Басты бет » Әкімдер есебі » Ұсыныстар мен тілектер

Ұсыныстар мен тілектер

Алтай Тайжанов, облыстық кеңестің мүшесі, профессор:

— Облыс әкімінің есебін тыңдадық. Көп нәрсені бұрында да білетін едік, біраз жайға бүгін де қанықтық. Алда атқарылатын істер де жан-жақты баяндалды. Соңғы жылдары біздің халқымыздың әлеуметтік жағдайы жақсарып, экономикасының өскендігін, бүгінгі кездесу өтіп отырғандай салтанатты ғимарттардың көбейгендігін және мұның бәрінің халқымыздың игілігі үшін жасалып жатқанын көріп отырмыз. Бұның барлығы біздің  халқымыз үшін, соның әл-ауқатын жақсарту үшін жасалып жатқан игілікті істер. Сондықтан да облыс әкімінің бүгінгі халыққа берген есебі көпшілікті толық қанағаттандырады деген ойдамын.

Алайда облыс әкімінің өзі атап айтқандай, бізде кемшіліктер де жоқ емес, атқарылатын істер де, жетістіктер де бар.

Менің айтайын дегенім, соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарында, көп жағдайларда, күнделікті өмірден таңның атысы, күннің батысы бірыңғай кемшілік іздеп жүретіндей, соның бір көлеңкелі жақтарын көрсету сынды істер етек алып бара жатыр. Менің ойымша, жағымды іс емес.  Әрине, сын болу керек, сын шын болу керек. Сонымен бірге, облыстың жетістіктерін де, қол жеткізіп жатырған игілікті істерін де айту керек. Тұрғындар облыс әкімінің баяндамасын қол соғып, қуаттады. Сондықтан менің айтайын деген тілегім, біздің халқымыз мынаны түсіну керек, өнер де, бұқаралық ақпарат құралдары да тек хабарлаушы емес, халықты тәрбиелеуші. Көп жағдайларда олар ақиқатты дұрыс жеткізбей, жасандылыққа ұрынып  жатыр. Ал мұны көпшіліктің бәрі бірдей аражігін айырып, ұғына бермейді. Әсіресе, жастардың мұны ажырататындай өмірлік тәжірибелері жоқ. Сол себептен біз бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болайық, ұстаздар болайық, өзіміздің еліміздің, өзіміздің мекеніміздің басқа жерлерден кем болмағанын қалаймыз. Егер біз қазіргі қойылып жатқан мақсатқа сай, Ақтөбені ақылды қалаға айналдырамыз десек, рухани мәдениетін көтереміз десек, ақпарат құралдарының  да мәдениетін көтерейік. Осы жағына көңіл аударса деген менің жалпы көпшілікке айтар тілегім бар.

Гүлмира Сражова, қалалық сал ауруларына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы жетекшісінің орынбасары:

— Облыс әкімінің есебіне біздің орталықтың да өкілдері қатысып отыр. Біз бүгінгі күні тек облыс басшысы емес, әрбір азамат өзінің атқарған ісіне есеп беруі керек деп ойлаймыз. Мемлекет тарапынан халыққа, соның ішінде мүгедек жандарға да барлық жағдай жасалынып жатыр. Соның арқасында біз де өзіміздің жұмысымызда бірқатар жетістіктерге жеттік.

Мемлекет тарапынан бізге беріліп жатқан әлеуметтік жәрдемақы бізге көрсетіліп отырған қамқорлық деп есептейміз, солай ұғынамыз. Сондықтан да осыны сезіне отырып, өзіміз де барынша еңбек етуге, қоғамдық белсенді өмір сүруге,  тұрмыс, мәдениет, спорт салаларына үлес қосуға барымызша тырысып бағамыз. Өз күнімізді басқалармен тең дәрежеде көруге ұмтылып келеміз.

Біздің айтарымыз, бүгінде қоғамда тәрбие жұмысының ең бастапқы сатысынан бастап, мына ұғымды санаға мықтап сіңіру керек. Яғни мемлекет — бұл түпсіз, шексіз донор емес, мемлекет әрбір азаматтың әл-ауқатпен өмір сүруіне жағдай жасайтын қамқоршы деген пікірге қосыламыз. Мұны біз мүгедек жандар болсақ та жақсы түсінеміз және облыс әкіміне шынайы рақметімізді айтқымыз келіп отыр.

Аслан Әбуов, жастар атынан:

— Облыс әкімінің есебін тыңдап, атқарылған шараларға, алда жасалатын істерге көз жеткізіп, іштей қуандық, сол үшін жастар атынан алғысымды білдіремін. Қазақта сөз бар «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген.

Менің бұл жерде айтайын дегенім, облыс әкімі әрдайым жастарға қолдау көрсетіп келеді. Қаламызда жастар баратын, демалатын орындар көбейіп келе жатыр. «Елдің ертеңі — білікті жастар» деген сөз бар, халық осылай дейді. Сол білікті, дарынды, көкірегі идеяға толы жастардың өздерін көрсетулеріне барлық жағдай жасалған. Сондықтан да бұған жастардың айтар алғысы шексіз.

Базаргүл Жамалова, аналар атынан:

— Облыста аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты аналарға, яғни бала мен анаға ерекше қамқорлықтар жасалғанын біз көріп отырмыз. Қаламызда «Аналарға тағзым» орталығы салынып жатыр. Мұндай орталықтың болуы — біз сияқты ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға да үлкен қамқорлық. Балалары ауыр сырқатқа ұшыраған ата-аналар осы жобаға үлес қосып, қолдау көрсетті. Облыс әкімінің бастамасымен жүргізіліп жатқан бұл игі іске облысымыздың барлық ата-аналар қауымы белсене қатысады деп сенеміз.

Ұлан Сырғабаев, бірінші топтағы мүгедек:

— Осы бір ауыр жағдайға ұшырағаныма 10 жылдай болды. Өзімді өзім қамшылап, ауыр сырқатты жеңудің барлық шарасын алып жатырмын. Тоғыз жыл бойы үзбестен жаттығу жасап, дене тәрбиесімен шұғылданып келемін. Әрине, үйімде асып бара жатқан жаттығу құралдарым болмаса да, қолым жеткен дүниелермен әрекет жасап жатырмын. Бір рет Қытайға барып ем қабылдадым. Сол маған жәрдемдесті. Егер екінші рет барсам, аяғымнан тұрып кететіндей көремін. Алайда оған өзімнің мүмкіндігім келмейді, осыған, мүмкіндігіне қарай, қаражат жағынан жәрдем көрсетілсе деген тілегім бар.

Ырысбике Құрсаубаева, екінші топтағы мүгедек:

— Ұзақ жылдардан бері сырқаттанамын, бала жастан мүгедекпін. Сонымен байланысты әр жыл сайын қаладағы емдеу орындарында болып, ем қабылдап тұрамын. Қаладағы теміржол ауруханасында жылына екі, үш рет болдым. Биыл сырқатым ушығып жедел түрде ем қабылдау үшін қаладағы жедел жәрдем ауруханасына жеткізілдім. Тексеруден өтіп, біраз құжаттар жинау керек еді, оған уақыт болмай, кейбір анықтамалар толық қолымда болмады. Алға қаласында тұратын болғандықтан, ол құжаттарды қапелімде жеткізу де қиын еді. Мен Ақтөбе қаласының әуежай қалашығындағы медициналық орталыққа барып өтініш жасадым. Осы орталықтың дәрігері Айгүл Бижанова сырқаттанып тұрған менің жағдайымды түсініп, үлкен кісілік көмек жасады. Сол үшін де алғысымды осы үлкен жиында жеткізгім келеді.

Мен облыс басшылығының тарапынан облыс тұрғындарының денсаулығын жақсартуға байланысты көп жұмыстар жасалып жатқанын білемін. Өйткені сырқатыма байланысты емделу үшін көптеген мекемелерге баруыма  тура келеді. Сонда жүріп-тұруы шектеулі адамдарға жанашырлықпен қарайтын қамқор жандардың барлығына көзім жетті. Сол үшін алғыс айтқым келеді.

Гүлдария Қолғанатова, ана:

— Бала күннен мүгедекпін. Қазіргі таңда жолдасым, үш балам бар. Мен осы Ақтөбе қаласына әдейі көшіп келдім. Бұған дейін Байқоңыр қаласында тұрған едік. Ол жақта мұндағыдай  іс-шара болып жатқан жоқ. Бұрын көп естігендіктен, бұл жақтағы жақсылықтардың болатынына сеніп, қалап келдім. Қазіргі кезде жаңа қоныстан көрген жақсылығым көп. Облыс әкімі Бердібек ағаның халыққа көрсетіп жатқан  қызметі сүйсіндіреді, қаншама адамға жақсылық жасап, қамқорлық көрсетіп жатыр. Әрине, барлық нәрсе бірдей болуы да оңай болмас. Біз тұрғындарға көрсетіліп отырған қамқорлықтарға ризамыз.

Кәдірбай Бекмағамбет, еңбек ардагері:

— Облыс әкімінің есебімен алдын ала баспасөз бетінен танысқанбыз. Бүгін енді өз аузынан естідік.

Біз ақсақалдар облыстың аз уақыттың ішінде осындай жетістіктерге жетуінің сыры — облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың  халық арасында жиі болуы, халықтың мұң-мұқтажын тыңдай білуі, оны іс жүзіне асыруы деген бір баға қойдық.

Менің айтайын деген бір мәселем — облыстың батысында 6 миллион гектар жерді алып жатқан Байғанин ауданы туралы. Бұл өлкенің аумағында екі бірдей өзен, басқа да су көздері, бұлақтары бар. Кешегі кезеңде жарты миллионнан астам қой өсірген.

Бұл ауданнан шыққан даңқты адамдар аз емес. Менің осы ауданнан жұмыс бабымен осы қалаға келгеніме елу жылдан асты. Ауданнан шет жүрсем де мені мазалайтын мәселе — осы кешегі күні мыңғыртып мал өсірген, елге қажетінше ет берген бұл өлкенің қазіргі кезде өзінің әлеуетін толық көрсете алмай отырғаны.

Мұның себебі, бір кездердегі мал баққан ауылдардың көпшілік тұрғындары жан-жаққа тарап кетті. Бір кезде 42 мың тұрғын болса, қазір 23 мың адам қалды. Кейінгі жылдары бұл өңірдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, экономикасын нығайтуға байланысты облыс тарапынан біраз қамқорлықтар жасалғанын білемін. Әйтсе де алда да осы шалғай жатқан ауданды өркендетуге бағытталған тегеурінді шаралар қабылданса деген тілегімді жеткізгім келеді.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*