Басты бет » Спорт » Мейрамбектің жүлдесі

Мейрамбектің жүлдесі

Иран Республикасында грек-рим күресінен өткен «Тахти Кубогы» халықаралық турнирінде жерлесіміз Мейрамбек Айнағұлов қола медальға ие болды.

Биыл UWW күрес федерациясы грек-рим күресінің ережелеріне едәуір өзгерістер енгізген болатын. Бұл жаңашылдықтар негізінен салмақ дәрежелері және қатысушылардың салмақтарын өлшеу ретіне қатысты. Сонымен қатар, халықаралық жарыстарды өткізу топтамалары мен ұйымдастыру форматтары да өзгертілді. Енді ресми халықаралық күнтізбелік жоспарда 4 қана рейтингтік турнир бар. Сол төрт жарыстың бірі — 38 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жоғарыда аталған спорттық сайыс. Өз кезегінде рейтингтік турнирлерде жиналған ұпайлар осы жылдың қазан айында Венгрияда өтетін Әлем чемпионатының жеребе тарату кезінде есептеледі. Және бұл ұпайлар 1-5 орындарға ие болған спортшыларға ғана саналады.

Бірқатар белдесуді өткізген соң ақтық сында Мейрамбек ирандық палуанға есе жіберді. Ал қола жүлдеге белдесу кезінде Әзірбайжан елінен келген әріптесінен басым түсті. Сонымен, ақтөбелік спортшының қоржынында 5 рейтингтік ұпай бар. Жарыста әлемнің 20-ға жуық мемлекетінен келген палуандар күш сынасқанын айта кету керек.

Бүгінгі таңда Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Мейрамбек Айнағұлов наурыз айында Қырғызстан Республикасының Бішкек қаласында өтетін Азия чемпионатына қызу дайындалып жатыр. Дүбірлі додаға әзірлік жұмыстарының екі кезеңі де Тараз қаласындағы «Атлетик» базасында өтпек.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*