Басты бет » Ауыл » Кәсіпкер мұғалім

Кәсіпкер мұғалім

Қарғалылық кәсіпкер Тамара Горбань осыдан 4 жыл бұрын жеке тігін ательесін ашқан. Бүгінде оның ательесі аудан тұрғындарына жақсы таныс. Себебі ол балабақша, мектеп балаларына мерекелік киім үлгілерін, мектеп формаларын тігеді.

Тамара Горбань — технология пәнінің мұғалімі. Ол аудан орталығындағы мектептердің бірінде сабақ береді. Ұстаздық пен кәсіпкерлікті ұштастырып жүрген кейіпкеріміз өзінің осыған дейін жеткен жетістігін еңбекпен ғана байланыстырады.

  • Қай кезде де табыс тек еңбекпен келеді. Еңбектенген адам қашанда тоқ жүреді. Мен бұл кәсіпті осыдан 15 жыл бұрын қолға алған болатынмын. Кезекті оқу жылы аяқталып, еңбек демалысына шыққанда аудан орталығында орналасқан «Радуга» сауда орнындағы ательеде жұмыс жасадым. Сауда орнының иесі Мәдина Ысқақова менің осы кәсіпке келуіме зор ықпал етті. Ол өз ательесіне мені жұмысқа алып, жаз айларында қосымша табыс тауып жүрдім. Кейін өзімнің жеке кәсібімді ашуға бел байладым. Содан 2013 жылы жеке тігін ательемді аштым, — дейді ол.

Тамара өз кәсібін ашқанда қолында тек «Чайка» атты тігін машинасы ғана болыпты. Басында әртүрлі себептермен тапсырысты үйде қабылдаған. Алайда оның тиімсіз екенін түсініп, Бадамшаның орталығындағы жеке ғимараттардың бірінен жалға бөлме алып, шағын ателье ашқан.

— Айына 150 мың теңгедей табыс табамын. Көп жағдайда тапсырысты балабақша, мектептерден аламын. Қазір аудандағы өнер мектебінің би ұжымдарының киім үлгілерін тігіп жатырмын. Тапсырыс көп, кейде үлгермей жатамын. Сол кезде кіші қызым көмектеседі. Жасы 20-да. Облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының бірінде сырттай бөлімде оқиды. Маған әрқашан қолғабыс етіп жүреді, — дейді Тамара.

Әңгіме арасында Тамара екі жұмысты қатар алып жүрудің қиындығы көп екенін жеткізді. Алайда ісіне жинақы, шапшаң шебер бәріне үлгеруге тырысатынын айтады.

— Мектепте жүктемем көп емес, сондықтан оқуға сабақ кестесіне сәйкес барып, сабағымды беріп келемін. Оқушыларымды жақсы көремін. Оларға бар білгенімді үйретемін. Мектептегі жұмысымды аяқтаған соң ательеме қайтып келіп, мұндағы жұмысымды жалғастыра беремін. Әлі күнге дейін ресми түрде қасыма көмекші алғаным жоқ. Алға қойған жоспарларымды жүзеге асырған соң қасыма жақсы тігінші алғым келеді, — дейді кейіпкеріміз.

Тамара Горбань алдағы уақытта мектеп оқушылары мен аудан тұрғындарына Жаңа жыл, Наурыз, 1 мамыр мерекелеріне арнап мерекелік киім үлгілерін тігіп, жалға бергісі келеді.

  • Қазір тұрғындардың көпшілігі балаларына мереке сайын киім тіктіруге қалтасы көтермейді. Көп жағдайда жалға алғанды дұрыс көреді. Сондықтан осы істі алдағы уақытта қолға алуды жоспарлап жүрмін, — дейді шебер.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*