек. Жақсы оқыған бала ешуақытта ақылы оқуға түспейді. Біздің кемшілігіміз — ата-аналар баланың оқуына, тәртібіне, оның мәдениет пен өнерге, спортпен айналысуына мән бермейміз, қарамаймыз.  Мектеп бітірген соң «әйтеуір диплом алсыншы» деп, ақылы оқуға түсіреміз. Содан кейін «балам ақылы оқып жатыр», — дейміз. Пәтер алу жайын жаңа айттым. Сондықтан, балаңызды жақсы оқытыңыз, сонда келесі жолы оның оқуына ақша төлемейтін боласыз.

Сембай Әбуов, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

Ақтөбе қаласындағы 312-атқыштар дивизиясы көшесінің бойында бірқатар әлеуметтік, өндірістік ғимараттар орналасқан. Бүгінгі таңда бұл көшенің бойымен бірде-бір қоғамдық көлік жүрмейді. Ең жақын аялдама — Тургенев көшесінде. Жаяу жүргіншілер «ҚазТрансГазАймақ» мекемесіне жету үшін теміржолды кесіп өтуге мәжбүр. Осы мәселенің оң шешім табуын сұраймын.

Бердібек Сапарбаев:

— Бұл — барлық ақтөбелікке ортақ мәселе. Қоғамдық көлік  — ақтөбеліктерді уайымдататын, қынжылтатын мәселелердің бірі. Ақтөбе қаласы халқын қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету үшін күніне ең кемі 450-470 автобус шығуы керек. Өкінішке қарай, қазір 300 автобус қана шығарылады. Ақтөбе қаласында жүзден аса автобус бағыты бар. Бірақ қандай автобустар шығатынын өздеріңіз жақсы білесіздер. Біз бұл мәселеге қатысты бір емес, бірнеше рет жауап бердік. Өткенде Ақтөбе қаласы әкімінің есебінде де бұл мәселелер айтылды. Бұл мәселені қолға алып, шешеміз. Мұның себебі — 2015 жылдың басында «Автопарк» компаниясы негізгі маршруттар бойынша ұтқан. Кәсіпорын иелігіндегі автобустардың түрін білесіздер. Қазір біз бұл компанияға автобустарды жөндемесе, нарықтан шығу турасында талап қойдық. Жақында «Автопарк» компаниясы тағы 20 орташа және шағын көлемдегі техникалар алған. Бірақ олардың қандай мәселені шешетінін біз білмейміз. Бұл компанияға жұмысты реттеу турасында мерзім берілді. Егер талапты орындамаса, нарықтан ығыстырылып, орнына басқалар келеді. Үкіметтің қолдауымен, «Бәйтерек»  компаниясының ықпалымен жақын күндері қаламызға  70 жаңа автобус аламыз. 312-атқыштар дивизиясы көшесіне көлік жіберу мәселесіне қатысты Ақтөбе қаласының әкіміне тапсырма беремін.

Жас жігіт:

Соңғы кездері жұмысшылардың еңбекақысын көтеру мәселесі жиі айтылып жүр. Былтыр сіздің ықпалыңызбен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» кәсіпорны мекемесі жұмысшыларының жалақысы өсірілді. Енді басқа компанияның басшылары бұл  мәселені неге қолға алмай жатыр?

Бердібек Сапарбаев:

— Өте дұрыс қойылған сұрақ. 2016 жылдан бастап біз екі ай бойы Ақтөбедегі барлық кәсіпорынның жиналысына қатысып, басшының есебін тыңдаймыз. Ұжымдық келісімшартты жүзеге асыру, ондағы міндеттемелердің орындалу барысы тыңдалады. Оларға қоятын негізгі тапсырмаларымыздың бірі — жалақыны өсіру. Биыл да бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі таңда облыстағы кәсіпорындардың 88 пайызында жалақы 10-15 пайызға өсірілді. Қалған компаниялармен де бұл жөнінде жұмыс жүріп жатыр. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы орташа жалақыны 15 пайызға өсірді. Кәсіпорындарда жалақыны көтеру туралы мәселені бірінші тоқсанда толғымен орындау турасында тапсырма берілді.

Арыстан Аймағанбетов, ардагер журналист:

— Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтің есімі көлеңкеде қалып бара жатыр. Ақтөбеде Шығанақ атамыздың ескерткіші жоқ, тек бюсті бар. Оның өзі бір үйдің көлеңкесінде тұр. Батыс елдерінде бюстті жерленген жерге қояды екен. Ақтөбенің айбынды көшесінің бойына Шығанақ Берсиевтің ескерткіші орнатылса деймін. Әрі әйгілі диқаншыға арналған ескерткішті Астанада да орнатуға ұсыныс білдірсеңіз деймін.

Бердібек Сапарбаев:

— Ұсынысыңызды ескереміз. Ең негізгісі — сең жүрді ғой. Шығанақ Берсиев туралы жұмыс басталды, әрі қарай жалғастырамыз.

Төлеген Жұмабаев, Байғанин ауданынан (онлайн түрде):

— Байғанин ауданы бойымен өтетін теміржолда төрт ірі елді мекен орналасқан. Осы елді мекендер арқылы бұрын Шұбарқұдыққа қатынайтын пойыз жүріп тұрған еді. Соңғы кезде бұл пойыз тоқтап қалды. Енді бұл пойызды Қандыағаш, Ноғайты бағытымен жүргізуге мүмкіндік бола ма?

Бердібек Сапарбаев:

— Бұл мәселені біз білеміз. Пойыздың бұл бағыттарға қатынауы республикалық мекемелерге байланысты. Қазір біз «Қазақстан темір жолы» компаниясымен жұмыс жасап жатырмыз. Әрі қарай жұмысты жалғастырамыз.

Владимир  Евстратов, Қарғалы ауданындағы «Интер Агро» ЖШС директорының орынбасары (онлайн түрде):

— Петропавловка елді мекенінде Қарғалы өзені бойындағы су тоғандарын кеңейту жұмыстарына ықпал етуіңізді сұраймын. Егер осы жобаны жүзеге асырсақ, суармалы жер көлемін кеңейтуге мол мүмкіндік бар.

Бердібек Сапарбаев:

— Өте жақсы сұрақ. Суармалы жер көлемін ұлғайту турасында мен әрдайым айтамын. Қарғалы ауданында бұл жұмыстарды жүзеге асыру жоспары бізде бар. Біз бірінші кезекте облыстағы 3 ірі суқоймасы мен ірі өзендердің мүмкіндігін пайдалануымыз керек. Биыл конкурс өтті, қорытындысы белгілі болды. Бірінші траншпен 8 миллиард теңгеге жуық қаражат аламыз, соның негізінде жұмысты бастаймыз. Өзіңіз айтқан аумақ атқарылуға тиіс шаралардың қатарында бар. Себебі, барлық ауданға бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруда жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, мемлекеттік сараптама алу үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаражат қарастырдық.

Жандос Ұзақов, Ақтөбе қаласы Қурайлы ауылының тұрғыны:

— Өткен жылы көктемгі тасқында баспанасыз қалған едік. Сіздің бастамаңызбен, халықтың қолдауымен тасқыннан зардап шеккен отбасылар үшін Қурайлы ауылынан жер бөлініп, баспана тұрғыздық. Сол үшін бір топ тұрғынның атынан алғысымды білдіремін. Қазір Қурайлы ауылы тұрғындары үшін ортақ мәселе — қоғамдық көліктің жеткіліксіздігі. Ауылға қоғамдық көліктің тұрақты жүруі үшін бұл мәселені шешіп беруіңізді сұраймын.

Бердібек Сапарбаев:

— Біріншіден, су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсеткені үшін  барлық ақтөбеліктерге, әсіресе кәсіпорын, компания басшыларына, кәсіпкерлерге алғыс айтамын. Оның ішінде, Сұлупан, Гүлбаршын, Күлшат бастаған қыздарымызға ерекше алғыс білдіремін. «Қолғанат Ақтөбе» қоры құрылды. Қорға 270 миллион теңгеге жуық қаражат түсті. Сол қаржының есебінен 100-ге жуық тасқыннан зардап шеккен ақтөбелікке пәтер, жер алынды. Қазіргі таңда Қурайлы ауылында тасқыннан зардап шеккендер үшін 70 үйдің құрылысы аяқталды. «Ақбұлақ», «Трансэнерго», «ҚазТрансГазАймақ» секілді кәсіпорындар өз есептерінен сол аумаққа инфрақұрылым тартты. Бүгінгі күні жол мәселесі шешіліп жатыр. Осындай үлкен жұмыстар жасалған кезде, қоғамдық көлік мәселесі де шешілетін болады.

Бегендік Айтқұлов, облыстық төтенше жағдайлар департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Соңғы кездері облыс орталығында, оның ішінде қаланың жаңа аудандарында көпқабатты үйлердің сыртын бояу, көшені безендіру жұмыстары жақсы қолға алынған. Осындай игі шаралар қаланың ескі бөлігінде де жүргізіле ме?

Бердібек Сапарбаев:

— Қаланы безендіру, көркейту бағытындағы жұмыстар Ақтөбенің барлық шағын ауданында жүзеге асырылатын болады. Көпқабатты үйлерді безендіру жұмыстарын былтыр жыл аяғында бастадық. Бірінші кезекте, қаланың Мәскеу ауданындағы ескі үйлерді бұзып, орнына жаңадан зәулім үйлер саламыз. Алдағы уақытта мұндай жұмыстар өз жалғасын табады.

 Мұханбет Еңсепов, зейнеткер:

— Былтыр республикада тұңғыш рет «Туған жер» форумы Ақтөбеде ұйымдастырылды. Әлемнің әр түкпірінен келген жерлестеріміз өздерінің туған жерге деген сағынышын көрсетіп, жомарттығын дәлелдеді. Енді сіздің осы бастамаңыз  аудандарда жалғасын тапса деген ұсынысым бар. Себебі, Шалқар ауданынан шыққан өнерпаздар да, спортшылар да, атақты адамдар да баршылық. 

Бердібек Сапарбаев:

— Өте дұрыс көтерілген мәселе. Аудан әкімдері, менің орынбасарларым тыңдап отыр. Оларға тапсырма берілген. Әрине, облыс орталығында ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар аудандарда жүзеге асырылуы керек. Екіншіден, былтыр «Туған жер» акциясына байланысты жүргізілген іс-шара әрмен қарай өз жалғасын табуы қажет. Бұл — сыртта жүрген жерлестерімізге керек емес, бізге керек. Олар осы жерге неғұрлым көбірек келіп, көбірек кездесулер өткізіп, насихаттау жұмыстарын жасап, қолынан келген көмегін көрсетсе, онда біз жаман болмаймыз.

 Нығметбай Ермаханұлы, жеке кәсіпкер:

— Облыс көлемінде игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы жерінің қай ауданда, нақты қай жерде қанша гектары пайдалануға берілді? Екінші мәселе — «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің бойындағы Қарлау, Белқопа сынды елді мекендер, Елорда бағытында Аралтөбе, Талдысай аталатын ауылдарда газ да, жол да жоқ. Мына беттегі Бегалы ауылының тұрғындары да осы күйді кешіп отыр. Қасындағы Қызылсу ауылының барлық әлеуметтік мәселесі шешілген. Осы мәселеге байланысты қандай шаралар атқарылып жатыр?

Бердібек Сапарбаев:

— Облыста жыл сайын егіндіктің көлемін 90-100 мың гектарға көбейтіп жатырмыз. Мұны пайдаланбай жатқан жерлерді қайтарып алудың негізінде жүзеге асырып отырмыз. Прокуратура, соттың көмегімен жылына 300-400 мың гектар жерді қайтарамыз. «Қайсар», «Сақа» деген фирмалар кезінде 20-30 мың гектар жерді алып, 10-20 жыл пайдаланбай отырғандары бар. Осы жұмыстардың барлығы аудандарда да жүріп жатыр.

Біз ең бірінші кезекте ауданаралық, аудан мен облыстың арасын қазіргі заманның талабына сай қамтамасыз етуіміз керек. Ал кішкентай ауылдардағы жол мәселесін  ретіне қарай көреміз.  Қазір Ақтөбе мен Атыраудың арасындағы жол құрылысы салынып жатыр. Бұл істі үш компания жүзеге асырып жатыр. Олардың басшыларымен біздің арада келісім бар. Яғни, біріншіден — жұмысқа жергілікті адамдарды тарту, екіншіден — жергілікті материалдарды пайдалану, одан кейін жол бойындағы ауылдардың әлеуметтік мәселесін шешуге ат салысады. Егіндібұлақ ауылы туралы айтсам, еш жерде бірде-бір адамға тегін газ, су, жарық берілмейді. Берілсе — ол заңсыз. Егер біреу қалтасынан төлеп берсе, жасасын. Қызылсу ауылындағы 220 орындық мектепте қазір 140 бала білім алады.  Биыл балаларға жыл бойы жұмыс жасайтын 4 лагерь салынады. Соның бірі — осы Егіндібұлақ ауылында тұрғызылады. Ойыл мен Қобда, Темір ауданының балалары үшін сол лагерь жыл бойы қызмет көрсетеді.

Анар, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Коммуналдық қызметтердің өсуіне байланысты тұтынушыларға қандай жағдай жасалып жатыр?

Бердібек Сапарбаев:

—Тариф тұрғындардың сапалы, уақытында барлық коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етілуі үшін жасалған. Ақтөбе қаласында су құбырлары да, жылу құбырлары да әбден тозған. Коммуналдық желілердің тозуын пайызға шаққанда, Ақтөбе ең жоғары көрсеткіште тұр.  Біз бұл мәселені реттеуде тек тарифті ғана көтермейміз, инвестиция салып, коммуналдық құрылымдарды түгел тартып жатырмыз. Біз тарифтің негізсіз өсуіне жол бермейміз. «Автопарк» мекемесі әлсін-әлсін жолақыны көтеру турасында ұсыныс білдіреді. Біз оған рұқсат бермейміз. Себебі, олар ең бірінші кезекте тұрғындарға жайлы жағдай жасауы керек. Ол үшін арнайы қоғамдық тыңдаулар жүргізіледі, депутаттар тыңдау жүргізеді. Міне, осындай жұмыстардың қорытындысына байланысты ғана тариф көтеруге мүмкіндік беріледі.

Аралбай, Темір ауданы Шұбарши ауылының тұрғыны (онлайн түрде):

— Ауылда 320 орындық мектеп бар. Сол мектепте 900-ге жуық бала оқиды. Мектеп балаларға тарлық етіп тұр. Алдағы уақытта Шұбарши ауылында мектеп-интернат салуға ықпал етуіңізді сұраймын

Бердібек Сапарбаев:

— Шұбарши ауылына мектеп саламыз. Бүгінгі күні барлық құжаттары әзірленген. Қаражат мәселесі шешілсе, мектеп құрылысы биыл басталады, ал шешілмесе, келер жылы міндетті түрде Шұбаршида мектеп салынады.

Ғанибек Сұлтанов, Шалқар ауданының тұрғыны (онлайн түрде):

— Шалқар көлін тазарту мәселесі қашан қолға алынады?

Бердібек Сапарбаев:

— Шалқар көлі мәселесіне қатысты жақында сіздерде кездесу өткіздік. Кездесуге барлық құқық қорғау органдары өкілдері қатысты. Сол кезде де айтқан едім, тағы қайталаймын. Қазір бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл іс көп қаражатты керек етеді. Кемі 5-6 миллиард теңге қаржы керек. Қазіргі таңда тиісті құжаттар әзірленіп жатыр. Үкіметпен бірлескен жұмыс атқарылып жатыр.

Бекарыстан Мырзабаев, өлкетанушы:

— Ұзақ жылдар шешілмей келген облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылысы аяқталуға жақын. Қазір музей қызметкерлері жаңа ғимаратқа лайықтап жаңа экспозицияларды әзірлеп жатыр. Сізден өтініш, жаңа экспозицияларды жаңа талапқа сай жасақтау үшін, жаңа техникалармен жабдықтауға көңіл бөлсеңіз екен.  Екіншіден, өткен жылы Ақтөбеде «Туған жер» форумына қатысқан жерлесіміз ғалым Алдан Сапарғалиевтің бірнеше жаңа инновациялық ғылыми жаңалықтарын шетел ғалымдары жоғары бағалап отыр. Сол жаңалықтардың бірі — жаңа типті көп векторлы электр двигателі. Былтыр күзде жаңалықтың ғылыми-теориялық есептері Қазақстан Республикасы Техникалық даму Ұлттық агенттігінде тәжірибелік зертханада дәлелденді. Ақтөбенің ғана емес, бүкіл еліміздің экологиялық ахуалын сауықтыруға арналған ғалымның осы жаңалығын қолдауға мүмкіндік жасасаңыз деймін.

Бердібек Сапарбаев:

— Музей экспонаттарына байланысты қаржы қарастырылған. Сессияда қабылданады, ал ар жағын тағы да көреміз. Музей қызметкерлеріне, басшысына өзіміздегі, басқалардағы экспонаттарды жинау жайында тапсырма берген болатынмын.

Сапарғалиевтің жаңалығына қатысты айтар болсам, біз әруақытта айтамыз, егер біздің жерлестеріміз тарапынан, әсіресе техника жөнінен жақсы ұсыныстар болса, онда біз мұндай істі қуана қолдаймыз. Егер ғалымның шығарған жаңалығы қазіргі талапқа сәйкес келетін болса, әрине, біз оны қабылдаймыз. Бұл туралы мен орынбасарым Қайрат Бекеновке тапсырма беремін. Шақырып сөйлесуі керек және ұсынысын зерттеуі қажет.

P.S. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың есепті кездесуінің 1 сағат 30 минуты тұрғындар сауалына жауап беруге арналған еді. Алайда, аймақ басшысына тұрғындардан сұрақ көп түсті. Сауалдар жазбаша, әлеуметтік желі арқылы да жолданып жатты. Бердібек Машбекұлы кездесуді қорытындылаған сөзінде тұрғындардан түскен бірде-бір сауалдың жауапсыз қалмайтынын айтты. Ол барлық сауалға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жауап бермек.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*