Басты бет » Басты жаңалықтар » Биыл облыс экономикасының өсімі 5 пайыздан кем болмайды

Биыл облыс экономикасының өсімі 5 пайыздан кем болмайды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының 9 ақпан күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыруға байланысты селекторлық жиын өткізді. Оған мемлекеттік органдардың, кәсіпорындар мен компаниялардың, шаруа қожалықтары мен қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.

«Негізгі міндеттердің бірі — экономика дамуының қарқынын бәсеңдетпеу. Облыс өткен жылды 5% өсіммен аяқтаған болатын, биыл одан төмен болмауы керек. Ол үшін жұмысқа жылдың басынан бастап белсенді қосылып, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету қажет», —деп атап өтті жиынды ашқан Бердібек Сапарбаев.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының Президент тапсырмаларына негізделген 2018 жылға арналған толық болжамымен облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Олжас Смағұлов таныстырды.

Болжам бойынша биылғы жылы облыс экономикасының кем дегенде 5% өсімін қамтамасыз ету — орындалатын тапсырма. Экономикалық даму негізінде өнеркәсіп, ШОБ, ауыл шаруашылығын, сауда-саттықты, құрылыс секторын дамыту мен инвестиция тарту есебінен қамтамасыз етілетін болады.

Өнеркәсіп көлемі 2 трлн теңгені құрап, 2017 жылғы деңгейден 448 млрд теңгеге көп болады деп күтіліп отыр. Өңдеу өнеркәсібінің интенсивті өсімі 526 млрд теңгеден 840 млрд теңгеге жететіні болжануда.

«Өңдеу өнеркәсібі 2015 жылы облыстағы барлық өнеркәсіптің 26%-ын қамтамасыз етсе, болжам бойынша 2018 жылы 44% қамтамасыз етпек. Бұл экономиканың әртараптануын растау және мұнай-газ секторына деген тәуелділікті төмендету болып табылады. Дегенмен, Президент Жолдауына сәйкес тау-кен металлургиялық және мұнай-газ кешені біздің экономикамыз үшін стратегиялық маңызын сақтап қалуы тиіс», — деп атап өтті О.Смағұлов.

Инновациялық технологияларды дамыту аясында технологиялық жаңғырту жүргізіліп, 25 кәсіпорын 38 млрд теңгеге цифрландырылады және «ЭКСПО-2017»-нің 18 технологиясын енгізу жұмыстары жалғасатын болады.

2018 жылы өнеркәсіп саласында басты назар шағын мұнайлы және өзге де резервті кен орындарының әлеуетін пайдалануға, мұнай өңдеу мен мұнай-химия салаларын дамытуға, инновациялық технологияларды енгізуге, ИИДМБ шеңберіндегі жобалар санын арттыруға,  қолданыстағы кәсіпорындардың барынша жұмыс жасауына, Хромтау моноқаласының әлеуетін, компанияның сатып алудағы жергілікті мазмұндағы деңгейін арттыруға және ірі кәсіпорындармен серіктестік бағдарламаларды жүзеге асыруға аударылады.

Биылғы жылы облыс экономикасына 502 млрд теңге тартылмақ, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 65,4 млрд теңгеге көп.

Ауыл шаруашылығының өсу қоры баршылық. Оларды тиімді жүзеге асыру үшін жерді рационалды пайдалану, мал және егін шаруашылығының өнімділігін, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру, ет кластерін дамыту, шаруаларға қызмет көрсету орталығы мен индустриалды-аграрлық аймақ құрудың бірқатар шаралары ұсынылды.

Айта кетейік, Президент Жолдауына сәйкес, ауыл шаруашылығындағы басымдық — жаңа технологияларды енгізу және өнімді қайта өңдеу жобаларына стратегиялық инвесторларды тарту, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту жұмыстары болып қала береді.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 177 млрд теңгені құрайды. 870 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде, бұл өткен жылдан 9,8% көбірек. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде құрылыстың жаңа әдістерін, қазіргі заманғы материалдарды енгізу, экологиялық үйлесімділік пен ғимараттардың энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажет.

Сондай-ақ, Ақтөбе нарығына қазақстандық және шетелдік құрылыс компанияларын белсенді түрде тарту, құрылыс кластерін құру және мемлекеттік қолдаудың «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағдарламалары аясындағы  механизмдерін барынша пайдалану қажеттігі  де талқыланды.

Облыс әкімі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмыстарының дайындығын сапалы түрде жүргізуді, тұрғындардың мәртебесін өзекті қылуда неғұрлым жұмыстануды, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санын оларды өнімді жұмыспен қамту есебінен кем дегенде 10-15% азайтуды, қоғамдық сананы жаңғыртуды, құрылған жұмыс орындарының саны туралы болжамды деректерді қайта қарауды және т.б. тапсырды.

Жиынды түйіндеген Бердібек Сапарбаев Елбасының тапсырмаларын тиімді орындауға бағытталған бірнеше міндеттерді атады. Облыс әкімі цифрландыру мәселесіне жеке тоқталды.

«Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысы аясында цифрландыру мәселесіне ерекше көңіл аударды. Жалпы алғанда, цифрландыру элементтері экономиканың барлық салаларында, әлеуметтік блоктан бастап, индустрияға дейін енгізілуі керек», — деп атап өтті өңір басшысы.

Бұдан өзге, жиын кезінде Ақтөбе агломерациясын дамыту, мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігін бағалау мәселелері қаралып, сонымен қатар ішкі мемлекеттік аудит департаментінің өткен жылғы қызметі қорытындыланды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*