Басты бет » Басты жаңалықтар » Дәрігердің үстінен неге арыз-шағым көп түседі?

Дәрігердің үстінен неге арыз-шағым көп түседі?

Ақтөбе қаласындағы емхана дәрігерлерінің жұмысына тұрғындардың көңілі толмайды. Нашар қызмет көрсететін, этиканы сақтамайтын ақ халаттылар көп. Былтыр облыс бойынша дәрігерлердің үстінен 101 арыз-шағым түскен. Бұл туралы обыстық көпсалалы ауруханада өткен жиында айтылды. Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2017 жылғы жұмысының қорытынды жиынына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев баяндама жасады. Былтыр аталған сала бюджеті  42,3 миллиард теңгені құраған. Жоғары технологияны пайдалану және медициналық көмекті  жақсартудың нәтижесінде  өлім-жітім көрсеткіші 4,8% төмендеп, бір жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітім —  24,3%, ал ана өлімі үш есе азайған.

Ұлттық скринингтік бағдарлама бойынша облыстың 342 мың тұрғыны тексеруден өтіп, олардың 8878-інен сырқат белгілері табылған.

Сондай-ақ батыс өңірдің халқына қызмет көрсететін Ақтөбе медицина кластері жұмысын бастағалы 1278-ден аса емделушіге жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілген. Соның ішінде 11 бауыр,  35 бүйрек ауыстыру, тізе және жамбас буынын алмастыру және 358 күрделі кардиохирургиялық ота жасалған.

— Денсаулық сақтау жүйесін материалдық-техникалық  жағынан қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Былтыр  мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің арқасында бес дәрігерлік амбулатория, екі медицина бекеті, офтальмологиялық бекет пайдалануға берілді. 2018 жылы Ақтөбеде жаңа жедел медициналық жәрдем бекеті ашылмақ. Перинатальды орталық пен туберкулезге қарсы диспансердің құрылысы жалғасып жатыр, — деді Әсет Қалиев.

Сондай-ақ екпеден бас тарту, дәрігерлер этикасына қатысты мәселелерді айтты. Облыс әкімі дәрігерлердің үстінен түскен шағымдардың көп екенін, тәртіп бұзған, науқастарға немқұрайлы қараған ақ халаттылар жазалану керектігін ескертті.

Дәрігерлердің үстінен түскен арыз-шағымдарды оқысаң жүрегің түршігеді. Науқас адам еріккеннен дәрігердің алдына бармайды. Дәрігер — науқастың соңғы үміті. Өзі сырқат адамды дәрігер ит сияқты қарсы алса, қалай болғаны? Әрине, түсінеміз, жұмыс көп шығар, бірақ осы мамандықты таңдап, ант бердіңіздер екен, сол антқа берік болу керек. Берген анттарыңызды ұмытпаңыздар.  Күнде жұмыстан үйге қайтарда өзіңізден «мен антымды орындадым ба?» деп сұраңыз, — деген облыс әкімі арыз көп түскен емхананың бас дәрігерлеріне қатаң ескерту берді.

Жедел жәрдем қызметіне қатысты да тұрғындардан шағым көп. Облыс әкімі жедел және шұғыл медициналық көмектің бас дәрігері Төлеу Сапаровқа мәселені реттеуді тапсырды. Сонымен қатар медициналық қызметтің сапасын көтеру мақсатындағы жұмыстар жалғаса беретінін айтты.

Заманауи медицина жабдықтары тиімді жұмыс жасауы үшін кәсіби мамандар қажет. Медицинада ештеңе бір орында тұрмайды, әрқашан жаңа дүниелер ашылып жатады, сондықтан дәрігерлерді үнемі оқытуға және кәсіби халықаралық серіктестікті әрі қарай дамытуға баса назар аударуымыз керек. Ақтөбеде әлемнің жетекші мамандары қатысатын семинарлар мен шеберлік сабақтарын көбірек өткізу қажет, — деді  облыс әкімі.

Жиын соңында өңір басшысы барлық бағыттар бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Соның ішінде өңірлік медицинада «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру, ауылдық елді мекендердегі медициналық мекемелерді материалдық-техникалық жағынан жабдықтауды күшейту және тағы басқа міндеттерді жүктеді. Облыс дәрігерлерін өздерінің борышы мен адамгершілік сезіміне адал болуға шақырды.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің ректоры Ербол Бекмұхамбетов пен медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті облыстық департаментінің  директоры Ринат Құбатаев есеп берді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*