Басты бет » Әкімдер есебі » Ақтөбеліктерді автобус жайы алаңдатады

Ақтөбеліктерді автобус жайы алаңдатады

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың халыққа кезекті есеп беру кездесуі өтті. Жиынға тұрғындардан бөлек, облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Сұлупан Шынтасова қатысты.

Шаһар басшысы алдымен өткен жылы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының оң динамикасы сақталғанын, өндірістік өнеркәсіптік өнім көлемі, жыл басындағы дерекке сәйкес, 523,9 млрд теңгені құрағанын атап өтті. Ал қалалық бюджеттің кіріс бөлігі артығымен орындалып, болжамдағы 31,5 млрд теңгенің орнына қазынаға 31,7 млрд теңге түскен. Өз кезегінде былтыр бюджеттің шығыс бөлігі 77,8 млрд теңгені құрапты. Негізгі қаржыландыру білім беру, әлеуметтік қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және коммуникация, мәдениет, спорт салаларына жұмсалған.

Ілияс Испанов өз сөзінде жергілікті биліктің индустриалық-инновациялық дамуға ерекше мән беріп отырғанын, оған дәлел ретінде биыл 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын тілге тиек етті. Оның жалпы құны — 13,3 млрд теңге болса, соның арқасында 397 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Ауыл шаруашылығы саласы да Ақтөбеде қарқынды даму үстінде. Мәселен, «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 246 бас ірі қара алынған. Бұл — жоспардағы көрсеткіштерден үш есеге көп.  «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламалары жүз пайызға орындалыпты. «Ырыс» жобасының арқасында мал саны 200 баспақпен толыққан. Бұл ретте қалада ауылшаруашылық кооперативтерін құру бойынша нәтижелі жұмыс жүргізіліп жатыр екен. Айталық, олардың саны қазіргі таңда 19-ға жеткен. Жалпы, өткен жылы 102 ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтіп, 508 млн теңгеден астам қаржының өнімі саудаланған.

Көпқабатты үйлердің маңын абаттандыру, тұрғындарға жайлы ету — күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласында 1690 көп қабатты тұрғын үй бар. Былтыр 32 аулаға балалар ойнайтын алаң орнатылған, оған бөлінген қаржы — 43 млн теңге. Бұл жұмысты биыл да жалғастыру жоспарға енгізілген. Сондай-ақ есепті мерзімде жалпы саны 1 миллионнан астам тал-теректер егіліпті.

Былтыр облыс орталығына қарасты көлік жолдарын жөндеу үшін бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлінген. Биыл да бұл жұмыстар жалғасып, автомобиль кептелісін азайту үшін көпірлер мен жерасты өткелдері салынғалы отыр.

Осы орайда қоғамдық көлік мәселесі өңірде ерекше өзекті екені белгілі. Ақтөбе қаласының әкімі аталған түйткілді шешу үшін тиісті шаралардың жасалып жатқанын, былтыр 40 жаңа автобустың сатып алынғанын келтірді. Биыл автобустардың санын арттыру және жоспарланған. Бүгінгі таңда 52 автобус бағыты бойынша әртүрлі сыйымдықтағы 400-ден аса қоғамдық көлік жұмылдырылған. Ал аялдамаларға келсек, 19-ы өткен жылы орнатылса, биыл орталық көшелерде 34 павильонды қою бойынша жұмыстар қолға алынған. Мұнымен бірге, бизнестің әлеуметтің жауапкершілігі аясында қалада осындай 13 автобус аялдамасы салынғанын айта кету керек.

Соңғы деректерге сүйенсек, Ақтөбе қаласында жер кезегінде 120 мыңнан астам тұрғын тіркелген. 2017 жылы 10 391 жер учаскесі берілсе, 2018-2019 жылдары 18 мың адамды қамту жоспарда бар.

Жұмыссыздық мәселесінің де көпшілікті толғандыратыны рас. Бұл бойынша тиісті міндеттердің назарсыз қалмайтынын айтқан Ілияс Испанов, жыл басындағы мәліметтерге сай, қалада 2123 адамның ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелгенін атап өтті.

— «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жобалардың бірі — «Халықтық кеңсе». Ондағы негізгі мақсат — ашықтыққа қол жеткізу арқылы сыбайлас жемқорлықты азайтуға, қолжетімділікті қамтамасыз етуге, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік беру. Мұнда 20 ұйымның кеңесшілері мен мамандары 600-ден астам қызмет түрін көрсетеді, — деді Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов.

Сұрақ-жауап бөлімі келгенде зейнеткерлер Сазды аялдамасына №7 бағыттағы автобустың тоқтауын сұрап, қоғамдық көлік мәселесінің өздерін ерекше алаңдататынын білдірді. Қала тұрғыны Ерік Шаймағамбетов те қоғамдық көліктердің жұмысына наразылығын жеткізіп, уақытында келмейтінін, сондай-ақ, көзі нашар көретіндер үшін дыбыстық бағдаршам орнату керектігі жөнінде мәселе көтерді. Ақсақал кондукторлардың әр аялдаманы хабарлап, үнсіз отырмауын қадағалау қажеттігін және ескертті. Ілияс Испанов айтылған сындардың бәрі орынды екенін, барлығының мүмкіндігінше шешілетініне уәде беріп, жолаушылардың кондукторлардан билет талап етуді ұмытпауын сұрады. Қала әкімінің сөзінше, бұл нағыз кіріс мөлшерінің қандай дәрежеде екенін білу үшін, сонымен қатар, тәртіпті сақтау үшін аса қажет. Ал мәдениет саласының қызметкері Асылбек Кенегесов Ақтөбеге этно-фольклорлық ансамбльдің керек екенін, жаңа өнер ұжымын ашуға қолғабыс етуін сұрады. Ілияс Испанов бұның соншалықты ауыр жұмыс емес екенін, бұл бойынша жауапты органдарға тапсырмалалар беріп, солар сауалды жан-жақты зерттейтінін айтты.

Сөз соңында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов ауызша һәм жазбаша жолданған барлық сұрақтардың жауапсыз қалмайтынын айтып, жиналғандарды шаһардың гүлденуіне бірігіп үлес қосуға шақырды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*