Басты бет » Басты жаңалықтар » Облыс әкімі цифрландыру мәселесі бойынша жиын өткізді

Облыс әкімі цифрландыру мәселесі бойынша жиын өткізді

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес экономиканы барынша цифрландыру жөніндегі қажетті шаралардың барлығын жүзеге асыру керек. Жалпы алғанда цифрландыру элементтері әлеуметтік блоктан бастап, өнеркәсіппен аяқталатын барлық салаларға енгізілуі қажет», — деп атап өтті жиынды ашқан облыс басшысы.

Цифрландыру жобаларының қарқыны туралы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов баяндады.

Оның айтуынша, инновациялық технологияны дамыту шеңберінде үстіміздегі жылы 25 кәсіпорында 38 миллиард теңгеге технологиялық жаңғырту және цифрландыру жүргізіледі, сондай-ақ «ЭКСПО-2017» көрмесінің 18 технологиясын енгізу жұмыстары жалғастырылады.

Қайрат Бекенов баяндамасының негізгі бөлігін әлеуметтік саладағы, соның ішінде медицина мен білім саласындағы цифрландыру мәселесіне арнады.

Бүгінгі таңда облыстың денсаулық сақтау ұйымдарын компьютермен жабдықтау 90 пайызға, ал интернетпен жабдықтау 84 пайызға қамтамасыз етілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, интернет негізінен халыққа медициналық көмек дәрігерлік амбураторияларда, фельдшерлік амбулаториялар мен медициналық пункттерде көрсетілетін шалғай елді мекендерде ғана жоқ.

Атап өтетін жайт, облыстың медициналық ұйымдарын толық түрде компьютермен жабдықтап, интернетке қосуды үстіміздегі жылдың соңына дейін бітіру жоспарланып отыр.

Бұған қоса ағымдағы жылы медициналық мекемелердегі ауру-сырқау, адамдардың келуі, босану, т.б. ақпараттар келіп түсетін бірыңғай облыстық ситуациялық орталық құру жоспарланды. Бұл жүйені іске қосу қағазсыз технологиямен қамтамасыз етуді, электрондық денсаулық құжатын жасақтауды, ұзын-сонар кезекті жоюды, емделушінің жүріс-тұрысын ықшамдауды, жалпы алғанда халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуды жүзеге асырмақ.

Балаларды ІТ-дағдыға үйретуге ерекше назар аударылып отыр. 2017 жылы облыс мектептері үшін 2500 компьютер және 800-ден астам интерактивті тақта сатып алынды. Цифрлық білім беру сапасын арттыру мақсатында жобалардың «Бақытты балалық шақ», «Балалардың ІТ әлемі» және «Цифрлық сауаттылық — мүмкіндіктер матрицасы» тәрізді бағыттары іске асырылады.

Мәжіліс барысында сондай-ақ, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бағыттарының бір тармағы —  тұрғындарды жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету және ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтықты қысқарту мәселесі де сөз болды.

Қала және аудан орталықтары интернетпен 100 пайыз қамтылса да,  30-дан астам елді мекенге ғаламтор әлі жете қоймаған.

Облыс әкімі бұл бағытта облыстық байланыс және ақпараттандыру инспекциясының нашар жұмыс істеп жатқандығын атап өтіп, инспекция басшысы Ғабидулла Бисенбинге және басқа да құзырлы органдарға «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген барлық тапсырмаларды сапалы жүзеге асыру үшін  мүмкіндіктерді сарқа пайдалану керектігін ескертті.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе — «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру барысы болды.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің баян еткеніндей,  2017 жылдың қорытындысы бойынша «Туған жерге тағзым» акциясы аясында облыста жалпы құны 5,69 миллиард теңге болатын 614 жоба жүзеге асқан. Биылғы жылға 594 жоба әзірленіп отыр.

Ербол Нұрғалиев сондай-ақ Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салынып жатқан «Аналарға тағзым» рухани-адамгершілікке тәрбиелеу орталығы құрылысының барысы жайында әңгімеледі. Жоба демеушілер көмегімен жүзеге асырылуда қазіргі уақытта қаржы жинау әлі жалғасып жатыр.

Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық бағыттарын жүзеге асыруды күшейту керектігін, сондай-ақ белгілі бір жетістікке жеткен Ақтөбе облысының перзенттерін туған өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға тарту қажеттігін қадап айтты.

Мәжіліс мемлекеттік сатып алу прцедураларының өту барысын қараумен аяқталды.

Жиында Бердібек Машбекұлы облыс әкімі аппаратының жаңа жетекшісін таныстырды. Облыс әкімінің өкімімен, ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен бұл қызметке Қалауов Нұржауған Серікұлы тағайындалды.

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*