Басты бет » «Бақытты бала» » Ақтөбеде «Бақытты бала» жобасы басталды!

Ақтөбеде «Бақытты бала» жобасы басталды!

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен биылғы жыл Балалар жылы болып аталды. Осыған орай биыл жыл бойы облыста «Бақытты бала» жобасы жүзеге асырылады. Жоба аясында балалардың толыққанды дамуы үшін барлық жағдай жасалмақ.

 8 топтама, 4 млрд теңге  

Облыстық білім басқармасының деректеріне сүйенсек, «Бақытты бала» жобасы 8 топтамадан тұрады. Оларға жеке-жеке тоқталсақ.

1-топтама — Балалардың ІТ әлемі. Бұл бағыттың мақсаты — облыстағы білім беру ұйымдарын интерактивті құралдармен жабдықтау. Бұған биыл облыстық бюджеттен 450,5 млн теңге, аудандық бюджеттерден 363,3 млн теңге, сондай-ақ бюджеттен тыс 168,0 млн теңге бөлінбек. Нәтижесінде облыстағы 218 балабақша мен 339 мектеп қамтылады.

2-топтама — Сандық сауаттылық — мүмкіндіктер қалыптамасы. Бұл бағытта облыста балалардың шығармашылық қабілеттері мен инженерлік-техникалық ойлауын дамыту мақсатында бірнеше жоба іске асырылмақ. Атап айтсақ, облыстық бюджеттің қаржыландыруымен өңірдегі 30 мектепте 2-4 сыныптарға тәжірибе үшін «Бағдарламалау негіздері» атты факультативтік курстар өткізіледі. Сондай-ақ халықтың цифрландыруға қатысты сауаттылығын арттыру мақсатында семинарлар ұйымдастырылып, облыс көлемінде физика пәнінен «Қысқаметражды фильмдегі үлкен ғылыми идея» атты байқау өтеді.

3-топтама — Кедергісіз білім. Бұл бағыттың мақсаты — облыстағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту, тәрбиелеу үшін қолайлы жағдай жасау. Бұл бағытта биыл облыста туабітті мүгедек (ДЦП), аутизммен ауыратын балаларға арналған бірнеше сауықтыру орталықтары салынып, тірек-қимыл аппараттары сатып алынбақ. Сондай-ақ бір маусымда 100 баланы қамтитын спорттық-сауықтыру лагері ашылмақ.

4-топтама — Салауатты болашақ. Бұл топтама бойынша 160 балалар ойын алаңын,

облыс мектептерінің жанынан 70-тен астам спорт алаңын салу, қала және аудандардан шаңғы базаларын ашу, облыс орталығында құрылысы жүргізіліп жатқан аквапаркті пайдалануға беру, балаларға арналған онкогематология корпусы мен облыстық перинаталды орталықты, сондай-ақ 6 жасқа дейінгі балаларға арналған педиатр учаскелерін ашу қарастырылған. Бұл мақсатқа бюджеттен және бюджеттен тыс 1,830 млрд теңге қаржы бөлінеді.

5-топтама «Жарқын балалық шақ» деп аталады. Бұл топтама аясында 2018-2019 жылдары облыста жыл бойғы «Әсем» атты оқу-сауықтыру лагері салынбақ. Бұл жоба инвесторлардың көмегімен жүзеге асырылмақ. Жоба құны — 713,6 млн теңге. Сондай-ақ облыстық бюджеттің қаржыландыруымен лагерь жанынан оқу ғимараты салынады. Қаржылай шығын көлемі — 880 млн теңге. Сонымен қатар осы бағыт бойынша Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 ауданында «Білім саябағы» жасақталады.

6-топтама — Қосымша білім беруді дамыту. Бұл бағыт бойынша биылғы жылы облыста балалар мен жасөспірімдер шығармашылығына арналған фестиваль-байқау өткізіледі. Аталған байқауда талантты балалар үш кезең бойынша өзара сынға түседі. Бұл байқауды ұйымдастырудағы мақсат — талантты, дарынды балаларды іріктеу, оларға қолдау көрсету.

7-топтамада жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қамтылады. Бұл топтама «Жақсылық жасауға асығыңыз» деп аталады.

Бұл бағытта облыс көлемінде қайырымдылық шаралары өткізіліп, Балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлер тарапынан қолдау көрсетіледі.

«Бақытты бала — озық қоғамның кепілі» атты 8-топтамада балалардың игілігіне, олардың үйлесімді дамуына бағытталған «Мектеп-Отбасы-Қоғам» атты бірлестіктің жұмысын жандандыру көзделеді. Яғни, балаларды патриоттық сезімге, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, олардың рухани дамуына жағдай жасау, үш жақты жұмыстардың нәтижесінде жан-жақты білім мен тәрбие беру қарастырылады.

Айта кету керек, жоғарыда аталған 8 топтама бойынша жобаны жүзеге асыруға 4 млрд теңге қаржы қарастырылмақ.

«Ақтөбенің» анықтамасы

 Облыстық білім басқармасының деректеріне сүйенсек, бүгінгі күні облыста жалпы білім беретін 410 мектеп бар. Оның 77-сі Ақтөбе қаласында болса, 333-і — облыс аудандарында. Оларда 134 678 оқушы оқиды. Сондай-ақ облыс бойынша балабақшаларда 49 мыңнан астам бала тәрбиеленуде.

Биыл 20-ға жуық спорт алаңы ашылады

Бала — біздің болашағымыз. Сондықтан балаларға сапалы білім мен тәрбие беру, қолайлы жағдай жасау, оларды салауатты өмір салтын қалыптастыруға баулу — басты міндет. Осы орайда облыс әкімі жыл басында өткізген кеңейтілген мәжілісте Ақтөбе қаласы және облыс аудандары әкімдеріне алдағы екі жыл ішінде барлық ауылдарды спорттық алаңдармен жабдықтауды, аудан орталықтарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуды тапсырған болатын. Сондай-ақ, өңір басшысы 2020 жылға дейін үш ауысымдық және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешуді, облыста мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамтуды міндеттеді.

Бүгінгі күні облыста бұл бағытта қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, өткен жылы қаланың бірқатар аудандарында, сондай-ақ 4 ауылдық округте 17 заманауи спорт алаңы салынды. Қазіргі уақытта қала тұрғындарының спортпен шұғылдануы үшін көше және аула спорт алаңдарының желісін дамытуға ерекше назар аударылуда.

  • Биылғы жылы спорттық орындардың жетіспеушілігі мен басқа да мәселелерді шешу, тұрғындар мен балаларды спортқа тарту мақсатында облыс орталығында спорт алаңдарын салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылуда. Биыл Балалар жылында Ақтөбе қаласында 20-ға жуық хоккей қорабы, жаттығу алаңы салынады. Бұл алаңдарда балаларға қолайлы және қауіпсіз болу үшін барлық жағдай жасалады. Қазір мекемелер өзара бірлесіп, жұмыс жасап жатыр, — дейді Ақтөбе қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончаров.

Оның айтуынша, салауатты өмір салтын қалыптастыру, балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына кеңінен жол ашу — бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Ақтөбе қаласында 500-ден астам спорттық ғимарат бар.

Авиа үлгілеу кордодромы салынады

Бүгінгі күні балаларға жан-жақты қосымша білім берудің маңызы зор. Қосымша білім берудің әртүрлі бағыттары өнердің барлық салалары арқылы оқушы дүниетанымын кеңейтіп, оларды шынайылық пен әсемдікті сезіне білуге, халықтық қолданбалы өнер, ұлттық музыка және театр өнерін жаңғыртуға, шығармашылық ізденістерді ынталандыруға баулиды. Бұл бағытта біздің облыста жұмыс жасайтын орталықтар аз емес. Атап айтсақ, өткен жылы ашылған Шығармашылық академиясы мен «Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйі, қалалық Оқушылар сарайы, Ақтөбе қалалық техникалық шығармашылық орталығы, т.б.

Осылардың ішінде 6-18 жас аралығындағы балалар мен жастарға мектептен тыс қосымша білім беруге арналған Шығармашылық академиясы — бүгінгі күні облыс орталығындағы заманауи үлгіде салынған орталық. Мұнда бүгінгі күні 40-қа жуық үйірме, 200-ден астам топ жұмыс жасайды. Орталықта 4 мыңға жуық бала ғылыми және шығармашылық жұмыстармен айналысып, өздерінің ақпараттық технологиялар саласындағы қабілеттерін дамыта алады.

Биылғы жылы «Бақытты бала» жобасы аясында Шығармашылық академиясы ғимараты жанынан авиа үлгілеу кордодромы және автоүлгілеу жолы салынады. Бұған бюджеттен және бюджеттен тыс 50,0 млн теңге қаржы қарастырылып отыр.

Авиа үлгілеу кордодромының жалпы алаңы 550 шаршы метр болса, автоүлгілеу жолының алаңы — 350 шаршы метр.

Орталық директоры Шәмшат Жұбайдың айтуынша, бұл құрылыстар халықаралық, республикалық жарыстар өткізу мақсатында салынбақ.

  • Елбасы биылғы Жолдауында оқушыларға арналған орталықтар базасында технопарктер мен бизнес-инкубаторлар ашу туралы тапсырма берген болатын. Осы мақсатта биыл ақпан айынан бастап Шығармашылық академиясы облыстық кәсіпкерлер палатасымен арнайы меморандумға қол қойып, мамандар шақырып, кездесу өткіздік. Басқосуда осы орталықта қосымша білім алатын балаларға кәсіпкерлік туралы жан-жақты ақпарат берілді. Осыдан кейін біздің орталықта педогогтардың бастамасымен арнайы бағдарлама жасақталып, Бизнес мектебі ашылды. Қазір мамандар 12-17 жас аралығындағы қала мектептерінің оқушыларына аптасына 4 сағат қаржылық сауаттылық негіздері туралы дәріс оқиды. Бүгінге дейін орталықта 300-ден астам оқушы дәріс алды, — дейді Ш.Жұбай.

Шығармашылық академиясы биыл ЮНЕСКО халықаралық ұйымы құрамына кірмекші. Осы мақсатта биыл орталықта республикалық деңгейде екі үлкен іс-шара ұйымдастырылмақ. Оның бірі — «Күй қанатында» атты республикалық күй байқауы, екіншісі — «Академия достарын шақырады!» атты хореографиялық байқау.

— Биыл орталыққа «Еңлік» үлгілі би ансамблінің жаңа құрамы келіп, осы жерде филиал ретінде ашылып, жұмыс жасап жатыр. Ансамбльдің бір тобы қалалық Оқушылар сарайында қалды. Ансамбль жетекшісі Гүлнар Байділдинованың бастамасымен мамыр айында орталықта хореографиядан жарыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ қазіргі таңда академияда Қайырғали Қожамбаев атындағы ұлттық аспаптар оркестрі жұмыс жасайды. Бүгінде орталықтағы музыкалық факультетте 12 үйірме бар, — дейді орталық директоры.

Оның айтуынша, биыл наурыз айынан бастап Шығармашылық академиясында мектеп оқушыларына арналған латын әліпбиін оқыту және қытай тілін оқыту курстары ашылады.

Р.S. «Бақытты бала» жобасы — облыс әкімінің бастамасымен елімізде тұңғыш біздің өңірде қолға алынған бірегей жоба. Аталған жоба аясында алдағы екі жылда облыста әрбір баланың жан-жақты дамуына жағдай жасалып, қала және аудандарда әлеуметтік ғимараттар, спорттық және ойын алаңдары салынып, лагерьлер мен сауықтыру кешендері ашылады. 

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*