Басты бет » Мәдениет » Ақпанда — екі премьера…

Ақпанда — екі премьера…

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры көрермендерді екі бірдей премьераға шақырып отыр.

Бұл жөнінде кеше театрда өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Баспасөз мәслихатына театрдың директоры Нұрхан Кәдірбаев, әдебиет бөлімінің меңгерушісі Орал Байсеңгір, белгілі актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов және режиссер Данияр Базарқұлов қатысты.

Нұрхан Кәдірбаев айтқандай, театрдың қазақ және орыс труппалары өз репетуарларын бір-бір жаңа қойылыммен толықтырғалы отыр. Алғашқысы — Н. Гогольдің «Ревизорын» (аударған М. Әуезов), ал орыс труппасы Г. Хугайдың «Қара шекпенін» сахналайды.

«Ревизор» комедиясында басты рөлдер М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Болат Әбділманов пен осы театр актрисасы Айгүл Иманбаеваға ұсынылған. Сондай-ақ, екі спектаклді қоятын режиссерлер де Алматыдан шақырылған. «Ревизорды» — Жұлдызбек Жұманбаев, ал «Қара шекпенді» Данияр Базарқұлов сахналайды.

Театр директоры алматылық белгілі мамандар жергілікті актерлердің шеберлігін шыңдау, тәжірибе алмасу мақсатында шақырылып отырғанын айтты.

Өзі сомдаған Абай образы арқылы барша өнерсүйер қазақтың жүрегіне жол тапқан Болат Әбділманов ақтөбелік әріптестері туралы лебізін:

— Олардың ойындары мені сүйсінтті. Олар киноға түсуге, тележүргізушілікке, яғни жан-жаққа жүгірмей, өз шығармашылықтарын тек театр сахнасымен ғана байланыстырғандықтан, актер атаулының бойынан аңғарылып тұруы тиіс балалық мінезді, ішкі тазалықтарын сақтап қалған. Бұл өте маңызды, — деп жеткізді.

Ал көрермендер «Ревизор» комедиясының премьерасын — 10-15 ақпан аралығында; «Қара шекпенді» 15-18 ақпан аралығында тамашалай алады.

Ендеше, театрда кездесейік!

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*