Басты бет » Мәселе » Жасөспірімдер неге қаруға жармасады?

Жасөспірімдер неге қаруға жармасады?

Былтыр жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі 62,2 пайызға өскен. Биыл да кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың өсу деңгейі байқалады. Қаңтар айының өзінде 35 қылмыстық  құқықбұзушылық тіркелген, соның ішінде 11-і суық қаруды пайдаланумен байланысты. Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның кезектен тыс отырысында жасөспірімдердің мұндай топтағыларымен мақсатты жұмыс ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның баяндауынша, жасөспірімдердің мінез-құлқы олардың тәрбиеленіп отырған отбасына, ондағы жағдайға тікелей байланысты қалыптасады.

Облыста 214 отбасы ерекше бақылауға алынды. Ондағы  ата-аналардың 69,7 пайызы — жұмыссыз. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасындағы жандарды жұмысқа орналастыру, оларға әлеуметтік және материалдық қолдау көрсету  мақсатында жұмыспен қамту мекемесімен бірлескен іс-шаралар жүргізіліп жатыр, — деді ол.

Басқарма басшысы мектеп, колледж оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану мәселесін көтеріп, қайырымдылық акцияларының тиімділігі жайын сөз етті.

Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бөлім басшысы Ақтолқын Өтешова өз сөзінде статистикалық деректер келтірді. Оның айтуынша, егер 2016 жылы жасөспірімдер 98 қылмыстық құқықбұзушылық жасаса, ал 2017 жылы бұл көрсеткіш — 159.

— Өткен жылдың желтоқсан айында ғана 14 қылмыстық іс тіркелді, оның екеуі ауыр дене жарақатына, алтауы — ұрлық, төртеуі — бұзақылық, ал бір дерек тонау мен алаяқтыққа негізделген, — деді А.Өтешова.

Желтоқсан-қаңтар айларында жасөспірімдердің құқықбұзушылық әрекеттеріне жүргізілген талдауда, олардың бір-бірімен жанжалдасуының арты пышақ қолданумен аяқталған. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы №49 орта мектептің 9-сынып оқушысы оқу уақыты кезінде өзінің сыныптасына пышақ жарақатын салған. Бұл жағдай республика деңгейінде үлкен шу туғызды.

Қаңтар айының алғашқы күні Батыс-2 шағын ауданындағы көп қабатты үйлердің бірінің подъезінде Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінің сырттай бөлімдегі 4-курс оқушысы жолдасына пышақ жарақатын салған.

Ақтолқын Өтешова өз баяндамасында мұндай бірнеше мысал келтірді. Мәлім болғандай, жасөспірімдер өзімен бірге  пышық қана емес, суық қарудың өзге де түрін алып жүретін көрінеді.

Бүгінгі күні Қазақ гуманитарлық заң университетінің Ақтөбе колледжінің оқушысына қатысты іс тергеліп жатыр. Ол өзінен үлкен жолдастарымен бірге төбелеске қатысып, сонымен бірге пневматикалық тапаншамен көрші үйдің аула сыпырушысының аяғынан атқан. Сондай-ақ, ұялы телефон ұрлығы, бөтен біреудің затын тонау әрекеттері де өзекті мәселе ретінде айтылды.

Бүгінгі күні жасөспірімдер арасындағы қатыгездік әрекеттерден туындаған статистикалық деректер алаңдатып отыр. Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева мектеп және колледж директорлары мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларынан қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады.

— Барлығы оқу орнының басшылығына байланысты. Неліктен кейбір мектептер мен колледждер жақсы көрсеткішке ие, ал басқалары жылданжылға құқықбұзушылық статистикасын арттырады? Бүгінде балалармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдері керек. Сондай-ақ тұрақты бақылауды күшейту қажет. Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, үйірмелер мен секцияларға баруға қызығушылық тудыру керек. Қалалық техникалық шығармашылық орталығынан үлгі алыңыздар, — деді ол.

Ақтөбе автожол колледжінде болған кездесуге бірқатар құқықбұзушы жастар мен олардың ата-аналары да қатысты. Бір оқушы кездейсоқ жанжал кезінде пышақ қолданса, енді бір ата-ана баласына досының туған күнін мерекелеу үшін сол үйде түнеуге рұқсат берген.

— Баланы тәрбиелеу — ата-аналардың тікелей жауапкершілігі, мұның бәрін мұғалімдердің иығына аударып қоюға болмайды. Балаларыңыздың үйден тыс уақытта не істеп жатқанынан хабардар болуларыңыз керек, — деді Л.Оразбаева.

Соңғы жылдардағы қылмыстық құқықбұзушылықтардың көпшілігін полиция органдарында тіркелмеген жасөспірімдер жасаған. Жиын қорытындысы бойынша мектеп психологтарына балалардың сауалнамасының нәтижелерін ескеру тапсырылды. Себебі құқықбұзушылардың сауалнамаларында девиантты мінез-құлықтың үрдісі көп байқалады екен. Сондай-ақ оқу орындарындағы мектеп инспекторлары жиі өзгеретіні сөз болды. Бұл салада тәжірибелі қызметкерлер жеткіліксіз. Сонымен қатар жиында қылмыстың дер кезінде алдын алу үшін аудан әкімдерінің орынбасарлары қалалық колледж директорларымен бірлесіп жұмыс істеуі қажеттігі айтылды.

Гүлсім НАЗАРБАЕВА.

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*