Басты бет » Жаңалықтар » Словакия елшісімен кездесті

Словакия елшісімен кездесті

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Словакия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Петер Юзамен кездесті.

Онда екі жақты ынтымақтастықты нығайту және кеңейту, тауар айналымын және бірлескен жобаларды ұлғайту мәселелері талқыланды.

Бердібек Сапарбаев биылғы жылы Қазақстан мен Словакия дипломатиялық қатынастары орнығуының 25 жылдығы аталып өтетіндігін атап көрсетті. Достық пен әріптестіктің ширек ғасырында екі ел арасында сенімді саяси диалог қалыптасты, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалды, келісімшарттық құқықтық база кеңейтілді.

«Қазақстан-Словакия қатынастары дамуының бір көрінісі «Н+Н ТЕСНNIKA» ЖШС (Словакия) инвестор болған Ақтөбедегі Мұз айдыны сарайы болып табылады. Құны 3 миллиард теңгеден астам қаржы құрайтын жоба мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмін қолданумен жүзеге асуда, Ақтөбе облысы мен Словакия арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 2,4 миллион АҚШ долларын құрады. Біз ынтымақтастық үшін әлеуетіміз бұдан да жоғары екендігіне сенімдіміз»,— деді Бердібек Сапарбаев.

Словакия елшісі өз кезегінде екі жақты ынтымақтастықты, оның ішінде білім беру және туризм саласында одан әрі тереңдетуге мүдделілікті мақұлдап, сондай-ақ ақтөбелік бизнес-қауымдастығын биылғы 10-11 сәуірде Братиславада өтетін инвестициялық форумға қатысуға шақырды.

Петер Юза «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің әріптестікті кеңейтудегі маңызды ролін атап көрсетті.

«ЭКСПО»-да Словакия павильоны көрме мәнін көрсету, безендіру бойынша екінші орынды иеленді. Біздің еліміздің делегациясы құрамында 396 адам, оның ішінде 4 министр, көптеген кәсіпкерлер болды. Біздің павильонымызды 396 мың адам аралап көрді. Барлығы да өте жақсы өтті», — деді елші.

Кездесуге қатысушылар «АгроСоюз М» ЖШС дайын құрама жем мен премикс өндірісі бойынша жобаны жүзеге асыруға бірлесіп қимыл жасау мәселесін қарады. Кездесуге аталған жобаның бас менеджері Антонин Копштейн мен «АгроСоюз М» ЖШС директоры Аманғали Нұралиев қатысты.

Сағатына 31 тоннадан астам құрама жем мен 3 тоннадай премикс өндіретін зауытты Мәртөк ауданында салу жоспарлануда. Жобаның құны — 14,4 миллион евро.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*