Басты бет » Денсаулық » Денсаулықты сақтандыру маңызды

Денсаулықты сақтандыру маңызды

Медицина

Медицина саласына енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес облыс бойынша 30-ға жуық жеке медициналық орталық халыққа тегін қызмет көрсетеді. Олардың басым көпшілігі науқастарды стационар  жағдайында емдейді. Медициналық сақтандыру қорының бас маманы Салтанат Оңғар  әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша Мұғалжар ауданының жеке кәсіпкерлері және шаруа қожалық иелерімен өткен жиында осы мәселені жан-жақты айтып берді.

Кез келген науқас өздерінің жергілікті емханаларында қаралып, дертіне байланысты дәрігерлердің ауруханаға жату қажеттігі жайындағы жолдамасымен Ақтөбедегі медициналық орталықтарды таңдап, ем ала алады. Ол үшін әрбір адам ұялы телефондарына ұлттық бақылау қосымшасын енгізіп, сол арқылы сапалы медициналық қызмет көрсететін орталықтарды таңдауына болады. Мұндағы мақсат —  ауруханалар мен емханалар арасындағы бәсекелестікті қалыптастыру. Енді халыққа сапалы медициналық қызмет көрсете алмайтын орталықтар мемлекет тарапынан қаржыландырудан қалыс қалады.

Жиналыста бас маман міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша төленетін төлемдер жайында да мағлұматтар берді. 2018-2019 жылдар аралығында жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелері қарамағындағы жұмысшыларына міндетті әлеуметтік сақтандыруға 1,5 пайыз көлемінде төлем төлейді.

— Медициналық сақтандыру жүйесі өткен жылдан бастап жүзеге асып келеді. Дегенмен облыста бұл бағыттағы  атқарылған жұмыстың көрсеткіші көңіл көншітіп отырған жоқ. Мұны Елбасы былтырғы жылдың аяғында атап кетті. Медициналық сақтандыру жүйесінің талабына сәйкес, бұған дейін жеке кәсіпкерлер өздеріне және жұмысшыларына төлеп келсе, енді олар тек қана жұмысшыларына төлейтін болады. Сондай-ақ жеке  кәсіпкерлер үшін әлеуметтік аударымнан 1,5 пайызға жеңілдетіліп отыр. Яғни, бұрын 5 пайыз болса, қазір 3,5 пайыз төлейді. Ал егер сақтандыру бойынша жұмысшыларына төлем төлеуді уақытында жүзеге асырмаса, әр төленбеген күніне 2,5 пайыз үстемақы қосылып отырады. Сондықтан жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелері мұны ескергендері абзал. Мұның себебі, алдағы уақытта медициналық сақтандыру жүйесі іске асқанда бірде-бір адам науқастанған кезде медициналық көмекті алмай қалмауы тиіс. Бұл жүйенің қажеттілігі мен тиімділігі әлем тәжірибесінде дәлелденген. Осы бағытта қазіргі таңда, ауқымды түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз, — деді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бас маманы Салтанат Оңғар.

Кездесу барысында бас маман жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Алтын СҮЛЕЙМЕН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*