Басты бет » Тарих » Бір жыл өте шықты…

Бір жыл өте шықты…

Тағзым

1993 жыл болуы керек. «Қазақ тілі» қоғамы Алға аудандық ұйымының төрағасы едім. Облыстық ұйым басшылығы аудандық ұйымдар төрағаларын жинады. Жиында аудандық ұйымдардың жұмысын күшейту, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, аудан орталықтарында қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшалар мен мектептер ашу және басқа мәселелер қаралды. Қарабұтақ ауданынан келген Қасымжан Байсадақов деген жас жігіт өзінің жақсы-жақсы ойлары мен ұсыныстарын айтып, белсенділік танытты. Мұнысы маған ұнап отырды.

Жиын біткеннен кейінгі бейресми кездесуде де әлгі жігіт арамызда үлкендер бар-ау демей, тізгінді қолға ала бастады. Мұнысы енді, шынымды айтайын, пендемін ғой, маған ұнаңқырамай қалды. Сонымды аңғартып: «Қасымжан, нешедесің өзі?» — дедім. Ол да менің түпкі ойымды сезіп қалып, ірікпестен: «Жиырма бестің о жақ-бұ жағы ғой», — деді қыңыр жауап беріп. Жауабына риза болып күліп жібердім, жеңілгенімді түсіндім. «Онда дос боламыз ғой» деп құшағыма тарттым.

Осылай басталған таныстығымыз кейін үлкен достыққа ұласты. Көп ұзамай екеуміз де Ақтөбеге қоныс аудардық. Достығымыз нығая түсті. Әсіресе, өзара «б/у редакторлар» атанған Қарабұтақтан Қасымжан, Комсомолдан Ғалымжан Төреханов, Ақтөбе аудандық газетінің редакторы болған Муапих Баранқұлов, күн сайын десем артық болмас, үнемі хабарласып тұратынбыз.

Қасекең Ақтөбеге келгенде де жұмысында болсын, жолдастар арасында болсын өзінің нағыз көшбасшылығымен көрінді. Қызмет атқарған жерлерінде «Мынаны Қасымжан жасап кетті» деген сөз қалды. Облыстық салық басқармасында жалпы бөлімде істесе де, аудандық салық мекемелері басшыларының оны қалай сыйлағанын көзімізбен көрдік.

Қарабұтақтан кейін Хромтау аудандық газетінің редакторы болған кезде орыс тілді атанған ауданның тіл саясаты өміріне өзіндік өзгеріс өрнегін салды. «Красное знамя» деген атпен бір тілде ғана шығып тұрған басылымның атын «Хромтау» деп өзгертіп қана қоймай, газетті екі тілде шығарды. Аудандық мекемелердің, тіпті аудандық әкімдіктің бөлімдерінің аттарын тек қазақ тілінде жазылуын сонау 1996 жылы талап етіп, солай жаздырған да Қасымжан көрінеді.

Облыстық әкімдіктің бір бөлімінде қызмет еткен кезінде де қиналып жүрген талай адамның жағдайын әкімге дұрыс жеткізе біліп, шаруаларын шешіп бергенін білеміз.

Облыстық мәслихаттың сессияларын өткізетін қазіргі күн талабына сай зал сол Қасымжан Байсадақовтың облыстық мәслихаттың хатшысы болып тұрған тұсында жаңартылып, ұйымдық құрал-жабдықтармен жабдықталған еді. Облыстық мәслихаттың депутаты әрі мәслихат хатшысы бола жүріп облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қолтаңбасын қалдырды деп айтуға болады. Облыстық мәслихат хатшысынан ықпал етуді сұрап келген талай кәсіпкерлер мен кәсіпті жаңадан бастаушылардың өтініштері қанағаттандырылып жатты. Ірі-ірі кәсіпорындардың басшылары Қасымжанға құрметпен қарады.

Қасымжан Байсадақов облыстық суда құтқару мекемесіне басшы болып келген кезде мекеменің аты болмаса, нақты базасы жоқ еді. Өзендер жағалауындағы вагон типтес шағын орыннан басқа ештеңе болмағаны мәлім. Оны қала тұрғындары жақсы біледі. Қасымжан төтенше жағдайлар жөніндегі жұмысты мекеменің ғимаратын салудан, оның материалдық-техникалық базасын жасаудан бастады. Елек өзені бойындағы екі бірдей суда құтқару ғимараты Қасекеңнің көзі деп айта аламыз. Бірін жергілікті бюджет қаржысына тұрғызса, екіншісін Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің тілін тауып, солардың қаржысына салдырды. Бұл ғимараттар басшылық отыратын кеңсе емес, суда құтқарушылар үшін жағдай жасау мақсатында салынды. Суда құтқарушылардың тамақтанатын, жуынатын, демалатын, спортпен айналысатын орнына айналды. Ал суға кетіп қала жаздап, аман құтқарылғандарға дәрігерлік, психологиялық көмек көрсететін мамандар үшін арнайы кабинет жабдықтады. Сонымен қатар, көптеген суда құтқару моторлы қайықтарымен, сүңгуірлер киімдерімен, стансалық компрессорлармен, қыс кезінде қардың, мұздың үстімен жүретін техникалармен, автомобильдермен қамтамасыз етті. Мұның бәрі ақша тұратыны белгілі. Ал Қасекең өзінің іскерлігін көрсете білді. Айта кету керек, сүңгуірлердің оқуын ұйымдастырып, бұл жұмысқа көп келе бермейтін қазақ жігіттерін жинағаны бір бөлек әңгіме.

Қасымжан Байсадақовтың тұсында біздің облыстық судан құтқару мекемесі екі рет республика бойынша үздік атанып, Министрдің алғыс хаттарына ие болды.

Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалына басшылық жасаған кезде де ол өзінің іскерлігімен көрінді. Оған облыстың журналистер армиясы куә. Аз ғана уақыттың ішінде қаржы тауып, біраз журналистің кітабын шығарып берді. Ардагер журналист ағаларымызға бір жолғы стипендиялар тағайындады. Одақ филиалының төрағасы деген қоғамдық жұмыс қой. Өзінің негізгі мемлекеттік қызметі болғанына қарамастан, соның бәріне уақыт таба білді.

Қасекең бір жылдары облыстық «Ақтөбе» газетіне де басшылық жасады.

Қасымжан Байсадақов тек ұйымдастыру шеберлігі мықты басшы ғана емес, рухани әлемі кең, жүрегі үлкен азамат еді. Адамдарға жақсылық жасаудан қашпайтын.

Ол имандылық жолында да көптеген істер тындырды. Өзінің рухани жақын ағаларымен бірге он жетінші-он сегізінші ғасырларда өмір сүрген Құлтас бабасының мәңгілік орын тепкен жерін іздеп тауып, Доңызтау төңірегіндегі қорымға белгі қоюға атсалысты. Кейін Белқопа ауылында «Құлтас баба» мешітін салуға бел шеше кірісіп, ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында болды және құрылысқа қомақты қаржы салды.

Аты алты Алашқа мәлім Жалаңтөс баһадүрдің есімін ұлықтауға да бар ынтасымен кірісіп еді. Баба өмірін насихаттап, бүгінгі ұрпақ санасына сіңіру үшін конференциялар ұйымдастыруға араласып, бұқаралық ақпарат құралдарында өзінің мақалаларын жариялады. Ақтөбе қаласында Жалаңтөс баһадүрге ескерткіш орнату жұмыстарына да басшылық жасап жүр еді. Бірақ оған жете алмады.

Бір ерлігі әлі күнге есімде. Шекті Тілеуұлы Мөңке бидің ескерткіші жасалып, Алматыдан әкелінгеннен кейін тұрғызатын «орын болмай» екі жылдай бір мекеменің гаражында жатып қалды. Бірде ескерткіштің қойылмай тұрғаны жаныма батып жүргенін Қасымжанға айттым. Облыс әкіміне айтайын, қарсы болмас деді. Бір күні  қызметтік жазбахат дайындағанын, оны облыс әкіміне алып кіретінін айтып хабарласты. Сол бойда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы Жұбаназар Асанов, облыстық қан орталығының директоры Жоламан Алдияров үшеуміз салып ұрып облыстық әкімдікке жеттік. Қасымжан әкімге кіріп кетті. Біз қабылдау бөлмесінде күтіп тұрдық. Бір кезде «сүйіншілеп» шығып, қуанышқа бөледі. Біз үшеуміз оны қайта-қайта құшақтап, рақметімізді айтып жатырмыз. Қасымжан дайындаған қызметтік жазбахаттың шекесіне әкім «Есеркепову А.К. Для решения вопроса. Внесите предложения» деп жазып, тапсырма беріпті. Арада көп ұзамай Мөңке бидің ескерткіші 101-атқыштар бригадасы көшесіне қойылды.

Қасымжанның өмір жолы біз ойлағандай теп-тегіс болмаған. Бала кезінде анасы көз жұмған. Ұлы Отан соғысының ардагері Тахау әкесі сегізінші класты бітірген оны әркімге жалтақтатпайын деген оймен Ақтөбеге оқуға жіберген. Ақтөбе ауыл шаруашылығы техникумын бітіргеннен кейін Қарабұтаққа оралып, аудандық газетте тілші болып жұмыс істеген. Газетке келуінің де реті бар. «1975 жылы «Қазақстан пионері» газетіне тырнақалды шағын материалым жарық көргенде, қатты қуанғаным бар» — дейтін еді ол. Журналистікке ол мектеп қабырғасынан бастап дайындықпен келген. Болайын деп тұрған баланы аңғарған аудан басшылығы оны аудандық комсомол комитетіне қызметке алады. Комсомол қызметінде жүрген Қасымжан көп тәжірибе жинақтайды.

Бір жақын адамы қайтыс болса, оның өмірден өткеніне сенбеймін деп айтып жатады ғой. Сонда мен ол қалай деп ойлайтынмын. Ал мен сол жағдайды Қасымжан қайтыс болғанда сезіндім. Алғашқы күндері бірдеңені айтып, Қасымжанға қоңырау шалмақ болып елегізген кездерім болды.

Қасымжанға жасы үлкендер де ілтипатпен қарап, «Қасеке» дейтін.

Міне, сол Қасекеңнің дүниеден озғанына да бір жыл болып қалыпты. Жатқан жерің жайлы болғай, Қасеке!

Бердібай КЕМАЛ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*