Басты бет » Білім » Облыстың білім саласының көрсеткіштері жоғары

Облыстың білім саласының көрсеткіштері жоғары

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен облыстық білім басқармасының кеңейтілген алқажиыны өтті. Шарада аталған  басқарманың 2017 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланып, биылғы жылға қойылған міндеттері  сарапталды. Жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары, ардагер ұстаздар қатысты.

Алдымен сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева білім саласында жасалған жұмыстар туралы мазмұнды баяндама жасады.

Жыл өткен сайын білім саласын қаржыландыру көлемі артып келеді. Өткен жылы аталған сала үшін бөлінген қаржы — 84,8 млрд теңге. Бұл — жалпы бюджеттің 38,3 пайызы. 2016 жылмен салыстырғанда қаржыландыру көлемі  27 пайызға (18,2 млрд теңгеге) артып отыр.

— Жаңа мектептер құрылысы мемлекеттік бағдарламалар аясында негізгі басымдықты ескере отырып жүзеге асырылуда. Оның ішінде негізінен үш ауысымды, оқушы орын тапшылығы бар, апатты жағдайдағы мектептер, сонымен қатар жоспарға сәйкес саманнан, ағаштан салынған мектептер мәселесін шешу басымдыққа ие, — деді Л.Оразбаева.

Оның айтуынша, өткен жылы үш ауысымдық 22 мектептің, орын тапшылығы бар 2 мектептің, апатты жағдайдағы 3 мектептің және ескі 4 мектептің мәселесін шешуге мүмкіндік беретін 31 мектептің құрылысы жүргізілді. 2017 жылы 14 мектеп ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Ақтөбе қаласының ескі бөлігінде «Сымбат» жеке мектебінің ғимараты сатып алынды.

— Ағымдағы жылы бюджеттік қаражат есебінен 17 ауыспалы жобаны есептемегенде 26 мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Сондай-ақ, биыл қосымша 5 жаңа құрылыс салынады. Сөйтіп, 2020 жылға қарай үш ауысымдық 21 мектептің мәселесі шешілетін болады, — деді Ләззат Аманжолқызы.

Ол өз сөзінде облыстағы шағын жинақты мектептердің  мәселесіне де тоқталды. Облыстағы  410 мектептің 213-і — шағын жинақты мектеп. Бұл білім шаңырақтарында 14 мың оқушы білім алуда. Шағын жинақты мектептердің көпшілігі Қобда, Ырғыз, Әйтеке би аудандарында орналасқан.

Облыстың бас мұғалімі мектептердің материалдық-техникалық базасының жағдайын да тілге тиек етті. Пәндік кабинеттердің жабдықталуы — 60 пайыз. Дегенмен, 2010 жылға дейін жабдықталған кабинеттерді (595) заман талабына сай жабдықтармен қайта  ауыстыру қажет етеді. Пән кабинеттерін және робототехника құрылғыларымен жабдықтау үшін 4 миллиард теңге керек екен.

Ләззат Оразбаева баяндамасында ауыл мектептерінің көпшілігі интернеттің игілігін көре алмай отырғанын да жеткізді.

— Облыстағы 410 мектептің 137-сі ғана кеңжолақты интернетке қосылған. 144 мектептегі интернеттің жылдамдығы тым төмен. Ал 30 мектепте интернет желісі мүлде жоқ. Бұл мектептер Ойыл, Ырғыз, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Темір, Хромтау аудандарында орналасқан, — деді облыстық білім басқармасының басшысы.

Биылғы оқу жылынан бастап 2,5,7-сыныптардың оқушылары жаңартылған білім беру жүйесіне көшті. Қазір өңірдегі 57 821 (42,9) оқушы 12 жылдық білім беру жүйесіне сәйкес білім алуда. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 5849 педагог даярлық крустардан өтті. Білімдерін жетілдірген мұғалімдердің басым бөлігі — Ойыл, Алға, Қарғалы ауданының үлесінде. Биыл 898 педагогті деңгейлік курстарда оқыту жоспарланып отыр. Облыс бойынша жаратылыстану бағыты бойынша физика, химия, биология және информатика пәндерінен ағылшын тілінде сабақ беру үшін жалпы 1160 маман қажет.

Жалпы облыста 17 мыңнан астам педагог бар. Олардың 43,8 пайызы — жоғары және бірінші санатты мамандар. 2018-2019 оқу жылында өңір мектептері үшін 290 мұғалім қажет. Әсіресе, бастауыш сынып мұғалімі, математика, физика, орыс тілі мен әдебиеті, қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мамандары тапшы.

Білім сапасының көрсеткіші ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысымен бағаланады. ҰБТ-дан облыстың орташа көрсеткіші — 84,2 балл. Республика бойынша біздің облыс төртінші орында тұр.

— Талдау бойынша жалпы орта балл жоғары болғанмен, сынама тестілеудің қорытындысы бойынша Ырғыз, Шалқар, Әйтеке би аудандары төмен көрсеткіш көрсетіп отыр. Ырғыз бен Ойыл аудандарының түлектері сынама тестілеуге мүлде қатыспаған, — деді Ләззат Аманжолқызы.

Жиында Ләззат Оразбаева оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуы туралы да айтты. Бүгінде 129 900 бала ыстық тамақпен қамтылып отыр. Бұл — оқушылардың 97 пайызы.

— Әйтеке би, Мұғалжар, Темір, Ойыл аудандарының кейбір мектептерінде оқушыларға ыстық тамақ ұйымдастыру мәселесі шешімін таппай отыр. Мәселе аталған мектептердегі бала санының аздығы мен әлеуетті өнім берушілердің өткізілген мемлекеттік сатып алу конкурсына қатыспауынан болып отыр, — деді облыстық білім басқармасының басшысы.

Облыста 540 мектепке дейінгі мекеме бар. Онда 49 мың балапан  тәрбиеленіп жатыр. Соңғы 3 жылда жекеменшік балабақшалардың саны артып келеді.

Дегенмен, балабақша кезегі азаймай отыр. Қазір облыс орталығында 27 416 бала балабақша кезегін күтіп жүр.

Жиында Ләззат Оразбаева техникалық және кәсіптік білім беру, инклюзивті және арнайы білім беру, қосымша білім беру, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайы, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, жасөспірімдер құқықбұзушылығы және т.б. мәселелер туралы жан-жақты әңгімеледі.

Бұдан кейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Бибігүл  Әбенова сөз сөйлеп, педагог мамандарды даярлауда атқарып жатқан жұмыстарды баяндады.

Бұдан соң жиынға қатысушылар облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа сынып жетекшілерінің жұмыс жүктемесінің көптігіне байланысты қосымша ақы қою, Ақтөбе қаласындағы №8 мектептің маңынан шағын көпір салу, мұғалімдерге арналған саябақ ашу секілді көптеген сауалдар қойды.

— Облыстың білім саласындағы атқарылған жұмыстары жаман емес, — деп жиынды түйіндеді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. — Білім сапасын жоғары деңгейге көтеру бағытындағы жұмыстарды әлі де болса арттыра түсуіміз керек. Бұл үшін мүмкіндіктеріміз көп. Соны тиімді пайдалануымыз керек. Әрине, білім сапасын ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысымен есептесек, жақсы деңгейде тұр. Дегенмен, халықаралық, республикалық деңгейдегі жарыстарға, олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленген оқушыларымыз көп болуы керек. Сондай-ақ, мемлекеттік білім грантын иеленген түлектердің саны көбірек болуы қажет. Міне, осы бағыттағы жұмыстар да білім сапасының басты көрсеткіштері.

Елбасы апатты, үш ауысымды мектептерді жоюды тапсырғаны белгілі. Біздің облыста бұл бағытта жүйелі жұмыстар жасалып жатыр. Қуанышты жайт, бала өсімі жақсы. Жыл сайын жаңа мектептер еңсе тіктегенмен, мектептерде орын тапшылығы әлі де бар. Спорт залы жоқ, кейбір мектептерге қосымша құрылыстар салынатын болады.

Шағын жинақты мектептер мәселесі де өзекті болып тұр. Біздің мақсатымыз шағын жинақты мектептерді жою емес. Мектеп жабылса, ауылдың да жағдайы болмайтынын жақсы түсінеміз. Ұлт болашағы — жас ұрпақтың сапалы білім алуы үшін жағдай жасауымыз керек. Сол себепті, интернаттарды тиімді пайдалануымыз қажет. Сонымен қатар, интернаттар салуымыз керек, — деді облыс әкімі.

Өз сөзінде Бердібек Машбекұлы жетім балаларға қолдау көрсету, дуальды білім беру, сұранысқа сай кадр даярлау туралы айтты. Сондай-ақ, бала тәрбиесі мәселесінде ата-ананың жауапкершілігін арттыру керектігін жеткізді.

— Мектептегі ең үлкен мәселе — тәрбие. Бала тәрбиесіне тек қана мұғалім емес, ата-ана, қоғам жауап беруі керек, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, ол балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда көзбояушылыққа жол бермеу қажеттігін баса айтты.

— Шынын айту керек, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы ақпараттың көбі өтірік. Өйткені оқушылардың демалысының көпшілігі  мектеп жанындағы лагерьлерде өтеді. Ал мектеп жанындағы лагерьде балалардың уақытын қызықты өткізетініне, тынығып, серпіліп, сергейтініне сене алмаймын. Онсызда оқушы 9 ай бойы білім аламын деп мектептен әбден жалығады. Ал оны жазғы каникул кезінде тағы да мектепке «сүйрейміз». Баланы мектепке қамағанша, атасының үйіне барып демалып қайтуға ауылға жіберіңдер. Жазғы демалыспен қамтылған балалар жөніндегі мәліметтерді қарасақ, балалардың басым бөлігі  мектеп жанындағы лагерьлерде демалған болып шығады. Көрсеткіш үшін өзімізді өзіміз алдағаннан еш нәрсе ұтпаймыз.

Облыста кем дегенде жыл бойы жұмыс істейтін 4-5 лагерь ашу керек. Бұл мақсатта жұмыс істеу үшін тиісті басқармаларға тапсырма бердім, — деді Бердібек Сапарбаев.

Шара барысында облыс әкімі жиынға қатысушылардың сауалдарына да жауап берді.

— «Сынып жетекшілігі үшін көбірек ақша төленуі қажет» деу, дұрыс емес. Мәселе қосымша ақыда емес, әркімнің өзінің мамандығына деген жауапкершілігінде болуы тиіс, — деді облыс әкімі. Жиында ол мұғалімдерге арналған саябақ салынатынын, ол үшін жер телімі берілетіндігін жеткізді.  Б.Сапарбаев №8 мектептің маңынан шағын көпір салуды Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановқа тапсырды.

Облыс әкімі «Бақытты балалық шақ» және «Анаға тағзым» жобалары жүзеге асырылатынын айтып, жиналғандарды жобаға қолдау көрсетуге шақырды.

— Облыс бюджетінің 40 пайызға жуығы білім саласын қаржыландыруға бөлінеді. Жыл сайын бұл саланы қаржыландыру көбеймесе, азайған емес. Мемлекет тарапынан білім саласына көп көмек көрсетліп жатыр, қолдау көрсетіледі де, дегенмен осы қолдаудың қайтарымы болуы керек. Яғни облыстың білім сапасы жоғары деңгейде болуы тиіс, — деді Бердібек Сапарбаев.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*