Басты бет » Жаңалықтар » Қолжетімділік — маңызды міндет

Қолжетімділік — маңызды міндет

Жолдау

Елбасы Жолдауын насихаттау мақсатында құрылған ақпараттық топ түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Құрамында тарих ғылымының докторы, профессор Нұртаза Абдоллаев, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры»  акционерлік қоғамының Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Элмира Талаева, сондай-ақ облыстық ішкі саясат басқармасы мамандарының өкілдері бар топ Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенттерімен кездесті.

Кездесудегі басты мақсат — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын колледж оқытушылары мен студенттеріне түсіндіру.

Жиында сөз алған профессор Нұртаза Абдоллаев алдымен оқу орнының тарихына тоқталып, кейін Жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндірді. Әр Жолдаудың өз ерекшелігі бар екендігін болашақ ұстаздарға нақтылай айтып берді.

Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан келген Элмира Талаева еліміздегі ең төмен және орташа зейнетақы мөлшеріне тоқталып, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда базалық зейнетақының қалай есептелетіндігін баяндады. Сондай-ақ педагогтарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының электрондық қызметтері туралы айтты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында сандық технологияларды ендіру, инновациялық даму және қарқынды технологиялық жаңғырудың ел экономикасы үшін маңызды екендігін атап өткен болатын. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі — тұрғындарға әлемдік стандарттарға сәйкес сапалы зейнетақы қызметін көрсету. Қор зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында әрбір азаматқа зейнетақы қызметіне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету стратегиясын мақсат етіп қойып отыр. Ал оған жету үшін тікелей, қашықтықтан және өзіне-өзі қызмет көрсету жүйелерін дамыту қажет. Осы мақсатта біз өткен жылдан бастап, «Жеке кабинет» және «Электрондық қызмет көрсету» бөлімінде бірнеше жаңа сервистерді іске қостық. Бұл қызметтер уақыт шығындап, қағаз толтырудан құтқарады, — деді Элмира Талаева.

Кездесу барысында студенттер тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, жауап  берілді.

Айта кетейік, Ақтөбе гуманитарлық колледжінде бүгінде 12 мамандық бойынша 1441 студент білім алып жатыр.    

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТІН ІЗГІЛЕНДІРУ ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

Елбасымыз «Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды» деп атап көрсетті. Аталған маңызды құжаттың тоғызыншы бағытында заңның үстемдігіне айрықша тоқталады.

«Сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда.

Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет» деген міндет алға тартылады.

Бұл бағытта қазіргі күнде күнделікті тәжірибеге кеңінен ене бастаған медиация тәртібінің басымдықтары туралы айтқым келеді. Біздің елімізде 2011 жылдан қолданысқа енгізілген «Медиация туралы» Заңы осы ауқымдағы атқарылатын жұмыстар шегін айқындап берді.

Дамыған, өркениетті елдерде медиаторлар азаматтық істердің үштен біріне дейін қарайды екен. Нәтижесінде олардың шамамен 85 пайызына шешім шығарылады, іс екі жақтың бітісуімен аяқталады.

Біздің байқауымызша, әзірге жұртшылық медиация тәртібін терең ұғына бермейтін секілді. Медиацияның негізгі ұстанымы — дауды сотқа жеткізбей тиянақтау, дауды шешудің екі жақты да қанағаттандыратын жолын табу, дауласушыларды келістіру, татуластыру. Бұл Жолдауда айтылған ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру туралы талапқа сай келеді.

Медиацияның мақсаты — кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс дегенді анықтау емес, өзара тиімді шешім табу.

Қоғамдағы үшінші билік — сот жүйесінің одан әрі дамуына, судьялардың шығаратын шешімдері мен үкімдерінің мейлінше әділ әрі түсінікті болуына, ел ішіндегі дау-шарды азаматтардың өздерінің араласуымен шешуіне жол ашып отырған маңызды құжаттың мәнін біз қоғамдағы әділеттілік пен ізгілендіру мақсаттарына қызмет етуімен де жоғары бағалаймыз.

Серікбай ТӨЛЕМІСОВ,

кәсіби медиатор.

Ақтөбе қаласы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*