Басты бет » Жастар » Студент әлеуметтік желі ашқысы келеді

Студент әлеуметтік желі ашқысы келеді

Ақтөбелік студент Нұрымжан Жұмағазиев қазақтың төл өнері — айтысты сүйетін жастарға арнап әлеуметтік желі ашқысы келеді. Жас жігіттің бұл бастамасы Алматыда өткен республикалық форумда мамандар тарапынан оң бағаға ие болған.

21 жастағы Нұрымжан замандастарының арасында айтыс жанкүйерлерінің санын арттыруды мақсат тұтады. Ал бұл мұратына ол қыз-жігіттердің көптеп шоғырланатын «мекені» — ғаламтордың көмегіне жүгіну арқылы қол жеткізбек.

— Бұл идея маған өткен жылдың басында келді. Өзім секілді айтысқа қызығатын қауымның басын қосып, интернетте неге ортақ желі ашпасқа деген ой туды. Содан бұл туралы университеттегі оқытушыларыма айтып едім, олар бұның мазмұны, сипаты туралы слайд әзірлеуімді тапсырды. Нәтижесінде ақындардың өмірбаяны, өлеңдері, сұхбаттары, өткізілетін байқаулардың жай-жапсары  қамтылған бас-аяғы 9 бөлімді құрастырып шықтым. Жобамды «Ақындар алаңы» деп атадым. Бұған кез келген өнерсүйер жас атсалыса алады. Жасқа келгенде де шектеу жоқ.

Есептеп көргенімде, жобаны іске асыру үшін кемінде 1 миллион теңге қажет екен. Жас ақындардың танылуына себепші болатын әлеуметтік желіге қаржылай қолдау көрсетіңізші деп әзірге ешкімге жолықпадым. Жобамды әуелі айтыстың жанашыры Жүрсін Ерманға, артынша Ринат Зайытов, Мұхтар Ниязов сынды ақындарға көрсету ойда бар, — дейді С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті филология факультетінің IV студенті Нұрымжан Жұмағазиев.

Болашақ тіл маманы «Ақындар алаңы» жобасын өткен жылдың соңында Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ  ұлттық университетінің қабырғасында ұйымдастырылған «Мен жастарға сенемін!» атты студент-жастардың V республикалық форумында таныстырыпты. Оның сөзінше, қазақ поэзиясына жаны ашитын азаматтар ол жақта да табылған. «Ол шараның онлайн-байқауына 2 мыңға жуық жұмыс қабылданды. Соның  ішінен 400 автор ғана іріктеуден өтіп, Алматыдағы басқосуға шақырылды. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған форумнан түйгенім көп. Шараға жаңашыл бастамалардың авторлары, жас ғалымдар өте көп жиналды. Әсіресе, жаңа технологияларға басымдық беріліпті. Олардың бұл жағынан бізден әлдеқайда алда екені бірден байқалды…  Қазылар алқасы жобамның болашағы зор екенін айтып, сәттілік тіледі. Соңында сертификат табыс етті», — дейді ол.

Жаңашыл жобасын қайткенде де жарыққа шығарғысы келетін жігіт, сондай-ақ,  әдебиетті оқу әдістемесі бойынша ізденіп жүргенін қосты.  Алдағы уақытта мектепте қазақ тілі мән әдебиеті пәнінен сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеуді жоспарлап отырған Нұрымжанның білімін Қазан қаласында жетілдірмек ойы бар.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*