Басты бет » Әдебиет » Жол басы

Жол басы

Тәуелсіздіктің, сол тәуелсіздікпен ере келген көптеген жақсылықтардың шарапатын мықтап сезінгендердің бір басым бөлігі — жас қаламгерлер. Себебі сонау кеңестік дәуірде үнемі кешеуілдеп, ылғи сағындырып барып жарық көрген «Жас керуен» (1969), «Көктем тынысы» (1975), «Балауса» (1978) тәрізді топтама жинақтарға ену бақыты жас авторлардың барлығына бірдей бұйыра берген жоқ. Бұйырғысы келген күнде де, Шалқардың әйтпесе Созақтың, Маңғыстаудың немесе Бетпақдаланың қай қиырында жүрген қай талапкерді табан астынан кім іздеп таба қоюшы еді?! Ал қазіргі заманның тынысы тым басқа. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының шарапаты шуағын төгіп тұр. Сол шуақтың сәулесіндей болып, міне, ақтөбелік жас қалам иелерінің жеке жинағы жарық көріп отыр.

Рухани қажеттіліктерді экономикалық мүдделермен тең ұстайтын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың мәдениет, әдебиет, өнер өкілдерімен өткізген кездесулерінің бірінде жас буын өнерін өгейсітпеу туралы әңгіме қозғалуы да заңдылық еді. Сонда қойылған бірқатар сауалдардың бір жауабы — осы жинақ. Әдебиеттің жоғалмайтын қазына екендігін, соның ішінде жас буынды назардан тыс қалдырмау керектігін үнемі айтып жүретін Бердібек Машбекұлының бұл қолдауын балауса талапкерлеріміз қандай қуанышты ықыласпен қабылдайтындығын алдын ала сезініп отырған жайымыз бар.

Бір ерекшелік, бұл жинақ авторларының барлығы да үлкен өмір айдынына жаңадан ғана қайық салумен бірге өлең өлкесіне де енді ғана қадам басып отыр. Зерделеп көріңіз: оқушы, студент, магистр, солдат, медбике, кітапханашы, лаборант, фельдшер, әдіскер, тәлімгер, үйірме жетекшісі, мәдениет қызметкері, мұғалім… Ал бұлардың барлығының басын біріктіріп отырған қуатты күш — СӨЗ ӨНЕРІ.

Көне тарих сұлбаларына ойша көз жүгіртсеңіз, біздің бұрын кім болғанымыз, алда кім болмағымыз қазақтың қасиетті қара сөздерінде қатталып қалғанын мойындар едіңіз. Данышпан Мөңке бидің дуалы қай сөзіне қандай дау айтар шамамыз бар?! Оны тым әріде деп есептесек, берідегі Нұрпейістің, осы ұлы жыраудың ізіне ерген Қуандық Шаңғытбаев пен Тахауи Ахтанов бастаған қадірлі қаламгерлердің қай-қайсысы да рухымызды жүдетпеудің, жүрегімізді жетімсіретпеудің қамын жеген жоқ па еді?! Әлденеше заманалар бойы басымыздан кешкен барша оқиғаларды, қайтіп шаттанғанымызды, қалай зар шеккенімізді бізге ең әуелі ел жадында жатталып қалған әдеби туындылар жеткізді. Әдебиет — руханиятымыздың алтын сандығы, бітім-болмысымыздың ешуақытта ескірмейтін көркем көрінісі. «Ақ айдын» деп аталатын бұл жинаққа шығармалары енген жас қалам иелері осы жайларды дәйім есте ұстайтынына сенгіміз келеді.

Әрине, әр заманның лебіз-демі әр бөлек болатыны белгілі. ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен Шернияз Жарылғасұлының:

«Ай, жігіттер, жігіттер,

Жердің жүзін қарасаң,

Мұнша неге кең болған?

Жеті мүше денеміз

Бір-біріне тең болған.

Төрт аяқты айуандар

Неге адамнан кем болған?», — дейтін себебін қаншалықты терең түсінсек, ілім-білім әбден өркендеген мына заманда жас ақын Ақмарал Сансызбайдың:

«Атады таң, батады екен кеш неге?

Кеш болғанда оралады еске не?

Бәрін біліп… Бәрін біліп тұрсам да,

Айта алмаймын ештеңе…», — дейтінін де соншалықты ұғынықты қабылдаймыз. Жалпы осы Ақмарал, сондай-ақ Ақілгек Мырзабайқызы, Аманжол Шапағат, Айнұр Қапарова, Қуандық Реймов, Ақтолқын Назарбаева, Нұрсұлтан Жумин, Қазыбек Аманжолұлы тәрізді басқа да бірқатар жастар өз туындылары арқылы әдебиет алдындағы жауапкершілікті нақты сезінетіндіктерін аңғартыпты.

Ал мәртөктік Владислав Вегерттің «Отаным — Қазақстан», «Отаным», «Өзім туралы» деп аталатын өлеңдері адалдығымен, шыншылдығымен көңіл толқытады екен. Владислав қалам тартқан елжандылық, отансүйгіштік, ұлтжандылық тақырыптары, сөз жоқ, әдеби отауымыздың негізгі ұстындары болуы тиіс. Солай болып келді, жас қаламгерлердің балауса туындыларынан байқайтынымыздай, солай бола да бермек.

Жинаққа өлеңдер ғана емес, прозалық туындылар да енгізілген. Динара Шамишева, Ангелина Мендина, Айым Сайлауова, Гүлдана Қалмағамбетова тәрізді жас авторлардың тырнақалды әңгімелері де назардан тыс қалмас деп ойлаймын.

Бұл жинақтың тағы бір басты құндылығы — облысымызда қалам тербеп жүрген жастарды мол қамтығаны.

«Ақ айдын» — көкірегіне көрікті сөз ұялаған жас буынды алыс сапарға шақырған мөлдір әлем. Қадам құтты болсын!

Ертай АШЫҚБАЕВ,

ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.

Жуырда облыс әкімдігінің қолдауымен «Ақ айдын» әдеби жинағы жарыққа шыққан болатын. Біз төменде ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ертай Ашықбаевтың кітапқа жазған алғысөзі мен жас талапкерлердің бірқатарының өлеңдерін ұсынып отырмыз.

 Айнұр ҚАПАРОВА

Өлеңге

 

Кешір мені, көріктім!

Өзгелерді сенен сұлу көріппін.

Қайдан білгем, мен жүргенде өзгемен

Жатқаныңды дәптеріңе төгіп мұң.

 

Ренжімеші, ардақтым!

Саған деген жырларымды өзгелерге арнаппын.

Қайтарамын өткен күннің есесін,

Енді мәңгі сендік болып қалмақпын.

 

Айып етпе, киелім!

Енді сені, сені ғана сүйемін.

Адал жарың мен боламын аялар,

Сен боласың Құдай қосқан күйеуім.

 

Сен және мен —

Поэзия анамыз.

Бірге біраз белестерге барамыз.

Талай жырлар дүниеге әкеліп,

Қара өлеңге жар болады қара қыз.

 

Шабыт — сезім, шарықтайды биікке,

Мәңгі жырлап өтем сені, о, өлең!

Бір боламыз жек көріп те, сүйіп те

Сендік сезім солған күні мен өлем.

Ақілгек МЫРЗАБАЙ

АУЫЛ КӨКТЕМІ

 

Тонай-тонай қылмайық түзді жауыр,

Күзеу тозса, ызыңдар күзгі дауыл.

Қауыз ашқан таңдағы қызғалдақтай,

Көктемеде құлпырған Біздің Ауыл!

 

Әр тасында тұратын мұра тұнып,

Таудан аққан бұлағы тұма, тұнық.

Егіз өрген өлеңнің ұйқасындай,

Соқпақтары жатады шұбатылып.

 

Дархан халқы тартатын таласа сый,

Саф ауасы кештірген балаша күй.

Қазынамды қоймадай сақтап жатыр,

Қарапайым, қазақы қараша үй.

 

Көрмеген қарты жасын теріс үндей,

Ауыл жайлы ойлама мені сүймей?!

Аппақ арлы далама тіл тигізсең,

Дірілдер қырыққан қойдың терісіндей.

 

Ақ басты тауым жатыр мұнар шалып,

Оны көрген ақынға тұнар шабыт.

Төл мен құстың шулаған дауыстары,

Бір тойға жатқан сынды ұран салып.

 

Үскірік қыс аязы шалғай бұған,

Күншуақ өпкен жердің маңдайынан.

Ауызы көкке тиген тұлпарлардың,

Таңлағы жаңа кетіп таңдайынан.

 

Дей алмаймын бұл күйді жай өткердім,

Арасында жыр жазған гүл бөктердің.

Айбергенов жыр жүрек ұлы болса,

Мен немере қызымын бұл көктемнің.

Ақмарал САНСЫЗБАЙ

 Өзгеше болады…

 

…Қадірлі өлең, сенен де қашам кейде;

Сосын қайта іздеймін масаң күйде…

Бәрі… бәрі — жанашыр,

бірақ көзден

«Бәрін оқып тұрмын» деу — бос әңгіме!

 

Сандалғандар, бітеді сарсаңдарың,

Арбаудан да алдаудан шаршар жаның…

Бұйра шашты сипатып бұйра бұлтқа,

Аспан жаққа кетуді аңсаудамын…

 

Жек көру де, бұл жақта, сүю де бір,

Жану да — бір, сөну де, күю де бір.

Жан ұқпаған жалғыздық батар болса,

Күйкі күнде құбылар күйің небір!..

 

Небір бұла арманның өлгендігін –

Өз қолымен…

Қолымен көмгендігін;

Көкті аңсаған бозторғай жүрегінің

Естімедің шырылын жерден бірің…

 

Мен-Өзім ғой?!

Өзім боп тілге келем:

Бірге кетем… «Өзіммен» бірге келем…

Тәнім — Жерде, ал Жаным — Жерден алыс,

Тағдырымды тағылау кімге берем?

 

…Бір өзгеше туады Шығыстан күн,

Жылынысар сәтті күт… суысқан күн…

Бір өзгеше түрады қимай сүйіп –

Жардың, достың, жанары туыстардың…

Бірақ…

Бәрі өзгеше болады ұғысқан күн…

Владислав ВЕГЕРТ

Мәртөк ауданы Қызылжар ауылы Қызылжар орта мектебінің 11 «а» класс оқушысы.

 Отаным Қазақстан!

 

Ұлтым — неміс, Отаным — Қазақстан,

Әлемге аты болған аңыз-дастан.

Бір шаңырақ астында ұлт пен ұлыс,

Бірлік пен ынтымағы нұр жарасқан.

 

Татулығы елімнің арта берсін,

Бақ жұлдызы биікте жана берсін!

Әрбір Жолдау жаңалық жаршысы боп,

Еліме қуанышын ала келсін.

 

Мен — неміспін, қазақ менің бауырым,

Қазақ тілде шырқалады ән-жырым.

Мен өзімді бақыттымын дей алам,

Қызылжар деп аталады ауылым.

Нұрсұлтан ЖУМИН

1994 жылы 30 тамызда Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Шұбарши ауылында дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті филология факультетінің түлегі.

 Дос керек маған

 

Өмірде мына өрістеуіме,

Досыммен бірге келіскенімде,

Аяқтан шалар алаяқтарды

Жауымның бетін тегістеуіме,

Дос керек маған.

 

Қиындықтарды берік жеңуге,

Қиқымын нанның бөліп жеуіме,

Әр істің басын шеше алмағанда,

Әлсіздеу болып жеңілмеуіме,

Дос керек маған.

 

Қанатымнан кеп қатер ілгенде,

Қанаттанып ап көтерілгенде,

Бақытсыз қалып, бақыттың дәмін

Қандай боларын жете білгенде,

Дос керек маған.

 

Қия басқанда қыраттарымды,

Жақсы көрмейтін жырақтауымды,

Жауап қылатын сұрақтарымды,

Білмейтін әр кез сын ақтаруды

Дос керек маған.

 

Қолында болса, беретін бәрін,

Сырласым және сене тыңдарым.

Жана алмай қалсам жалын шарпымай,

Жүзімен ылғи төгетін жалын

Дәл осындай —

Дос керек маған…

Нұрбол ИБРАЕВ

1991 жылдың 17 сәуірінде дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы бакалаврын тәмамдаған. 2010 жылы «Қанаты жоқ періште» атты жыр жинағы жарық көрді. Қазіргі таңда Мұғалжар аудандық білім бөлімінің әдіскері болып қызмет етеді.

 Тәуелсіздік туралы тәуелсіз жыр

 

Құлағымда күмбірлемей құсалы үн,

Көктем болып гүл көмкерді құшағым.

Ата-бабам арман еткен Азаттық,

Сені бүгін жанарыммен құшамын.

 

Арманы асқақ әнге салып ел бөтен,

Көктемдей көңіл де кең, жер де кең.

Боз ала таң нұрын шашқан Бостандық,

Сені бүгін алақанда тербетем.

 

Далам түзеп домбырамның тиегін,

Елім жайлы күй толғады Киелім.

Еңсесі биік Егемендік, мен сені,

Жыр толқыған жүрегіммен сүйемін!

 

Босағама бақ қонбаса не етер ем?

Өзегімде өрілгенде от өлең.

Айналайын, Тәуелсіздік, мен сені,

Аспаннан да биік етіп көтерем.

 

…Өшпесе деп ұлылықтың ұлы әні,

Ұлтым жайлы жазылады жыр әлі.

Елді көрсем күлімдеген қайғысыз,

Қуаныштан жылағым кеп тұрады.

 

Тілеп тұрып Күн шапағат, Ай медет,

Елім жайлы дұға етемін ой демеп.

Азаттықта азат өлең жазам да,

Сыбырлаймын Тәңіріме «тәубе» деп…

Шапағат АМАНЖОЛ

ӨМІР

 

Өмір — өзен.

Жаратылыс — жалған бақ,

Үйреніпті бой бұған.

Түн дұғасын аман-есен таңға арнап,

Таң қайырын той қылам.

 

«Шын бақытты бола алмайды елде ешкім,

Бұйырмайды ешкімге»

десе біреу жалғыз мен-ақ сенбеспін,

Бақыттымын бес күнде.

 

Мейлі, әлем өзгерсе де мың рет,

Өз пікірім өзгермес.

Пенделікті періште қып алдым кеп,

Жазылмайтын сөзбен де еш.

 

Үлкен-кіші, бәәәрі, бәәәрі, жас-кәрің,

Өкпелейді кейде шын.

Өмірінен аңғармайды қас қағым,

Үмітінен үйлесім.

 

Өмір жайлы шығарып ап тар шешім,

Түйіндейді қыз-жігіт.

«Махаббат» деп болмайтын бір нәрсе үшін

Мөлдір моншақ үздіріп.

 

Бұл өмірге зар болады қарт абыз,

Күн көрмеген сәби де.

Өмір — Азарт.

Азарттықта арқамыз,

Қозып кеткен, әрине.

 

Елемейміз, ескермейміз заңдарын,

Бәрі қожа, бір-бір би.

Ұмытамыз атар оғын Алланың,

Ажал дейтін күнді ылғи.

 

Фәни-бақи, ауысады түн мен күн,

Ауысады, шіркін, жел.

Көз жастарын құрғамаған күндердің,

Желмен кейде сүртіңдер.

 

Мың құбылып өткен шақта әр күнің,

Уақыт сүзіп үлгерер.

Шын бақытты ете алмайды барлығын.

Өмір бірақ бір демер…

Өмір бірақ шын демер…

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*