Басты бет » Әкімдер есебі » Тасөткелдегі кездесу

Тасөткелдегі кездесу

Тасөткел ауылында аудан әкімі Аманғали Бердалин мен округ әкімі Қайрат Тәшеновтің тұрғындар алдындағы есепті кездесуі өтті.

Тасөткел ауылдық округіне қарайтын Тасөткел, Ақбұлақ, Ақтасты елді мекендерінде бүгінде 600-ден аса адам тұрады. Ауылда орта мектеп,   медициналық, малдәрігерлік пункттер, учаскелік полиция инспекторы жұмыс  істейді.

Ауылдық округтегі тұрғындардың жұмыспен қамтылуы, олардың әлеуметтік жағдайы, ауыл шаруашылығы саласындағы қадамдары тұрғысында айта келіп, округ әкімі Қайрат Тәшенов:

— Ауылдан 10 шақырым жерден Хромтау-Алтынсарин теміржолы өтеді. Онда ауылдың 35 адамы жұмыс жасаса, «Ақтөбе-Үйтас» серіктестігі иелігіндегі тас зауытында 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сол сияқты, «Лакиком-ЛТД» шаруашылығында да ауыл тұрғындары жұмыс жасайды. Бүгінде бұл шаруашылықтың иелігінде ірі қара саны 100-ге жетті, жылқы мен ұсақ мал да бағылады. «Лакиком-ЛТД» серіктестігі Ақтасты елді мекенінен мал сою пунктін және 400 басқа арналған мал бордақылау алаңын ашты. Қазіргі күні шұжық өндіретін цехты ашуға дайындық үстінде. Бизнестің жауапкершілігін сезінген кәсіпкер биыл Тасөткел-Белқопа тасжолын қардан тазалауды өз міндетіне алды, — деді.

Есепті кездесуде белгілі болғандай, ауылдық округте мал санының өскені байқалады. Сол сияқты, кәсіпке бет бұрушылар саны да жылдағыдан артқан. Ауыл тұрғындары суармалы жерлерді тиімді пайдалана бастаған. Атап айтсақ, өткен жылы «Жоса» шаруа қожалығының басшысы А.Сейтмағанбетов 27 гектар жерге картоп егіп, күзде 10 тонна өнім жинаған.

Ауыл тұрғындары  мал тұқымын  асылдандыруға баса назар аударуда. Бір ғана «Ақтасты» шаруа қожалығының  былтыр 21 асылтұқымды қашар алуы — осының дәлелі.

Ауылдық округте мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы да көңілге қуаныш ұялатады. Былтыр «Мансұр» шаруа қожалығы «Құлан» бағдарламасы бойынша 10 жылқы алса, «Береке» бағдарламасы бойынша ауылдағы 7 тұрғын 19,500 млн теңге несие алып, 50 ірі қара сатып алған. Сонда-ақ, «Ырыс», «Ынтымақ» бағдарламаларының да шарапатын сезініп жатқан тұрғындар бар.

Қазір Тасөткел орта мектебінде 25 педагог 91 балаға дәріс береді. Ауыл мектебінде 15 аз қамтылған отбасының  балаларына көмек беру мақсатында «Мектепке жол», «Қамқор бола біл» қайырымдылық акциялары жиі өткізіліп, балаларды күздік-қыстық киімдермен, оқу құралдармен қамтамасыз ету шаралары жақсы жолға қойылған.

Ауылдағы медициналық пункт меңгерушісі Г.Бегежанова округ тұрғындарына  аурулардың алдын алу мақсатында түсінік жұмыстарын жүргізіп, керек кезінде медициналық көмек  көрсетеді. Ауылдық медпункттің дәріханасына жаңа дәрі-дәрмектер уақтылы жеткізіліп тұрады. Әр аптаның сәрсенбісінде Бөгетсай амбулаториясының бас дәрігері А.Сакиев келіп, науқас адамдарға керекті жәрдем жасайды. Тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге ауданнан жылжымалы рентген автокөлігі де келеді.

Есепті кездесу кезінде ауылдың мәдени жағдайы мен спорттық шараларға белсенділігі, салауатты өмір салтын қалыптастыру шаралары төңірегінде сөз болды.

Кездесуде мал ұрлығына қатысты деректер де айтылды. Ауылды санитарлық тазалау, абаттандыру шарасы да басты назарда тұрғаны сөз болды.

Аудан әкімі Аманғали Бердалин өз есебінде аудан көлеміндегі экономикалық дамудың көрсеткіштерін айта келе, ауыл тұрғындарына егін егу ісін дамытуды, асыл тұқымды мал санын арттыруды шегелеп айтты.

Заман талабына сәйкес кәсіпкерлікті дамыту, ол үшін мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға тұрғындарды тарту мәселесі көтерілді. Қазір Жазықта өсімдік майын өндіретін зауыт құрылысы салынып жатыр. Элеватор жұмысы қайта жанданатын болады.

— Өкінішке қарай, мектептің жағдайы көңілге қонымсыз. Жаңа мектептің аттестациялық тексеруден өтпей қалуы — үлкен сын. Мұғалімдерге жауапкершілікті күшейту керек. Ал құқықбұзушылық бойынша айтар болсам, учаскелік полиция инспекторына барлық жағдай жасалған. Ауылдың негізгі кәсібі — мал шаруашылығы. Мал ұрлығы фактілерінің алдын алып және халықты мәдениеттілікке үйретудің профилактикалық жұмыстарын жасау керек, — деп қатаң ескерту жасады аудан әкімі.

Ауданда  газ, ауызсу, жол проблемасын шешуде көптеген  шаралар жасалып жатыр. Орталықтандырылған су құбырын тарту үшін Ақбұлақ, Тасөткел ауылдарына құжаттар дайындалып болды.

Есепті кездесу кезінде ауыл тұрғындары әкімдерге көкейдегі сауалдарын қойды. Ауылдағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Б.Байсейітов жергілікті биліктен биыл ауылшаруашылық кооперативтеріне қандай қызметтері үшін субсидия берілетінін сұрап, нақты жауап алды.

Кездесу аяқталғаннан кейін Тасөткел ауылының бірқатар әлеуметтік нысандарын аралаған аудан әкімі Аманғали Бердалин Мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Аудан әкімі ауыл ктапханасындағы ескі кітап сөрелерін жаңартуға уәде берді. Сонымен қатар, балабақша құрылысын жүргізуге арналған жер телімін нақтылап, ауылдық әкімдік ғимаратындағы жұмыс бөлмелерін жүйелі бөлу мәселесін талқылады.

Ақтасты елді мекенінде орналасқан «Лакиком-ЛТД»  шаруа қожалығының  тыныс-тіршілігін қарап, шұжық өнімдерін өндіру цехын іске қосу мәселесін жан-жақты пысықтады.

 Нұртай ЖЕТЕСОВ,

Хромтау ауданы.

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*