Басты бет » Әлеумет » Кемел келешекке қадам

Кемел келешекке қадам

Ж О Л Д А У

Кез келген мақсатқа жету үшін саналы ой мен нақты қадам болуы шарт. Жетістікке жетелейтін де  басты құрал — жүйелі жоспар.  Сондай болашаққа деген айқын бағдардың нәтижесінде бүгінде еліміз дамудың даңғыл жолына аяқ басты. Тарихымызды түгендеп, ел болып еңсемізді тіктедік. Жаһандық үдерістермен жарыса жаңа мүмкіндіктер іздестіріп, тың идеяларды іске асыратын жаңа белестерді бағындыру міндеті тұр.

Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауынан түйген бір үзік ойымды  айтқым келеді. Елдегі маңызды салалардың жоспарлы дамуына жөн сілтейтін, оңды бастамалардан тұратын 10 негізгі міндетті алға тартқан Елбасы, санамызбен бірге техникалық мүмкіндіктеріміздің жаңаруы керектігін басты назарға қойды. Бұл күнге дейін жеткеніміз де, жетістігіміз де аз болған жоқ.

Осы орайда Елбасы өткен жылдың басты оқиғаларын тілге тиек ете отырып, ендігі атқарылуға тиісті міндеттерді назарға алды. Әлемдік тәжірибеден үйренер ерекшеліктер де жоспардан тыс қалған жоқ. Елбасымыз қай Жолдауында болмасын, экономикамызға ұтымды деген ұтқыр жолдарды қарастырады. Қазақстанның географиялық ерекшелігін, саяси сипатын, халықтың әл-ауқатын ескере отырып, төртінші өндірістік революцияға дайын екенімізді еске салды.

Болашақтың іргесін бірге қалайтын жастар қауымы үшін әсіресе жетінші қадамның маңыздылығы орасан. Олай дейтінім, білім берудің жаңартылған мазмұны, жоғары оқу орындарындағы білім беру мәселесі, техникалық базаны жаңарту ісі қозғалған жетінші бастамада жастардың қоғамдағы мүддесін тағы бір мәрте міндеттеп берді. «Адами капитал — жаңғыру негізі» атты бөлімнен ұлтын сүйер әр ұрпақ ұлағат алса керек. Нағыз азаматтық қоғам құру үшін жастардың сапалы білім алуы, соған сай білікті кадр құруы басты мақсатымызға айналуы тиіс. Әлемді дүрліктірген дағдарыс дәуірінде, дамуға бет бұрған бірегей мемлекеттің келешегінің кемел болуы біздей жастардың қолында.

Менің ойымша, біздің еліміз — жан-жақты салалар бойынша дамуға болатын мүмкіндіктер мекені. Осы ерекшелікті артықшылыққа айналдыратын жауапты сәт туды. Жолдаудың әр тармағы елдің болашағы үшін жасалатын игі шаралардың басы болмақ. Сондықтан барлық жаңашылдықты өз бойымызға баулуға ұмтылайық. Көздеген мақсатқа бірге көтеріліп, діттеген жерге бірге жетейік. Тәуелсіз елдің жастары атынан, бір шаңырақ астындағы барша отандастарымды жаңа Жолдаудағы жоспарды табысты жүзеге асыруға шақырамын.

Айым МАХАЕВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 1-курс студенті.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*