Басты бет » Басты жаңалықтар » 1535 отбасы пәтерлі болды

1535 отбасы пәтерлі болды

Бейсенбі күні «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1535 отбасы баспаналы болды. Олардың ішінде көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен мүгедек жандар бар.

«Нұр Ақтөбе» шағын ауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен салынған 1374 пәтерлі тоғыз қабатты алты тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде  96 пәтер кезекте тұрған әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған. Қалған пәтерлердің иелері — «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары.

Көпбалалы отбасылар мен жетім балалар және мүгедек жандарға пәтер кілтін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тапсырды.

— Әрбір отбасы үшін ең басты мәселе — баспана. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше назар аударды. Осы мақсатта бүгінде елімізде «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» сынды бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Тұрғын үй мәселесін шешу бағытындағы жұмыстар жалғаса береді. Былтыр облыс бойынша 793 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылса, биыл 850-870 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Қазіргі күні 22 мыңға жуық ақтөбелік кезекте тұр. Егер ең кемі жылына төрт-бес үй салсақ, біраз адам пәтерлі болады. Бүгін, міне, сіздер жаңа пәтердің кілтін алып отырсыздар. Енді бұл аймақта сіздер үшін барлық жағдай жасалады. Емхана, дәріхана, халыққа қызмет көрсету орталығы салынады. Тағы 1200 орындық мектеп салынады. «Қауіпсіз қала» бағдарламасы бойынша үйлерге бейнебақылау орнатылады, — деген облыс әкімі жиналғандарды жаңа қоныстарымен құттықтады.

Жаңа пәтердің кілтіне ие болған  65 жастағы көпбалалы ана Миуа Сүйінова қуанышымен бөлісті.

Пәтер кезегінде тұрғаныма 12 жыл болды. Кезекті сабырмен күттім. Өзгелер құсап арыз жазып, шағым айтқан емеспін. Бүгін, міне, кезегім келіп екі бөлмелі пәтердің кілтін алдым. Қуанышымда шек жоқ. Мен секілді аналарға айтарым, сабырлы болсаң, шүкір етсең, барлығы өз ретімен келеді екен, — деген ана Елбасы мен облыс басшысына алғысын жаудырды.

Бердібек Сапарбаев Миуа Сүйінованың үйіне барды. Дастарқанынан дәм татты. Сондай-ақ жаңа үйдің жертөлесіндегі тігін цехын көрді. Бұл цехты «Қолғанат -Ақтөбе» қорының іскер әйелдері ашыпты. Қазіргі күні цехта  10 қыз-келіншек тегін оқып жатыр. Алдағы уақытта оның қатары тағы он адамға толықпақ. Мақсат — үйде отырған қыз-келіншектерге кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретіп, кейін өз ісін ашуына мүмкіндік жасау. Бұл жерде қыз-келіншектер мектеп формасын, жұмыс киімін және тағы басқа да киім түрлерін тігеді. Цех тігін машиналарымен жабдықталған. Облыс әкімі іскер әйелдердің бұл бастамасын қолдап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ  облыс әкімі Батыс-2 шағын ауданына барды. Бұл жерде  мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының «Бәйтерек Девелопмент» желісі бойынша салынған 161 пәтерлі он қабатты үйі пайдалануға берілді. Бердібек Сапарбаев тұрғындарды жаңа қонысымен құттықтап, пәтер кілтін берді. Жаңа баспанаға ие болған Ұлпан Ақмұрзинаның үйіне барды. Үйдің ішін аралап, көрді. Жаңа заманға сай жарық әрі кең екі бөлмелі үй шағын отбасыларға өте қолайлы. Облыс әкімі үй иесін құттықтап, дастарқанынан нан ауыз тиді. Ұлпан жедел жәрдем ауруханасында медбике болып жұмыс істейді. Бұған дейін әке-шешесінің үйінде тұрып келген. Екі баласы бар, күйеуі мүгедек. Үй кезегінде 2009 жылдан бері тұрады. Ұлпан қуаныштан көз жасына ерік берді.

Мемлекеттік бағдарамаға бірінші рет қатыстым. Шынымды айтсам, пәтерлі болатынымды білгенім жоқ. Жаңалықты естіген кезде  қуанышымда шек болмады, — деген Ұлпан облыс басшысына алғысын айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Бір пікір

  1. Qutty bolsyn!

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*