Басты бет » Басты жаңалықтар » Жаңа әлеуметтік және инфрақұрылымдық құрылыстар қолға алынуда

Жаңа әлеуметтік және инфрақұрылымдық құрылыстар қолға алынуда

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласының Батыс-2 шағын ауданындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы құрылыс алаңында болды. Ерекше медициналық күтімді қажет ететін балалар саны қазір облыста 3 мыңнан асады. 

«Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асыратын жобаның құны 500 миллион теңге құрайды. Медициналық мекеме заманауи материалдық-техникалық базамен жарақтандырылады, онда ерекше қажеттіліктерге ие балаларды әлеуметтік-психологиялық және медициналық оңалту үшін барлық жағдайлар жасалады.

Ақтөбеде аутизммен сырқаттанатын балаларға арналған орталық құру жұмыстары жүргізілуде. Жоба «Аутизм. Барлығымыз үшін бір әлем» бағдарламасы  аясында «Асыл Мирас» қайырымдылық қоры қолдауымен жүзеге асырылады. Мекемеде аутизммен сырқаттанатын балалар және олардың отбасы үшін барлық жағдайлар жасалады, олар мамандардың толыққанды білікті көмегін ала алады.

— 2018 жылды біз «Бақытты балалық шақ» жылы деп жарияладық. Мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту, аутизммен сырқаттанатын балаларды қолдау орталықтары, балалар онкологиялық орталығы құрылысы ақтөбеліктердің жас буынын тәрбиелеу мен дамыту үшін барлық қолайлы жағдайларды жасауға бағытталған ауқымды жұмыстардың бір бөлегі болып табылады, — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі қала басшылығына құрылыс сапасын тыңғылықты қадағалауды, ал денсаулық сақтау басқармасына орталықтарды қажетті медициналық құрал-жабдықтармен және білікті кадрлармен қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жоба — «Аналарға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие орталығы құрылысы жұмысымен танысты.

Бұл жоба республикада алғашқы және есімдері әрбір ақтөбелік үшін қастерлі және бағалы болып табылатын барлық аналарға құрмет жасауға бағытталған. Орталықтың ерекшеліктерінің бірі — экспозициялық зал, онда келушілер Бопай ханым, Нұрсұлу Тапалова, Роза Жаманова, Әлия Молдағұлова, Аққағаз Досжанова және басқа да Қазақстан тарихында елеулі орны бар біздің халқымыздың ұлы да аяулы жандарының өмірімен және ерліктерімен таныса алады.

Кешенде психологиялық жүктеме және кеңес беру, қолданбалы өнер, жалпы даму, музыкалық тәрбие беру, стилистика және дизайн, отбасылық тренинг және басқа кабинеттер жұмыс істейтін болады. Тұтастай алғанда орталық қызметі отбасындағы әйелдердің ролін күшейтуге, қазақ халқының салт-дәстүрлерін негізге ала отырып, болашақ аналарды тәрбиелеуге бағытталатын болады.

Облыс басшысы сондай-ақ «Сельмаш» ауданындағы жаңа көпірдің, Сәңкібай батыр даңғылындағы мәдени-ойын-сауық кешенінің, Тілеу батыр көшесіндегі қонақүйдің құрылысымен, «Арнаулы техника» ЖШС зауыты қызметімен танысты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*