Басты бет » Ауыл » Саматтың құстары

Саматтың құстары

Алға қаласының тұрғыны Самат Есетов екі жылдан бері құс өсірумен айналысады.

Бүгінде оның шаруашылығында 300 қаз, 400 тауық, сондай-ақ 10 шақты тауыс пен қырғауыл бар.

Самат Есетов құс шаруашылығын дамыту мақсатында 2016 жылы күзде 5 жылға 6 пайызбен 5 миллион теңге шағын несие алыпты. Алған несиесіне Қытайдан 2 миллион теңгеге сыйымдылығы 3 мыңға жететін инкубатор әкеліпті. Сондай-ақ Ресейдің Орск қаласынан қаздың балапандарын, Ташкенттен қырғауыл мен тауыс сияқты сәндік құстар сатып алған.

  • Қазір құстардың барлығын қала шетіндегі базда бағып отырмын. Қаздар күндіз далада жүреді. Олар 30 градус аязға дейін шыдайды. Ал тауықтар күндіз-түні жылы қорада тұрады. Алғашында тауықтар 400-ге дейін балапан басты. Күзде біршамасын саттық. Қазір қорада 400 тауық қалды. Қытайдан әкелген инкубаторға қаздың 2,5 мың, ал тауықтың 3 мың жұмыртқасы сыяды. 10 ақпаннан бастап қаздарға Орынбордан арнайы жем алдырып, беріп жатырмыз. 1 қап жем 6 мың теңге тұрады.

Себебі осы айдың аяғынан бастап қаздар жұмыртқалай бастайды. Егер жем-азығы жақсы болса, балапандар жылдам жетіліп, тез оңалады, — дейді кәсіпкер.

Өткен жылы Самат Есетов құстарына арнап жүн жұлатын машина да сатып алыпты. Күзде құстарды семіртіп, сойғанда бұл машинаның пайдасы зор.

Кәсіпкер қорадағы құстарына күн сайын 4-5 қап бидай, арпа, сондай-ақ құстарға арналған арнайы жем беретінін айтады. Ал бидай, арпаны облыс орталығына барып, өзі әкеледі.

  • Құс өсіруде, ең бастысы, олардың жем-суын уақтылы беріп отыру керек.

Сондай-ақ оларды аурудан сақтау қажет. Қорадағы құстар ауырса, зайыбым Шолпан өзі бағып, күтеді. Мамандығы басқа болғанымен, ол «оқымаған» дәрігер. Құстар туралы кітаптарды көп оқиды, көп біледі. Екеуміз алдағы уақытта осы шаруашылықты дамытуға бар күшімізді салып жатырмыз. Себебі қазір елімізде әрі дәмді, әрі адам ағзасына пайдалы құс етіне деген сұраныс жоғары, — дейді С.Есетов.

Оның айтуынша, сәндік құстар саналатын қырғауылдар мен тауыстардың біздің климатқа үйренуі қиын. Себебі жылы жақтан келген құстардың суыққа бейімделуі оңай емес. Оларға көп күтім керек.

  • Өткен жылы қырғауылдың еркегі суыққа төзбей, өліп қалды. Ақтөбеден таба алмаған соң, Ташкенттен алдырттым. Қазір қорада бір еркек, бір ұрғашы қырғауыл бар. Алдағы уақытта оның да санын көбейту ойда бар, — дейді кәсіпкер.

Самат Есетов күз айларында қазды 4-5 мың, ал тауықты 3 мың теңгеден сататынын, сондай-ақ жемге айырбастайтынын айтады. Ал алдағы уақытта баз маңынан шағын цех ашып, қаз сойып, қаздың мамығын жинап, сатпақ.

Оның айтуынша, жастық жасау үшін қаздың мамығын сұрайтындар көп.

Айта кету керек, Самат Есетов құс өсірумен қатар, қой шаруашылығын да қолға алған. Қазір оның бағымында 100 шақты қойы бар.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*