Басты бет » Жаңалықтар » Журналистерге шеберлік сабағын өткізді

Журналистерге шеберлік сабағын өткізді

Тәжірибе

Белгілі публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай ақтөбелік журналистер алдында шеберлік сабағын өткізді.

Мақсат — қалам ұстаған қыз-жігіттердің таным көкжиегін кеңейтіп, оларды одан сайын көркем жазуға, журналистиканың сан түрлі формаларын үйреніп-білуіне мүмкіндік беру. Шеберлік сабағында кіріспе сөз сөйлеген «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин арнайы шақырумен келген қарымды қалам иесінің дәрісін тыңдап, тәжірибесін бөлісу жергілікті журналистер үшін тиімді екенін айтты. Бұдан соң танымал журналист мекеме құрамына кіретін екі облыстық газет, үш журнал және «Ақтөбеньюс» сайтында еңбек ететін жас әріптестері мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттерімен үш күн бойы жазу-сызу төңірегінде ой бөлісті.

Алдымен журналистикадағы стильдер мен формалар, жалпы жазудың әртүрлі тәсілдері туралы айтқан Қайнар Қалиақпарұлы, сондай-ақ сөйлемдердегі сөздерді орнымен қолдану, мақаланың тақырыбын ұтымды қоюдың жолдары, сандарды жазудағы жиі кездесетін қателіктерге тоқталды. Мұнымен бірге, қазіргі қазақ журналистикасының жай-күйі, өзіне үлгі болған ұстаздары мен жұмыс барысындағы естен кетпес оқиғалары жөнінде баян етті.

— Журналист әрдайым ізденіс үстінде болуы керек. Алдағы уақытта жазатын, зерттейтін тақырыптарының тізімін де алдын ала жасақтап қоюы тиіс. Іштей дайындығы, өзі қаузаған тақырыбына деген қызығушылығы бар журналист бірден байқалады. Сондықтан кемінде алдағы 1-2 жылда жазатын мақалаларыңның жөн-жобасы аз дегенде ойларыңызда болса, нұр үстіне нұр.

Сосын сүйіп оқитын кітаптары болуы қажет. Мәселен, мен жас журналистерге Мұхтар Мағауиннің «Мен», Бауыржан Омаровтың «13-ші қаламұш», басқа да көрнекті қаламгерлердің кітаптарын оқуға кеңес беремін. Олардан көп нәрсені үйренуге болады, — деп атап өтті Қайнар Олжай.

Шеберлік сабағына қатысқан журналистер, сонымен қатар, өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.

Айта кетейік,  белгілі публицист, ТМД Журналистер Конфедерациясы сыйлығының лауреаты, ҚР Президенті грантының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сондай-ақ, «Президент пырағы», «Қара нары қазақтың», «Атамыз — Аласанбай», «Қанат байлаған қазақ» кітаптарының авторы Қайнар Олжаймен сұхбатты газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*