Басты бет » Әдебиет » Тұңғыш тұсаукесер немесе бес жинақтың авторы жайлы сыр

Тұңғыш тұсаукесер немесе бес жинақтың авторы жайлы сыр

Редакцияға имене кіріп келіп тұңғыш тұсаукесерімді өткізгелі жүрген інілеріңіздің бірі едім деп арнайы шақыру қағазын берген ақын өзін Өтеген Нұрмағамбетов деп таныстырды. Екеуміздің бірінші рет жүздесуіміз. Негізгі мамандығы — ішкі істер органына қатысты екен. Шені — запастағы подполковник. Ал ол өлең өлкесіндегі әріптес ақын болып шықты. Сондықтан аз ғана уақыт сырластық. Соңғы бес жылда бес өлең жинағын шығарыпты. Жыр кешінде кездесуді құп алдым.

Сонымен қолға тиген «Патша көңіл» жыр жинағын парақтадым. Өлең өлкесіндегі аламанға қосар тұлпарының тізгініне ерік берген әріптестің тереңнен толғау бағытының айқындығы байқалады. Қазақи ақжарма көңілмен ақтарылады:

Аңқылдап шығып алдынан,

Ағаны қарсы алармыз.

Қолтықтан демеп жалдыдан,

Алғысына қалармыз.

Сары майдай сақтаған,

Сары ала қымыз ішерміз,

Балуан салып баптаған,

Сайысқа да түсерміз, —

деп кішіліктің де, кісіліктің де көтерер жүгін мойынына алып қана қоймай, соны өлеңмен өріп ойын әдемі жеткізеді. Енді бір «Қаратау Ғазалы» атты өлеңіндегі шабыттың шабысы да бөлек. Өйткені Өтеген ақындық болмысқа өз түйсігімен қарайды. Осы жолдағы ізденісі мен сөзді сөйлете білетіндігі айтарын айшықтай түседі.

Қаратаудың ғазалы,

Қара сөздің ажары,

Жүрегіңнен өткізіп,

Тартқан едің азабын.

Тірі де жүрген тозақта,

Түсірген жанын азапқа,

Ақындар көптік етпеген,

Ат төбеліндей қазаққа, —

дейді. Бір ғана шумақтағы яғни төрт жолдағы ойдың үйлесімділігі мен дыбыстық үндестік туабіткен талантты ақындар табиғатын тұлға ретінде ашып, әрі дәл көрсеткен. Осы ретте көршілес елдегі айтулы ақын Бердақтың «Халқыңның мойынына түскен ауыр жүгін көтеріп, аз қуанып, көп азап тартқың келсе ақын бол» деген қанатты сөзі еріксіз ойға оралады. Шын ақынның ел жүрегі атынан сөз айтар болмысы бөлек тұлға екендігін тағы былайша мойындатады:

«Сыздаған барлық жараның»,

Аузында жүрген қазағым.

Мұздаған барлық жүректің,

Жылуы болсаң жарадың, — деп толғайды.

Тағы бір байқағаным Өтеген Нұрмағамбетов қай тақырыпқа бармасын алдымен өзінің ой қазанында қайнатып барып қолына қалам алатындығы. Кешегі,  бүгінгі үлгі тұтқан қаламгерлердің тынысына үңілумен қатар жыраулық поэзияның өрнегіне зер салып, назар аударуы оның бір ерекшелігі ме деп қаласың.

Осындай әсермен «Патша көңіл» жыр жинағының тұсаукесері өтер С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап кітапханасының «Қаламгер» қонақжайына бардық. Тұсаукесер рәсімін кітапхананың өлкетану бөлімінің қызметкері Талғат Тілеулесов ашқан кешке студент жастар мен өлең жанашырлары қатысты. Жұртшылық алдында сөз алған ақын Өтеген осындай оқырман қауыммен тұңғыш рет жүздесіп отырмын сондықтан өлең әлемінің қыраны Қасым Аманжолов айтқандай, «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деп өзін таныстырды.

— Мен Мәртөк ауданындағы Жаңатаң деген шағын ауылда дүниеге келгенмін. Сонда есейдім, оқыдым, ат жалын тарттым. Өлеңге деген құштарлығым отбасымдағы тәрбиеден басталды деп толық айта аламын. Анам Аруза ес білгеннен «Жұлдыз», «Жалын» журналдарын және қазақ тіліндегі газеттерді жаздырып алып, соны бізге оқып беретін-ді. Ал әкем Ұзақбай үйде үнемі, жайлап қана ыңылдап өлең айтып шаруасын істейтін. Жырдан да үзінділерді жатқа білуші еді. Сондықтан болар мен үшінші класта «Рүстем» жыр дастанын оқуға қолға алдым. Ең алғашқы өлеңім туған жерге арналды. Осы уақытқа дейін көрінбей келуімнің түрлі себебі бар. 2012 жылдан бері «Өлең елі — тұрағым», «Үміт», «Шоқ жұлдыз», «Патша көңіл», «Сағындым сені» атты жыр жинақтарым жарыққа шықты, — деп жүрек жарды екі өленің оқыды.

— Неге көрінбедіңіз деген сауалға да бірден жауап бере өтейін. Мектептен соң Қарағандыдағы ішкі істер жоғары оқу орнына барып, оны үздік аяқтадым, — деді. Одан соң облыстың Хромтау, Исатай, Темір аудандарында тергеу бөлімдерінің бастығы және  Ақтөбе қаласындағы Зауыт полиция бөліміне жетекшілік жасағанын тілге тиек етті. Өлеңді жазғанмен жұмысбастылықпен шығаруға мүмкіндік болмағандығын жасырмады. Тұсаукесерге Астанадан арнайы келген, кезінде бірге қызметтес болған әріптесі, полковник Нұрсәт Әміржанов ақын Өтегеннің шығармашылық лабораториясынан сыр аңғартты.

— Сонау жылы біз бір топ жас жігіттер Қарағандыдағы милиция жоғары мектебінде бірге оқыдық. Ішіміздегі ең кішіміз Өтеген еді. Сапта тұрғанда жасырынып кітап оқитындығы көз алдымызда. Жатақханада үнемі Фариза, Мұқағали өлеңдерін жатқа айтып таңғалдыратын. Жұрт қалаға демалуға кетсе, ол күрес пен кітап оқуға ерекше ден қойды. Жақсы спортшы болды. 45 шақырымға жүгіруде алдына жан салмады, — деп қайсарлығын әңгімеге арқау етті.

Оқырманның алдына шыққан облысқа танымал азамат Құдайберген Бекенов «бір кеште Өтегенмен кездесіп қалып, шығармашылығына тәнті болдым. Содан бұл ақынның кешін өткізуге неге болмасқа» деп өлең жанашырлары, сазгер, әншілермен сөйлестім, соның сәті осы күні түсті деп, облыста таланттар жеткілікті, бірақ жүздесе алмай жүргеніміз өкінішті деп ой толғады.

Алматыдан осы кездесуге арнайы келген әскери тақырыпта қалам тербейтін журналист, запастағы полковник Кенжебек Тұманбайұлы да Өтеген жайлы сыр бөлісті. Кеш әнмен өрнектелді. Жас әнші Алтынбек Күзембаевтың орындауындағы сазгер Нұрталап Жүсіповтің «Сағынамын әкемнің алақанын» атты әнін бабына келтіре шырқады. Өлеңін жазған Өтеген Нұрмағамбетов. Әуенге айналған өлең жолдары адамды бейжай қалдырмайды:

Бос қалғандай есік те терезе де,

Баспалдақтар, босаға, кереге де.

Ішін тартып кер бие кісінеді,

Кешікті ғой, қара шал неге дей ме? —

деген төрт жолдан кейінгі қайырмасында атасын аңсап сағынған немеренің жүрек лүпілі әсерлі берілген:

— Атам қайда,

Келе ме, атам қайда?

— Айта алмаймын,

Не дейін балақайға?

Көктем шыға қыдыртам деуші еді ғой,

Ер салып ерте туған қара тайға.

Жаны пәк сәбидің жүректі тебірентер сыры мен құлыным деп маңдайынан бір сипауын сағынған ұлының көңіл түкпіріндегі ой қабаттаса, қанаттаса келіп аңсарлы күй жетегіне еріксіз ертіп алады.

«Толғау» атты өлеңінде:

Жүргендер жылап, жабығып,

Жалаулы күнін сағынып,

Жабуың болғым келеді,

Жаныңнан әр кез табылып, —

деп жырлаған ақынның темірқазығы – адамдарға адал болуды мензейді. Өлең сонысымен құнды. Сол секілді сегіз қырлы, бір сырлы Орал Байсеңгір де өзі орындар әнді тарту етті. Ән көпшілік көңілінен шықты. Ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің филология факультетінің бірінші курс студенті Жолаушыбай Ақтолқын:

Мойындатқан халқына бір қақ жайын,

Ақын едің түгі бар жүрегінің,

Шын ақын деп ұлықтап ағайының

Ардақтауда өзіңді, міне, бүгін —

деп ізгі ниетпен арнау өлең оқып, жиналған қауымды бір серпілтті.

Өтеген өлеңмен сурет сала біледі. Оған «Доңызтау» атты өлеңі дәлел.

Абыз болған,

Аңыз болған,

Атырабың Доңызтау.

Киік өрген,

Шөбі белден,

Шақырады Доңызтау, —

деп басталатын жыр жолдары ол жақты көрмеген адамды алыстағы Доңызтау табиғатына жетелей жөнеледі.

— Жалпы Өтеген Нұрмағамбетовтің жыр жинақтарына Мұхтар Шаханов пен Иран Ғайыптың алғы сөз жазып, қанат қағысына қолдау көрсетуі тегіннен-тегін емес. Мұхтар аға «Өлең елі — тұрағым» атты кітабына ақынның ұлттық мүддеге деген көзқарасы айқын десе, Иран Ғайып «Жұмбақ құпия тіршілік суреттерінің бояуын анықтап, әбден көңіл көзімен көріп барып жазады» деуі — Өтегеннің ақындығына берілген баға деп оның әріптесі Бауыржан Құрманқұлов кеш иесіне ыстық лебізін білдірді.

Өтеген «Тағдырыма рақмет» атты өлеңінде өмірдің ағы мен қарасы, қуанышы мен жан жадыратар сәттерінен толғай келіп, былайша жырлайды:

Қиындық пен қуаныш араласып,

Араласып келемін жағаласып,

Бірде жеңіс, шегініс тағы бірде

«Жігіт аға» жасынан барам асып.

Рақмет, тағдырым, адамдарға

(Бас имеске тағдырға шамаң бар ма?)

Баста ой, кеудемде жалын барда

Жазып кетем, жақсы жыр замандарға, —

деп тағдырының өлең жазу бақытын бергеніне ризашылық сезімін айтып, қара өлеңнің құдіретіне табынады. «Қасиетті өнер» мен де сені жерге қаратпауға ұмтыламын, сен қазаққа біткен киелі өнерсің, дегенді жыр жолдарымен әдемі өреді. Ақынның кітаптарын оқығанда алғашқы жинақтарындағы кей өлеңдерінде тақырыпты ашып, ойды түйіндер тұста оқырманын елең еткізбес жалпыламалыққа берілгендігін аңғардық. Бірақ бұл жүре бара түзелер кемшілік. Кешке қатысқан жастар өкілдері түрлі сауалдар қойып ризашылықпен ой бөлісіп, қолтаңба алып, ортадан көпке дейін ақынды жібермеді. Бұл күні Өтеген ақын облыстық кітапхана қорына жинағының 300 данасын сыйға тартты. Мұндай поэзия кешін жиі өткізуді неге қолға алмасқа деген ой мазалай берді. Космонавт Леонов «Біз ғарышта да өлең оқуға уақыт табамыз деген екен». Ал біз болсақ жұмыр жерде тұрып жатып поэзияны естен шығарып алғандаймыз.

Өтеген Нұрмағамбетовтің тағы бір қыры аудармашылықтан танылды. Ол бұл бағытта да өзін сынап көрді. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи – и Рашиди» шығармасын Қадыр Мырза Әлиден кейін жетпіс бес шумағына аударма жасаған. Сол үшін де ол ҚР Мәдениет саласының үздігі төсбелгісімен марапатталған. Ақын туған өлкені көркейтуге де өз үлесін қосып келеді. Шағын мақалада ақын Өтегеннің жан дүниесіне үңілдік. Әрине, бұл ретте Сырбай Мәуленовтің «Әңгіме ақын туралы болғанда пенделіктен жоғары көңіл күймен қарау керек» деген ойын ұстаным еттік. Ақын табиғатының көлеңкесінен гөрі күнгейіне көбірек назар аудардық. Өтеген ақынға шынайы сезімдерге толы өлеңдерің алдағы уақытта да оқырман жүрегіне жол тарта берсін деген ізгі тілегімізді білдірдік.

 Жақсылық АЙЖАНҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*