Басты бет » Жастар » Студенттерді кәсіпкерлікке шыңдайтын орталық бар

Студенттерді кәсіпкерлікке шыңдайтын орталық бар

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Инновациялар мен кәсіпкерлікті дамыту» орталығы өз жұмысын бастады. Енді қандай да бір кәсіппен айналысқысы келген ақтөбелік жастар орталық көмегіне жүгіне алады.  

Орталық университет ректорының бастамасымен іске қосылған. Басты мақсат — студенттердің кәсіпкерлік дағдысын дамыту. Олардың ғылыми негізде орындалған жобаларын коррекциялау.

Жұмыс жасап жатқанымызға көп бола қойған жоқ. Дегенмен қазірдің өзінде жиырмаға жуық мүшеміз бар. Бұл жерге кез келген 18-35 жас аралығындағы студенттер мен магистранттар, аға оқытушылар мүше болып, кеңес, көмек ала алады. Бір сөзбен айтқанда, жастардың бастамаларын қолдайтын орын, — дейді орталық директоры Әсел Шетиева.

«Инновациялар мен кәсіпкерлікті дамыту» орталығына мүше болу үшін нақты шарт, талап қарастырылмаған. Бастысы қандай жоба ұсынылса да, студенттер қауымының қызығушылығын тудыратын іс болуы тиіс.

Әсел Шетиеваның айтуынша, ашылғанына айға жуық уақыт болғанымен орталық екі семинар-тренинг өткізген.

Алғашқы семинар «Стартап болашақ — Менің арманым. 3-ші маусым» аймақтық іріктеу кезеңiнiң аясында тоғызыншы ақпанда «Стартаптың даму ерекшеліктері» атты тақырыпта өтті. Семинар барысында стартап түрлері, сəтті стартап шарттары сынды сауалдар қарастырылды.

Ал екінші семинар  «Стартапты сыртқы қаржыландыру: оның қажеттілігі мен іздестіру жолдары» тақырыбында ұйымдастырылды. Бұл жолғы тренинг-семинарда студенттерге стартап-жобаларын қаржыландыру жайында ақпарат берілді.

Дүйсенбі күні өткен семинарға «Ақтөбе облысы кәсіпкерлікті басқару» мемлекеттік мекемесінің бас маманы Әлия Куканова, «Достық» кәсіпкерлер клубының негізін салушы директоры Саламат Данабеков, Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Бекжан Асаухан, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының құзыреттілікті арттыру бағдарламасы менеджері Мейірхан Жанкелдіұлы, экономика ғылымдарының кандидаты, экономика және құқық факультетінің экономика және менеджмент кафедрасының аға оқытушысы Айнұр Құрманалина қонақ ретінде шақырылды. Семинар барысында стартап-жобаларын  қаржыландыру мәселелері қарастырылды. Шара соңында «My Bro» барбершоп орталықтарының негізін қалаушы Ербол Мейірманов өзінің жетістікке жету жолымен бөлісті.

16 мен 35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлердің назарына!!!

2018 жылдың 9-11 наурызы аралығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Стартап болашақ — Менің арманым. 3-ші маусым» аймақтық іріктеу кезеңі өтеді. Байқауға қатысу тегін. Тіркеу әр аймақтағы іріктеу кезеңінің басталуына 3 күн қалғанда аяқталады. Байқаудың ресми сайттары: www.meninarmanym.kz www.bolashak.kz www.arsu.kz, @startup.academy_aktobe

Семинар тренингке қатысушылардың бірі — «Инновациялар мен кәсіпкерлікті дамыту» орталығының мүшесі,  болашақ биолог Жәмила Нұрғалиева. Бүгінгі таңда биология мамандығының 1-курсында оқитын Жәмила болашақта Ақтөбеден шырайгүл өсіретін арнайы жылыжай жұмысын қолға алғысы келеді. Ол үшін әзірлеген арнайы жобалары да бар.

Ол осы теория жүзіндегі  мақсатын практикалық тұрғыдан іске асыруы үшін  университет жанынан ашылған орталықтың маңызы зор екендігін айтады.

Мен университетке келгелі куратор ұстазымның жетекшілігімен осы шырайгүл өсімдігін көбейту, оны күтіп, өсіру жөнінде түрлі ғылыми жобалар әзірлей бастадым. Кейін жаңа жылдан бастап білім ордамызда «Инновациялар мен кәсіпкерлікті дамыту» орталығы ашылғандығын естіп, мүше ретінде қабылдандым. Бұл мен үшін тамаша мүмкіндік болды. Өйткені бұл жерде теориялық тұрғыда ғана ойлап жүрген идеяларымды практика жүзінде іске асыруға болады. Орталықтың ұйымдастыруымен өткен екі семинар-тренингке қатысып, стартап жобалар жөнінде кеңінен ақпарат алдым. Қалай несие алып өз кәсібіңді бастауға болады деген сұрақтардың барлығына жауапты осы жерден таптым, — дейді болашақ биолог.

Жәмила қазір шырайгүл өсімдігін бөлмесінде өсіріп жатыр. Алдымен табиғи жолмен өсіріп алып, кейін «In vitro» әдісімен көбейтпек. Бұл әдіс латын тілінен аударғанда «шыны ішінде» деген мағына береді. Ол үшін, әрине, қомақты қаражат керек.

Орталықта Жәмила секілді жиырмаға жуық талапты жас бар. Барлығының мақсаты бір. Ол — алдыңғы қатарлы білім алудың арқасында еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріне қандай да бір тың жаңалық енгізу.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*