Басты бет » Ауыл » Түйесі көп шаруа

Түйесі көп шаруа

Бүгінгі күні облыста түйе шаруашылығын дамытып, осы бағытта жұмыс жасап жүрген шаруалар аз. Шалқар ауданындағы «Азамат» шаруа қожалығы — өңірдегі көп жылдардан бері түйе шаруашылығымен айналысып келе жатқан ірі шаруашылық. Бүгінде бұл қожалықта 120 түйе бар.

1997 жылдан бастап түйе өсіруді қолға алған шаруа қожалығының басшысы Жоламан Сағынаев кеңшарлар тараған тұста атакәсіпке ден қойып, жеке қожалық ашыпты.

Ұзақ жылдар бойы түйе баққан шаруа 1980-жылдары «Жаңақоныс» кеңшарында 300-ден астам түйе болғанын айтады.

  • Мен 1982 жылдан бастап кеңшардың түйесін бақтым. Кейін еліміз егемендік алған тұста жер-жерде кеңшарлар тарап, барлық өңірде «жекеменшік» деген ұғым қалыптасты. Сол тұста үлесіме мемлекеттен бірді-екілі техника алып, түйе тұқымын өсіруге бет бұрдым. Өзім түйе өсірудің мән-жайын жақсы білгендіктен, сол жылдары тұрмыс жайы қаншалықты қиын болса да осы кәсіпті дамытуға бел будым. Сөйтіп, аудандағы Ботабай аталатын қыстаудан үй салып, жеке шаруа қожалығын аштым. Басында шаруашылықта түйе аз болды. Қазір санын жүзден асырдық, — дейді шаруа.

Жоламан Сағынаев бүгінгі күні түйеден басқа да төрт түлік мал өсіріп, олардан алған өнімді игілігіне жаратып отыр. Қазір шаруашылықта 50 шақты жылқы, 40-тан астам сиыр, 150 қой-ешкі бар.

«Мал баққанға бітеді» демекші, отбасымен мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан шаруа ет, сүт өнімдерін ел ішіне, ауыл арасына сатып, өз нәпақасын тауып отыр.

Жоламан Сағынаев мал басын көбейту үшін мемлекеттен ешқандай жәрдем сұрамағанын айтады. Өзінің маңдай тері мен адал еңбегінің арқасында шаруасын дөңгелетіп, ауданның осы салада жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуіне өз үлесін қосып отыр. Олай дейтініміз, ауданда түйе өсіріп, оның санын көбейту үшін тер төгіп, жұмыс жасап жатқан шаруашылықтар аз.

Отбасыммен Ботабай қыстауында тұрып жатқаныма көп жыл болды. Қыстау ауданның орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан. Өкінішке қарай, қыстауға әлі жарық кіргізе алмай отырмыз. Осы мәселені  аудандағы құзырлы мекемелерге айтып жеткізген едік, бірақ қолдау болмады. Биыл өзіміз тірлік жасап, ауылдан қыстауға жарық жүргізіп жатырмыз. Алайда сым жетпей, жұмысымыз тоқтап тұр. Мұнда бізден басқа үй жоқ. Сондықтан өткен жылы үй маңынан өзіміз құдық қазып алдық. От жағамыз, күзде қыстың қамын жасап, отын жинап аламыз. Ал малдың жем шөбін аудандағы шаруашылықтардан сатып аламыз. Себебі шөп шауып, оны жинауға көп күш керек, — дейді шаруа.

Ол қазір он түйе сауып отырғанын, олардан күніне 5-6 литр сүт алынатынын айтады. Ал шұбатқа тапсырыс берушілердің саны көп.

  • Қазақ түйе малын ерекше қастерлеген ғой. Сондықтан да түйе сүтінің емдік қасиеттері бағзы заманнан бері белгілі. Шұбатты бабаларымыз өкпе, асқазан ауруларымен қатар түрлі созылмалы дерттерге, жалпы ағза әлсірегенде, уланғанда емдік қасиеті жоғары мал өнімі ретінде пайдаланған. Сол себепті қазір ел арасында туберкулез ауруымен ауыратын адамдарға, сондай-ақ туабітті мүгедек (ДЦП) балаларға шұбатты көп ішкізеді. Сонымен қатар көбіне той-томалақ, садақаларда дастарқанға шұбат, қымыз қойылады. Сондықтан аудан орталығынан, Ақтөбе қаласынан келіп шұбат алатындар көп. Бұрын бір литр шұбаттың бағасы 400-500 теңге болатын. Қазір бір литр шұбатты 600 теңгеден сатып жатырмыз. Экологиялық таза өнімді, әсіресе, қаладан келетіндер ерекше сүйсініп ішеді. Қыс айларында сүт аз шығады, ал жазда күніне 20-25 литр сүт аламыз, — дейді Ж.Сағынаев.

Шаруаның айтуынша, шұбатты бір қорландырып алса, одан әрі қиындықсыз ашыта беруге болады. Сондай-ақ түйенің сүті өте құнарлы.

Деректерге сүйенсек, түйе сүтін ұдайы пайдаланғанда ішкі мүшелердің қызметін реттеп, адамды семіртеді. Қазақ емшілері түйе сүтін науқастарды емдеуге қолданады. Жасы ұлғайған қарттарға, ауру салдарынан дене қуаты төмендеген науқастарға бір мезгіл шұбат ішкізеді. Шұбатты ішкен соң адам денесі балбырап терлейді, ұйқысы жақсарады, сергиді. Шұбатта табиғи иммундық қасиеті бар, адам денсаулығына пайдалы түйіршік белоктар бар.

Айта кету керек, бүгінде облыста түйе малының ең көп өсірілетін жері — Шалқар мен  Байғанин аудандары. Бұдан кейінгі түйелі аудан — Ырғыз. Көп жағдайда түйені жекелеген тұрғындар өсіреді. Ал Жоламан Сағынаев сияқты түйенің санын көбейтіп, жеке шаруашылығын дамытып отырғандар аз.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*