Басты бет » Білім » Архивтанушы мамандар сұранысқа ие

Архивтанушы мамандар сұранысқа ие

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті — халықаралық деңгейде жоғары білім беретін бірегей оқу орны.  Университетте білім берудегі тың бағдарламаларды оқу үдерісіне енгізу бағытында көптеген істер атқарылуда.

Солардың бір көрінісі — «Мұрағаттану, құжаттар жүргізу және құжаттамалық қамтамасыз ету» мамандығының жетістіктері. Аталмыш мамандық бойынша архивші, құжаттанушы мамандар тек осы университетте ғана үш сатылы деңгейде даярланады. Мұрағаттану, құжаттар жүргізу және құжаттамалық қамтамасыз ету мамандығы бойынша кәсіби мамандарды даярлау 2010 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы аралықта бірқатар мамандар бакалавр және магистр дәрежелерін алып шықты. Түлектердің арасында ондаған үздік мамандар ҚР Президенті, ҚР Орталық мемлекеттік аппараттарында, ҚР орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама және облыстық мемлекеттік архивтерде, сондай-ақ мемлекеттік ұйымдар мен мекемелердің құжаттама бөлімдерінде қызмет етіп жүр.

Университет пен жұмыс берушілер арасында тығыз байланыс орнатылған. ҚазҰУ мен Қазақстан Республикасы Президенті, ҚР орталық мемлекеттік архивінің өкілдері мамандықты халықаралық аккредитациялаудан өткізу, кәсіби стандарт қалыптастыру, дуальды білім беру, білім алушылардың тәжірибеден өтуі, жұмыспен қамтылуы мәселелерін арнайы талқылап отырады.

Мәселен, 2016 жылдан бері ҚР Президенті архивінің ұжымы студенттер мен магистранттардың арасында дәстүрлі олимпиада өткізіп келеді. Жеңімпаз атанып, жүлделі орынды иеленгендерге дипломдар, сыйлықтармен қатар қызметке тұруға септігін тигізетін сертификаттар берді. Білім деңгейін айғақтайтын сертификат иегерлерінің қызметке қабылдану барысындағы байқауда қосымша балл болып есептелетіндігі білім алушыларды бәсекелестікке қабілетті маман болып қалыптасуға мүдделі етіп отыр. Студенттердің жазғы мектебін ұйымдастыру мен өткізуде Президент архиві мұрындық болуда. Былтыр тұңғыш рет өткізілген жазғы мектептің жалғасы биыл Мәскеуде Ресей Федерациясының мемлекеттік гуманитарлық университетінің базасында ұйымдастырылмақ. Архив сонымен қатар элективті курстарды да ұсынды. Дәл осындай ғылыми семинарлар желтоқсанда ҚР Орталық мемлекеттік архивінің өкілдерімен өткізіледі. Заманауи талаптарға сәйкес мамандар даярлаудағы міндеттер осындай жұмыс берушілермен бас қосу аясында анықталады. Ең бастысы, білім алушының құзыреттіліктеріне қол жеткізу барысында және кәсіби қызметті өз беттерінше жүргізуге үйрететін зертхана іспеттес орын — архивтер, соның ішінде Президент және Орталық мемлекеттік архивтері. Аталмыш архивтер өндірістік тәжірибеден өтетін база және зертхана ретінде пайдаланылып келеді.

Елдің үдемелі инновациялық-индустрияландыруын, жаңа технологияларын, сәтті шағын және орта бизнесін өркендету үшін бір ғана білім деңгейі жеткіліксіз. Үйрену үшін білім алушыға теорияны тәжірибемен ұштастыру қажеттілігі туындайды. Жастарға білім берсе болғаны, білімді маман қызмет орнында жетіліп, өседі деген қағида орныққан. Осындай түсініктің салдарынан елімізде дипломды азаматтар көбейді, алайда экономика мен әлеуметтік қызмет көрсету салалары білімді тәжірибемен ұштастырған мамандарға зәру болып қалды. Арнайы мамандардың тапшылығы архивтерде де байқалады.

Негізінен оқу, өндірістік, диплом алды практикаларын Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік, Қазақстан Республикасының Президент, ҚР орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық, ҚРОМ кинофото және дыбыс жазбалар архивтерінде және республикалық деңгейдегі департаменттерде өткізу дәстүрге айналған. Бұл архивтермен келісімшарттар да жасалған.

Елбасы атап көрсеткендей, «қазіргі білім беру жүйесінің алқалы міндеттерінің бірі сыни ойлау және ақпараттар ағымында бағыт таба білу қабілеті бар жастарды дайындау». Ол үшін тәжірибесі мол мамандарды оқу үдерісіне тарту арқылы дәрістер оқудың, семинар сабақтарын жүргізудің маңызы зор. Сондықтан да архивтерден мамандар қызметке шақырылады.

Бәсекелестікке қабілетті архивтанушыларды даярлауда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ көрші Ресей Федерациясындағы алдыңғы қатарлы оқу орны – Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетімен бірлескен магистрлік және докторлық бағдарламалар жүргізуі туралы қосымша келісімге қол қойды. Осыған орай, магистратурада «Басқармалардағы және архивтердегі электронды құжаттармен жұмыс істеудің теориясы мен тәжірибесі» бағыты бойынша тараптар бірлесе отырып және университеттердің өкілетті құрылымдарымен мақұлданған халықаралық магистрлік бағдарламаны іске асыруда. Халықаралық магистрлік бағдарламасымен оқуды толықтай және сәтті аяқтаған магистранттар мемлекеттік үлгідегі қос дипломға ие болады. Мамандықтың Еуропаның бірқатар елдерімен халықаралық байланыстары бар.

Жоғары білімнен кейінгі біліктілік алу мәселесі туралы айтатын болсақ, докторантура мен магистратурада екі бағытта бейімдеу және ғылыми мамандар даярланады. Мамандар оқуларын аяқтағаннан соң әлеуметтік ғылымдардың бакалавриатта білім алса — бакалавр, магистратурада — магистр, докторантурада доктор дәрежелерін иеленеді.

Сонымен қатар мұрағаттану, құжаттар жүргізу және құжаттамалық қамтамасыз ету мамандығының магистранттары шетелдік ғылыми-зерттеу тәжірибелерін Еуропа елдерінде, Ресейде, Түркияда және т.б. өткізу қалыпты жағдайға айналған.

Білімді ғылыммен, әдістемемен, тәжірибемен ұштастыру мақсатында кафедра жанынан «Архивтану және құжаттану ғылыми-зерттеу, әдістемелік орталығы ашылған. Орталық ғалымдары мен мамандары, студенттер, магистранттар шаруашылық келісім негізінде құжаттарды өңдеу, әдістемелік көмек көрсету, ақыл-кеңестер беру тәрізді жұмыстар атқарады. Оқу үдерісінде білім алушылар оқумен, ғылым зерттеулер жүргізумен, қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде қатысумен айналысады. Кафедра жанынан «Жас архивист» клубы жұмыс істейді. Клуб түрлі кездесулер, дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізеді. Студенттер жыл сайын республикалық ғылыми-зерттеу байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болады. Дәстүрлі «Фараби оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысу арқылы білімдерін шыңдап, ғылыми жаңалықтар ашуға ұмтылады.

Мамандықты бітірген түлектің қызметке орналасу мүмкіндігі зор. Ол тек архивтерде ғана емес, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда, мекемелерде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, әкімдіктерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында жұмыс жасай алады. Жұмыс берушілермен тығыз байланыстың барысында түлектердің басым көпшілігі оқуларын тәмамдағаннан кейін қызметке бірден орналасу мүмкіндігіне ие болады.

Оразгүл МҰХАТОВА,

тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби

 атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*