Басты бет » Білім » Парасат биігі

Парасат биігі

Еліміз егемендік алған тоқсаныншы жылдардың басында тәуелсіздігіміздің беки түсуіне қызмет еткен абзал ұстаз Айболған Кенжеғұлова есімін сол кездегі ұлтымыздың құндылықтарын әспеттеген жанашыр қауым жақсы біледі деп ойлаймыз. Өйткені, ол сол тұста бүлдіршіндердің ұғымына сәйкес келетін, сондай-ақ білім беру талабынан шығатын «Әліппе» оқулығын жазып шығарды. Бұл еңбек мектептерде пайдаланылып, жас буынға жақсы жол көрсетуге қызмет етті.

Ырғыз өңіріндегі Темірастау деп аталатын ауылда дүниеге келген Айболған апай жастайынан зерек, білімге құштар болып өседі. Мектеп бітірген соң Ақтөбе педагогикалық училищесіне келіп оқуға түседі. Одан кейінгі уақыттарда Орал педагогикалық институтының филология факультетінде білім алады.

Еңбек жолын Шалқар ауданында бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған ол іскерлігімен көзге түсіп, аудандық оқу бөлімінің әдістемелік кабинетіне мектеп әдіскері қызметіне шақырылады. Одан кейінгі еңбек жолы мұғалімдердің облыстық білімін жетілдіру институтында, облыстық білім басқармасында жалғасады. Қалай болғанда да ол мектептен қол үзіп көрген емес. Күнделікті қызмет барысында да білім орындарымен тығыз байланыс жасап, мұғалімдерге тәжірибелік көмек көрсетуді өзінің қалыпты дағдысына айналдырады.

Оның алдында қойған басты бір мақсаты — қызмет атқара жүріп, педагогика ғылымы саласындағы ізденісін бір сәт те тоқтатпайды. Айболған Кенжеғұлқызы 1976 жылы ағарту ісінің әр саласындағы басқарушылық қызметтен жинақтаған тәжірибесін іс жүзінде қолдануды мақсат етіп, Октябрь аудандық оқу бөліміне қызметке сұранады. Осында инспектор болып бір ай қызмет істеген тәжірибелі маманды аудандық партия комитеті Талдысай орта мектебінің жұмысын көтеру үшін директорлыққа тағайындайды. Осында ол он бір жыл қызмет етеді. Сол уақытта бұл білім ұясы республикада алдыңғы қатардағы мектептердің біріне айналады.

Ал мектеп директоры Айболған апай мұғалімдердің республикалық V съезіне делегат болып қатысады, Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері атанады, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері болады.

Облыстағы озық ұстаз тәжірибесі жан-жаққа кеңінен таратылады. Осындай тұста Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті оны аға оқытушылық қызметке шақырады.

Өнегелі ұстаз университетте кафедра меңгерушісі бола жүріп, бастауыш мектепке арналған қазақ тілі оқулықтарының олқылықтарын жөндеп, білім мазмұнын жетілдіру мақсатында тыңғылықты жұмыстар атқарады. Сөз басында айтылған «Әліппеге» қоса, «Қазақ тілі және сөз өнері», «Қазақ балалар әдебиеті», «Ата дәстүр» сияқты балама оқулықтар жазады. Он жылдай уақыт ішінде оның авторлық оқулықтарын Ақтөбе облысының елуден аса мектебінде 110 мұғалім қолданып, мыңдаған оқушы оқыды. Бұдан басқа, Алматы қаласындағы «Көкіл» мектебінің тәлімгерлері де оның кітаптарынан білім алды.

Университетте Айболған апайға доцент дәрежесі беріледі, ол көп жылғы ізденісті еңбегін «Вариативтік авторлық ана тілі оқулықтарындағы интеграциялық ұстанымның ғылыми-әдістемелік негізі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаумен тұжырымдайды. Содан кейін жарыққа шыққан «Авторлық ана тілі оқулықтары: жаңа мазмұн, жаңа құрылым» монографиясы оның ғылыми бағыттағы кезекті жеңісі іспетті болды.

Ғалым-ұстаз «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығына арналған «Дамыта оқытудың ғылыми негіздері», «Жазба тілді дамытуды бірінші кезекке шығарудың ғылыми-әдістемелік негіздері», барлық педагогикалық мамандықтарға арналған «Он екі жылдық білім беру жүйесінің психологиялық-педагогикалық негіздері» атты таңдаулы пәндердің авторы. Мектепте ана тілін интеграциялық ұстаным негізінде оқытуды ғылыми-әдістемелік негіздеген және жоғары оқу орнында болашақ педагог мамандарды даярлаудағы еңбектері нәтижесінде ол 2006 жылы алғашқы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын жеңіп алды.

Танымал ұстаз педагогика саласында жүзге жуық ғылыми еңбектер жазды. Оның бастамашылығымен «Институт — мектеп» ғылыми-педагогикалық зерттеу орталығы құрылып, өзі осы бағытта жетекшілік етіп келеді. Ол студенттерге дәріс оқу кезінде лекцияның жинақы, логикасы көкейге қонымды, мазмұнды, ғылыми құндылығы жоғары болуын басты назарда ұстайды. Аудиторияны бірден баурап алатын мейлінше байсалды да байыпты, биязы, майда қоңыр дауыс ырғағы да оның ұстаздық тұлғасын даралай түседі.

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері Айболған Кенжеғұлованың халық ағарту саласындағы терең білімі, қажырлы еңбегі, дәріскерлік шеберлігі, сондай-ақ, ұйымдастыру, басқару ісіндегі парасаттылығы мен көрегенділігі, ақ көңілі, қамқорлық пейілі, адамгершілік асыл қасиеті көпке өнеге.

 

Гүлбану ТАКИШЕВА,

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің үздіксіз білім беру инсититутының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*