Басты бет » Спорт » Юлия Галышева — қола жүлдегер!

Юлия Галышева — қола жүлдегер!

Пхенчхан Олимпиадасының алғашқы үш күнінің қорытындысы бойынша 11 медаль жиынтығы сарапқа салынып, 33 жүлдегер анықталды. Солардың қатарында Қазақстан спортшысы Юлия Галышева бар.

Фристайлдың могул түрінен сайысқа түскен Юлия Галышева Олимпиаданың қола жүлдегері атанды.

Юлия Галышева жарыс жолына 9 ақпанда шықты. Алғашқы іріктеу жарысында ол 75,10 ұпай жинап, бірден-ақ финалға жолдама алды. Финалдық жарыстар — финалдың алғашқы кезеңі және ақтық сын — 11 ақпанға белгіленген еді. Финалға 20 адамға жолдама берілсе, ақтық сынға солардың арасынан ең мықты алты спортшы ғана шыға алады. Біздің спортшымыз финалда 75.81 ұпаймен 6-орын алды. Бұл ақтық сынға шыққандар арасындағы ең соңғы көрсеткіш болса да, қазақстандық жанкүйерлер жүлдеден үміт үзген жоқ. Ақтық сында Юлия сол үмітті ақтады. Бұл жолы 76.40 ұпай жинап, алдыңғы көрсеткіштерін едәуір жақсартты. Нәтиже — қола медаль!

Бұл жарыста франциялық Перрен Дафонт (78.65 ұпай) Олимпиада чемпионы атанды. Ал күміс жүлдені канадалық Жюстин Дюфуа-Лапуант (78.56 ұпай) еншіледі.

Олимпиадада могулдан әйелдер арасындағы жарыстарға қатысқан тағы бір қазақстандық спортшы, небәрі 16 жастағы Аяулым Әміренова іріктеу жарыстарының екінші кезеңінен аса алмады.

Шана спортынан өнер көрсеткен тағы бір жас  қазақстандық спортшы Никита Копыренко да жарысты үшінші кезеңмен аяқтады. Ол бірінші кезеңде — 35-ші, екінші жолы — 38-ші, ал үшінші кезеңде 34-орында болды.

10 ақпанда 1500 метр қашықтықта жарысқа шыққан шорт-трекшілеріміз — Нұрберген Жұмағазиев пен Денис Никишаға да финал жолдамасы бұйырмады. Өз тобында екінші болып келе жатқан Нұрберген соңғы айналымдардың бірінде құлап қалып, сәтсіздікке ұшырады. Ал Денис өз сәтсіздігін алыс қашықтықтардағы жарыстарға әзірлігінің аздығымен түсіндірді.

Осы күндері биатлоннан 7,5 шақырымдық қашықтықта — әйелдер, 10 шақырымдық қашықтықта ерлер арасында спринттік жарыстар өтті. Бұл жарыстарда қазақстандық ерлер құрамасы да, әйелдер құрамасы да жоғары нәтижеге қол жеткізе алған жоқ.

Сонымен, Қазақстан, Юлия Галышеваның арқасында, жалпы есеп кестесіндегі елдер қатарына қосылып, Италия, Финляндия және ХОК туы астында өнер көрсетіп жатқан Ресеймен бірге, 11-орынға жайғасты. Бұл кестеде әзірге небәрі 14 мемлекет болса, олардың ішінде Азия құрлығынан екі ел ғана бар:  Қазақстан мен Олимпиада өтіп жатқан Оңтүстік Корея. Ал көш басында Германия, Нидерланд, Норвегия тұр.

А.САРЫБАЙ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*