Басты бет » Жастар » Университет алаңында тегін мұз айдыны ашылды

Университет алаңында тегін мұз айдыны ашылды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің спорт кешенінің алаңында мұз айдыны ашылды. Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан ХХІІІ қысқы Олимпиадалық ойындарға қолдау көрсету мақсатында іске қосылған айдында бір мезетте 50-ден астам  адам сырғанақ тебе алады.

Жұма күні өткен мұз айдынның ашылуына университет басшылары мен студенттері қатысты.  Шарада сөз алған әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры Жайнагүл Қартбаева студенттер қауымын мұз айдынының ашылуымен құттықтап, жастардың бос уақытын тиімді пайдаланулары үшін спортпен шұғылдануға жан-жақты жағдай қарастырылғанын тілге тиек етіп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақырды.

Университеттің дене шынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі Төлеген Ботағариевтің айтуынша, бұл — университет тарихында ашылып отырған алғашқы мұз айдыны. Бұған дейін түрлі спорттық шаралар мен жарыстар ұйымдастырылып келген қарашаңырақта бұған дейін мұз айдыны болмапты.

— Ректор Бауыржан Амангелдіұлының басшылығымен ашылған мұз айдынына кез келген ақтөбелік келіп, сырғанақ тебе алады. Бұл жердің студенттеріміздің сүйікті демалыс орнына айналатынына сенімдімін.  Салауатты өмір салтын ұстайтын болашақ чепиондарымызға қысқы спорт түрлерін дамытуда аталмыш мұз айдынының қосар үлесі зор деп білемін, — деді ол.

Мұз айдынының салтанатты ашылу рәсімінде кәсіби-шығармашылық факультетінің деканы Сабыржан Мұхтаров пен физика-математика факультетінің қызметкері Шолпан Крамбаева коньки теуіп, студенттерге әдіс-тәсілін көрсетті.

Айта кетейік,  мұз айдынының жалпы көлемі — 96 шаршы метр.  Оған кез келген ақтөбелік таңғы сағат 9.00-21.00 аралығында баруына болады. Кіру тегін.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*