Басты бет » Жастар » 14 жыл ата-анасыз өскен ақтөбелік жігіт өз отбасын қалай тапты?

14 жыл ата-анасыз өскен ақтөбелік жігіт өз отбасын қалай тапты?

Туа сала ата-анасынан тірілей ажырап, он төрт жыл өз отбасынан жырақта өскен, мүмкіндігі шектеулі болса да қиындықтарға мойымай келе жатқан 21 жастағы  ақтөбелік Марат Сейтимовтың тағдыры әркімді ойландырары анық. Туғаннан балалар үйінде тәрбиеленген Марат осыдан жеті жыл бұрын 14 жасында ата-анасымен қайта қауышты. Оқиға қалай болды?

ӨМІРГЕ ЕНДІ ЕҢБЕКТЕП…

Тоқсаныншы жылдардан кейінгі кезең Сейтимовтер отбасына да ауыр тиді. Нұрлыбек әр жерде жұмыс істесе, Айгүл дүкенде сатушы болды. Осындай қиын сәттерде өмірге ұлы Аслан келді. Үш жылдан кейін, яғни 1997 жылы тағы бір ер бала дүние есігін ашты.

Айгүл екінші баласын өмірге әкелген сәтін әлі күнге дейін күрсініспен еске алады. Жедел жәрдем ауруханасының перзентхана бөлімінде ер бала босанады. Бірақ дәрігерлер сәбиін көпке дейін көрсетпепті. Себебін кейін білді. Өкінішке қарай, бала арқасындағы екі үлкен ісікпен, яғни туабітті (спинномозговая грыжа) ақаумен өмірге келеді. Әрі ішкен тамағы қорытылмай, бірден тік ішекке түседі. Дәрігерлер бұндай диагнозбен осыдан он жыл бұрын қыз бала өмірге келгенін, бірақ екі сағаттан кейін шетінеп кеткенін айтады. «Бұл сәби де ұзаққа бармайды», — дейді.  Дәрігерлердің айтқаны Айгүлдің жүрегіне ауыр тиді. Жылағаннан қан қысымы көтерілді. Бірақ сәбиінен үміт үзбеді, себебі арада екі күн өтсе де жаман хабар болмады, әрі бірінші баласы да ісікпен туып, үш күннен кейін әкелгені есіне түсіп, бәрі жақсы боларына сенді. Дегенмен  «Қайткенде де перзентханадан баламмен бірге шығамын» деген Айгүлдің мақсаты орындалмады. Дәрігерлер науқас баланы қаланың шетіндегі ауруханаға жіберіпті.  Осыдан кейін перзентханада жатудың да жөні жоқ еді. Оның үстіне қасындағы келіншектердің сәбилерін емізіп отырғаны Айгүлдің жанына қатты батты. Үйге келген соң барлық ағайын-туысы жиналып баланың енді адам болмайтынын, үмітін үзу керектігін айтады. Күйеуі де солардың пікірін құптады. Себебі Нұрлыбек бір жылдары перзентханада жүргізуші болып жұмыс істепті. Таныс дәрігерлерден баланың жағдайын сұрағанда, олар да жақсы нәрсе айтпаған. Осыны ескерген ол Айгүлдің босқа уайымға салынғанын қаламайды.

Дәрігерлер «уақыты келді» деген соң ұлымызбен қоштасып қалу үшін ауруханаға келдік. Қандай болып өмірге келсе де бауыр етің баладан айырылудың қиын екенін әрбір ана жақсы біледі. Жылап тұрып өзі кішкентай, әлсіз жатқан баламның қолынан ұстадым. Дәрігер бір қағазға қол қойдырды, — дейді Айгүл.

Сәбиімен қоштасып, көз жұмғанша келіп тұруына рұқсат сұраған Айгүлге дәрігерлер енді ол бұл баланың анасы еместігін айтады. Бұл сөз  жүрегіне ауыр тиеді.

Баласынан айырылған ана ұзақ уақыт депрессияға түсті. Әсіресе, «енді сен анасы емессің» деген сөзді көпке дейін ұмыта алмай жүрді. Сәбиінің алдында өзін кінәлі санап, әр жұма сайын жеті шелпек пісірді. Құдайдан кешірім сұрады. Бірақ іштей  «тірі болса жақсы адамдардың қолына түссе екен» деп тіледі.

Уақыт өте берді.

Нұрлыбек пен Айгүлдің отбасына Жансая есімді қыз бала келді. Сәбидің күлкісі шаңырақты шаттыққа бөледі. Аслан да ержетті. Дегенмен әр жыл сайын  есімі де  қойылмай көз жұмған сәбидің туған күні — 14 сәуірде бұл үйде Құран оқылатын. Бірде ұлы Аслан бұл күні анасынан неге жылайтынын сұрайды. Айгүл жеті жастағы ұлына барлық оқиғаны айтып береді. Осыдан кейін ол анасын мазаламапты.

ІНІСІН ІЗДЕГЕН АСЛАН

Қуаныш та, қайғы да ұмытылады. 2008 жылы Нұрлыбек пен Айгүл жаңа қонысқа көшті. Өмірдің осындай сәттері барлық қиындықтарды ұмыттырғандай еді. Бірақ  үйдің үлкені Аслан інісін есінен шығармайды. Іштей оның тірі екеніне сенеді. Ешкімге айтпай, интернет арқылы інісін іздей бастайды. Ресейлік «Күт мені» бағдарламасын үзбей қарайды. Теледидардан көре алмай қалса, интернеттегі нұсқасын қалт жібермейді. 2010 жылы Айгүлдің әкесі көз жұмады. Осыдан кейін Айгүл түрлі түстер көре бастайды. Бірде түсінде жолдасы екеуі келе жатқан көліктің алдына бір ер бала қолын көтеріп тұра қалса, тағы бірде түнде көлікті тоқтатқан ұлды көреді. Осының барлығы Нұрлыбек пен Айгүлдің отбасында жақсы бір жаңалықтың болатынын білдіргендей еді. Ал Аслан інісін іздеуді тоқтатпайды. 2011 жылдың қазан айында интернеттен әлгі бағдарламаның көне нұсқаларын қарап отырып ол Марат Сейтимов есімді баланың суретін көріп қалады. Өзінің қарындасы Жансаядан аумайтын баланың інісі екенін бірден сезеді. Сол сәтте суретін шығарып алады. Бағдарламада баланың ата-анасының кім екені де айтылыпты. Бірақ Аслан бұл туралы ешкімге тіс жармай, анасын күтеді.

—  Оралда әкемнің жылдық садақасын беріп үйге келсем, ұлым бір суретті көрсетті. Қолыма алсам, менің қызымнан аумайтын ер баланың суреті тұр. Ұлым екенін бірден сездім, көзім қарауытып кетті. Күйеуім мен қызым ештеңені түсінбей жүр. Осыдан кейін бірден баламызды қалай табуды ойладық, — дейді Айгүл көзіне жас алып.

Күйеуі екеуі бірден іске кірісті. Мараттың қайда екенін тапты.

ҮМІТ ПЕН КҮДІК

Арада 14 жыл өткенде баласының тірі екенін білген ата-ананың қуанышында шек болмады. Ал осы уақытқа дейін ұлдары қайда болды? Оқиға былай болады. Дәрігерлер әне-міне көз жұмады дегенде, сәбидің денсаулығы түзеле бастайды. Ата-анасы бас тартқан баланы дәрігерлер «Үміт» сәбилер үйіне жібереді. Арқасындағы ісікке ота жасалады. Туғанда түрлі ақаумен өмірге келген Марат өздігінен жүре алмайды әрі неврология бойынша диагноз қойылғандықтан 2001 жылы Астана қаласындағы балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесіне жіберіледі. Бірақ Марат өзге балалар сияқты емес еді. Жүре алмайтыны болмаса, ақыл-есі түзу. Айтқанды бірден  ұғып алатын бала болды. Сегіз жасынан бастап сахнаға шықты. Ән айтты, қолөнер үйірмелеріне қатысып, түрлі бұйымдар жасады. Ашық, адаммен тез тіл табысатын Маратты тәрбиешілері де жақсы көрді. Хореограф Әлия Майданқызы бал биін үйретті.  Елімізбен қатар Ресейдің қалаларында өткен паралимпиадалық жарыстарға қатысты, жүлделі орындарға ие болды. Марат ес білгеннен «ата-анам алып кетсе» деп армандады. Балалар үйіндегі барлық балдырғандар тәрізді олардың іздеп, табарына сенді.

Бұл мекемедегі балалар күрделі сырқатқа шалдыққандықтан білім берілмейді. Марат та әріп танымады.

— Бірде, ол уақытта мен кішкентаймын, медициналық комиссиядан өттік. Дәрігерден менің қағаздарымда не жазылғанын сұрадым. Онда ата-анамның аты-жөні мен үйдің телефон нөмірі бар екен. Мен телефонды есіме сақтап алдым. Үйге телефон соғып көрдім. Тұтқаны көтерген кісі ондай адамдардың тұрмайтынын айтты,  — дейді Марат.

Уақыт өте берді…

Балалар үйіне еріктілер жиі келеді. Олар мүмкіндігі шектеулі балдырғандарға көмектеседі, концерттерге алып барады. 2010 жылы балалар үйіне Ольга есімді ерікті қыз келді. Үнемі балаларға қамқор болып жүретін пысық қыз Маратқа ата-анасын іздеу туралы ұсыныс айтады. Осылайша Марат барлық мәліметтерін ресейлік «Күт мені» бағдарламасына жібереді. Бағдарлама жарыққа шыққаннан кейін жаңалық күтіп жүрді. Бірақ іздеп келгендер болмады. Бірде лифт қызметшісі Мараттың қолындағы рентген суретін көріп, жақында өмірінде өзгеріс болатынын айтады. Үлкен кісінің бұл сөзін ол жақсылыққа жориды.

«Жоқ іздеген жанның жалғыз серігі — үміт» демекші,  ол үмітін үзбеді.

Ұлыммен алғаш телефон арқылы тілдескенімде, бірінші айтқан сөзі: «Мама, мен билеймін» болды. Кейін білдім, ұлым  «Анам мені теледидардан көрсе, іздеп келсе екен» деп  армандайды екен. Үйге келгеннен кейін интернеттен қарап отырып, кішкентай кезінде берген сұхбаттарын оқыдым. Сегіз жасында «Мені анам алып кетеді. Үлкен үй салады» депті. Алла аузына салған шығар, — дейді Айгүл.

Марат ата-анасының табылғанын естігенде «Олар мені қабылдай ма, әлде қалай…» деп уайымдапты. Кездесер күні түнімен көз ілмей шығады. Бірақ бәрі өзі ойлағандай болды.

«МЕНІҢ ӨМІРІМ — МЕНІҢ ТАҒДЫРЫМ»

Ұзақ жылдардан кейін қауышқан бала мен ата-ананың көңіл күйі ерекше болды. Бірақ заң бойынша баласынан бас тартқан ата-ананың кейін оны қайтарып алуы да оңай емес көрінеді. Мекеме басшылығы мәселенің прокуратура арқылы шешілетінін, ұзақ күтуге тура келетінін айтады. Бірақ Мараттың «үйіме тез қайтсам» деген тілегі аяқ астынан орындалды. Құжаттарды тексере келгенде, Айгүл баладан түбегейлі бас тартпаған, «баланы уақытша қалдырамын» деп арыз жазыпты. Сол бір сөз Мараттың отбасына кедергісіз оралуына  септігін тигізді. Баласын алып, үйіне келген Айгүлді ағайын-туыстары перзентханадан шыққандай күтіп алды. Марат та бауырларына тез үйренісіп кетті.

Ұлым үйге келгенде «бөлме» деген сөзді көпке дейін айта алмай жүрді. Туғаннан көргені палата, акт зал, спорт зал, жараны таңып, байлайтын кабинет болғандықтан, соларды айтады, үйдің тірлігіне тез үйренісіп кете алмады. Үнемі басын бүркеп жатады. Сөйтсем, ақыл-есі кем, түрлі сырқатқа шалдыққан балалар бірін-бірі ұрады, біріне қолындағысын лақтырады, басынан салып қалады, солардан сақтану үшін осылай жатады екен. Осының барлығын көргенде, іштей егіліп, жылап жүрдім. Арбада отырса да киімді өзі жуады, төсегін өзі жинайды, үй тазалайды. Балалар үйінде барлығын үйретіп тастаған. Тек қана тамақ әзірлеуді білмейді. Үйге келген соң іш киімін ауыстырғанда жүрегім ауырды. Құйымшақ сүйегінде мүлдем ет жоқ, әбден желініп қалған. Тәрбиешілер қай балаға қарасын, жорғалап жүрген,  оның үстіне өздігінен жүре алмайтын бала болғасын тіпті қиналған, — дейді Айгүл.

Маратты мектепке оқыту үшін ақыл-есіне қатысты диагнозды алдырып тастау керек болды. Бірақ ол үшін бір ай ауруханада жатуы керек. Ауруханадан алып келген ұлын қайта сол жерге апарғысы келмеген Айгүл тағы қиналады. Осы кезде ұлы: «Мама, мен осы уақытқа дейін ауруханада жаттым ғой, қиындықтарға шыдадым.  Енді бір айға да шыдаймын», — дегенде көз жасына ерік беріпті.

Қазір Марат сегізінші сыныпта оқиды. Оқытушылар үйге келіп білім береді. Бос уақытында қолөнермен айналысады. Сурет салады.  Ақтөбедегі мүмкіндігі шектеулі жандар өткізетін шаралардан қалмайды. Балалар үйіне жиі барып тұрады. Ақтөбеге келгеннен кейін де паралимпиадалық ойындарға қатысып, бал биі бойынша жетістіктерге жетті. Ресей мен Қазақстанның біраз жерін анасы екеуінің аралауына мүмкіндік туды.

Ұлымды барлық жарыстарға апаруға тырысамын. Денсаулығына да алаңдаймын. Израильден келген дәрігерлерге көрсеттім. Олардың айтуынша, сәби кезінде ота сәтсіз жасалыпты. Ата-анасы қасында болмаған балаға кімнің жаны ашысын әрі кішкентайынан бүрісіп, аяқ-қолын бауырына алып жатқандықтан, сіңірлері де тартылып қалған. Үйге келгеннен кейін жаттығулар жасап, ресейлік дәрігерлерге шағын ота жасаттық. Аллаға шүкір,  қазір Мараттың көңіл күйі жақсы. Алғаш келгенде ұлымнан қайта-қайта кешірім сұрай беріппін. Бұны сезген балам «Мама, сенің өмірің —  сенің тағдырың, менің өмірім — менің тағдырым. Мен сені кіналамайын, уайымдама» дегенде еріксіз  көзіме жас алдым, — дейді Айгүл.

Өзінің отбасымен қауышқан күнді Марат ең бақытты сәті санайды. Өзін іздеп, тапқан ағасы Аслан қазір үйленсе, қарындасы Жансая биыл 11-сыныпты бітіреді. Мараттың арманы көп. Мектепті бітірген соң колледжде оқығысы келеді. Болашақта зергер болсам дейді. Марат барлық бала бақытты өмір сүрсе деп тілейді.

Балалар үйі болмаса екен, барлық бала ата-анасымен бірге өмір сүрсе екен.  Балалар үйінің азайып келе жатқанын, отбасылардың асырап алып жатқанын естісем, қатты қуанамын, — дейді Марат.

P.S.

«Адамның тағдыры ана құрсағында жатқанда-ақ жазылып қояды» дейді үлкендер. Бірақ…

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*