Басты бет » Жаңалықтар » Өтінім мен шарт

Өтінім мен шарт

Дөңгелек үстел

Кеше Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша аумақтық департаменті мемлекеттік мекемесінде электрмен жабдықтау желілеріне қосылу тәртібін, электрмен жабдықтау сапасын және электр энергетикасы саласындағы заңнама нормаларын түсіндіру бойынша дөңгелек үстел өтті. Бұл шараға облыстық кәсіпкерлік басқармасы қызметкерлері, «Энергосистема», «Ақтөбеэнергоснаб»  жауапкершілігі  шектеулі серіктестіктері және электр қуатын тұтынушылар өкілдері қатысты.

Аталған департаменттің басшысы Нұрболат Әлмұханов электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу рәсімін жеңілдетуге және электрмен жабдықтау сапасын арттыруға байланысты қабылданған және қабылдану үстіндегі шаралар туралы баяндады. Баяндамашы энергия беруші немесе энергия өндіруші мекеме электр желісіне рұқсат алу үшін әрбір тұтынушыға шарттар беретінін айтып, электр қуатын пайдалану қағидаларына  кеңірек тоқталды. Тұтынушыларға электр желісіне қосылу үшін техникалық шарттар осы қағидаларға сәйкес ғимарат бойынша өтінім негізінде беріледі.  Ал салынып жатқан объектілерді электрмен жабдықтау үшін тұтынушыға құрылыс кезінде уақытша техникалық шарттар беріледі. Техникалық шарттарды беру және қайта рәсімдеу үшін төлем алынбайды.

Департаменттің бас маманы Темур Мыңбаев электр желілеріне қосу рәсімін оңтайландыруға байланысты жұмыстар, электрмен жабдықтаудың заңдылықтары, энергия беруші мекемелердің жауапкершілігі туралы түсінік берді.

Дөңгелек үстел барысында оған қатысушылар өздерін толғандырған мәселелер бойынша ой қозғап, түрлі сауалдарына электр қуаты саласының тиісті басшылары тарапынан  жауап алды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*