Басты бет » Басты жаңалықтар » Жергілікті қамту экспорттық әлеуетті арттырады

Жергілікті қамту экспорттық әлеуетті арттырады

Форум

«Аймақтардың ынтымақтастығы — жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы жергілікті қамтуды дамытудың негізі» тақырыбында өткен өңіраралық форум «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында ұйымдастырылды. Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов пен Инвестициялар және даму министрлігі жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры Руслан Баймышев, сондай-ақ «Kazenergy» қауымдастығы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «NADLoK» жергілікті мазмұнды дамыту жөніндегі ұлттық агенттіктің, Қазақстандағы мұнайсервистік компаниялар одағының, тау-кен және металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының әрі облыстағы ірі жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Ақтөбеде мұндай форумды өткізудегі мақсат — мұнай-газ және тау-кен секторларында жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында отандық тауар өндірушілерді ынтымақтастыққа тарту арқылы қазақстандық мазмұнның үлесін дамыту. Форум жұмысы кезінде сөз сөйлеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа ойлардың осындай кездесулерде, пікірлесулерде туындайтынын айта келе:

Әрбір мемлекеттің мақсаты мен міндеті — өзінің тауар өндірушілерін қолдау. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз егемендік алған күннен бастап  ең бірінші қолдауды, көмекті қазақстандық тауар өндірушілерге көрсетіп келеді. Қазақстанның экономикасының дамып, отандық тауарлардың дүниежүзінде сатылып, сұранысқа ие болып жатқаны соның нәтижесі деп білеміз. Елбасының тапсырмасына сәйкес, кейінгі кездері Үкіметтің, «Атамекен» Ұлттық палатасы мен жергілікті билік өкілдерінің жүргізіп отырған саясаты — «Қазақстанда жасалған» деген атпен тауарларды көбейту. Бұл — қазақстандықтарды отандық өнімді тұтынуға және оны дүниежүзіне экспорттауға өз мүмкіндігін береді. Мемлекет басшысының осындай тапсырмасына сәйкес, біз де ақтөбелік тауар өндірушілерді, кәсіпорындар мен компанияларды, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жұмыс жасап жатырмыз, — деді Бердібек Сапарбаев.

Жаңа кодекс және жаңа мүмкіндік

Форумның алғашқы бөлігінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының жаңа кодексінің мәні мен мазмұны түсіндірілді. Жаңа Заң өткен жылдың 27 желтоқсанында қабылданған. Енді бұл Заң биыл 1 шілдеден бастап қолданысқа енеді.Форум жұмысында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Бішімов жаңа кодекс жайында:— Форум жұмысы аясында Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа Заңының таныстырылымы жасалды.  Бұл орайда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғауда және оларды тауарлар мен қызметтерді жеткізуге айтарлықтай тартуда белсенді атсалысқанын айта кеткен жөн. Жер қойнауын пайдаланушылармен сатып алу туралы ереже әзірленіп, жаңартылады. Яғни,  барлық іскерлік қауымдастықтың пікірін ескере отырып, өзгерістер болады. Бұл өз кезегінде біздің отандық өнім өндірушілерімізге жергілікті қамтуды барынша ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты бізде жинақталған жұмыс тәжірибе бар. Бұл — квазимемлекеттік сектордағы мемлекеттік сатып алулар мен сатып алу ережелеріндегі қазақстандық үлесті арттыру тұрғысынан заңнаманың өзгеруі, — деді.

45 кәсіпорынның тауары

Форум аясында Ақтөбеден бөлек, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстары тауар өндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылды. Бұл өз кезегінде сауда-экономикалық қатынасты дамытып қана қоймай, өнім өндірушілер мен тұтынушы компаниялар арасында ынтымақтастық, әріптестік байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеде 45 кәсіпорынның тауары көпшілік назарына ұсынылды. Олардың арасында мұнай жабдықтары мен арнайы киімдер, құбырлар, резинка түтіктер, арнайы техникалар мен жергілікті азық-түліктер және басқалары бар. Облыс әкімі бастаған топ көрмені аралап, тауар өндірушілермен әңгімелесті. Төрт жылдан бері нарыққа шығып жүрген Ақтөбедегі «Спецтехника» ЖШС шығаратын ST-14 маркалы автогрейдері қытайлық және ресейлік техникалармен бәсекелесе алады. Облыс әкімі «Спецтехника» ЖШС құрылтайшысы Александр Котелевецтен жыл сайын мұндай техниканың қаншасын құрастырып шығаруға болатыны жайында сұрағанда, ол:— Егер біз толық қуаттылықта жұмыс жасайтын болсақ, онда ай сайын үш автогрейдер құрастыруға шамамыз келеді. Сондай-ақ, лицензия бойынша Челябинск қаласында өндірілетін ДЗ-98 ауыр грейдерін де жасай аламыз. Әрине, оның бәрі тапсырысқа байланысты. Ең бастысы — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта біздің жабдыққа сенім қажет, — деді ол.Бұл орайда облыс әкімі мұндай техникалардың өзімізде өндірілгені дұрыс екенін айтып, келер аптада осы тақырыпқа қатысты арнайы жиын өткізілетінін, сонда бұл мәселелер жан-жақты талқыланатынын айтты.    Облыс әкімі көрмеге шығарылған қызылордалық компания «Smart Rubber» ЖШС өнімдеріне көпшіліктің назарын бұрды. Әзірге елімізде баламасы жоқ бұл кәсіпорында неміс технологиясы бойынша өсімдікті тамшылатып суаруға арналған құрылғылар шығарылады.

Қызылорда облысындағы «Smart Rubber» ЖШС директорының орынбасары Тимур Қойшыманов Ақтөбеде мемлекеттік сатып алу бойынша  2017 жылдан бері жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл компания тамшылатып суару әдісінің жаңа технологиясы бойынша облыс орталығында 5 гектар алқапты өз міндетіне алған.

Ақтөбедегі жұмысымызды былтыр маусымда бастадық. Бүгінде Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығы ғимараты алаңы жер асты арқылы тамшылатып суарылады. Әрине, былтыр нәтиже болды. Биыл Ақтөбе қаласындағы 5 гектар алқапты суару жұмыстарын толық іске қосамыз, — деді.

Оның айтуынша, жер астындағы резинка түтікшелер 15-20 жылға дейін шыдас береді әрі механикалық зақымдану болмайды.

Полиэтилен түтіктермен салыстырғанда, сырты резинамен қапталған түтікшелер ұзақ пайдаланылады. Ең бастысы — жер асты тамшылатып суару технологиясы бойынша су 70 пайыз үнемделеді.  Мұнда су тікелей тамырға беріледі. Құбырды ашық қалдырған кезде де ылғал онша көп болмайды. Сол сияқты, бұл технологияны футбол алаңдарына да қолданамыз. Яғни, әр 33 сантиметр сайын жер астына біркелкі монтаж жасалып, жердің төменгі бөлігінен су беріліп тұрады. Бұл орайда өсімдікті үстінен суарудың қажеті жоқ.

Біз неміс технологиясын пайдаланамыз. Мәселен, Германиядағы футбол алаңдарында бұл құрылғы 17 жылдан бері жер астында жатыр. Егер жерді өңдеу керек болса, резина түтікшелерді суырып алуға болады. Бұдан түтікшелер еш зақымданбайды, — дейді Тимур Қойшыманов.

Оның айтуынша, неміс технологиясы бойынша ескі дөңгелектер өңделіп, одан сапасы мықты резинка түтіктер жасалады. Компания жеке және заңды тұлғалардан ескі дөңгелектерді Қазақстан аумағы бойынша қабылдайды. Бұл орайда, жеке тұлғалардан бұл өнім сатып алынады. Енді аталған компания көктемде мұндай жұмыстарды Ақтау қаласында жүзеге асырмақшы.

Тауарды сырттан тасымау керек…

Форум жұмысы кезінде өңір басшысы Ақтөбенің қандай өңір екенін, облыстың қандай экономикалық бағытта дамып жатқанын, мұнда қандай тауарлардың шығарылатын кішігірім жасалған көрмеден-ақ байқауға болатынын айта келе:

—  Біздің сіздермен кездесуіміз бірінші рет емес. Әрдайым өзіміздің шығарып жатқан өнімдерімізді, олардың сапасын, кәсіпкерлерге жасалатын жағдайды өздеріңізге көрсетуге тырысамыз. Ең негізгісі — егер Қазақстанның өңірлері бір-бірімен осындай өндіріс, жалпы экономика жағынан тығыз қарым-қатынаста болса, онда әрбір өңірдің тауар өндірушілерінің экономикалық жағдайы жақсарады. Біздің сыртқы кооперациямыз Елбасының еңбегінің арқасында қарышты дамып жатыр, сондықтан ішкі кооперация да солай болуы керек. Тауарларды сырттан тасымау керек. Өңірлер бірігіп кәсіпорын құрып, сырттан келетін тауарларды азайтуға ұмтылыс жасауы тиіс. Қазір Ақтөбе облысы бойынша қазақстандық мазмұнның көлемі — 53 пайыз, — деді Бердібек Машбекұлы.

Өңір басшысының айтуынша, Ақтөбе облысының тауар айналымы екінші жыл қатарынан оң нәтиже беріп отыр, яғни 1,5 миллиард долларды құраса, оның 60 пайызы — экспорт. Бердібек Машбекұлы жергілікті тауар өндірушілерге әрдайым қолдау барын айтып, бұл орайда батыс аймағын кооперациялық негізде жұмыс жасауға шақырды.

Сондай-ақ форумда ҚР Экономика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа Заңның өзгерістері жайында айта келе, кооперацияның тиімділігін, осы бағытта жұмысты жандандырудың маңызы зор екенін баса айтты. Сондай-ақ, форумда «Теңізшевройл», «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В» секілді  мұнай өндіруші компаниялар, олардың жүзеге асырып отырған жобаларына ерекше көңіл аударылды.

Ал Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Глеб Щегельский жергілікті мазмұнның көлемін ұлғайтуға серпін беретін ойларымен бөлісті. Халық қалаулысының ойынша, елімізде көптеген пайдалы қазбалар бар. Битум да ел аумағында өндіріледі. Оның айтуынша, құрылысқа, әсіресе жол салу ісінде осындай қазба байлықтарымызды пайдалану арқылы, қазақстандық мазмұнның үлесін арттырудың маңызы зор.

Сондай-ақ, форумда «NADLoK» жергілікті мазмұнды дамыту жөніндегі ұлттық агенттіктің басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Усовтар жергілікті мазмұнның үлесіне қатысты пікір білдірді.

Форум қатысушылардың пікір алмасуымен аяқталды.


Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*