Басты бет » Әдебиет » Патша көңіл

Патша көңіл

 

30 қаңтар күні 15.00-де С.Бәйішев атындағы облыстық кітапхананың «Қаламгер» әдеби қонақжайында ақын Өтеген Нұрмағамбетовтің «Патша көңіл» атты жыр кітабының тұсаукесері өтеді. Біз оны жаңа кітабының жарық көруімен құттықтай отырып, бірнеше өлеңін жариялап отырмыз.

 Кімге керек жабығып жылағаның,

Кімге керек сүрініп құлағаның?

Қиындық пен қуаныш егіз екен,

Екеуінің арасы бір-ақ адым.

 

Сарғаяды шөп басы салқын күзде.

Өтерміз бір күндері сіз де, біз де.

Біздерсіз де таң атып, күн шығады,

Жұмысы жоқ өмірдің бізде мүлде.

 

Тағдырың не берсе де бір басыңа.

Өткен өтті, алда үміт, құр жасыма.

Басың ауырып, балтырың сыздағанда,

Ойландың ба, келеді кім қасыңа?

 

Гүл жайнаған жастықтың өтері хақ.

Өкінгенмен не пайда, айтшы бірақ?

Аман алып шығады алты ай қыстан,

Жақсы лебіз айтылған — жанған шырақ.

 

Ас толтырып қойса да алтын табақ.

Есігін енді аштырмас салқын қабақ.

Қалған көңіл-шыққан жан, орны толмас,

Көрген қызық, жиғаның бір күн  талақ.

 

Өткізіп алмағайсың текке күнді.

Күзде орып аларсың еккеніңді.

Өз өмірің, тадырың өз қолыңда,

Байқамай да қалмасын кеткеніңді.

 

Мүмкін, сенің мінгенің қымбаттырақ.

Кигенің де өзгеден сымбаттырақ.

Бірақ жыртық үйдің де құдайы бар,

Патша көңіл бәрінен қымбат тұрат.

20.02.2017 жыл

 

Біздің ауылдың көктемі                                                 

Айғыз-айғыз, қар кеткен.

Жылғаларда су кепкен.

Жылдағыдан  ерекше

Несіменен бұл көктем?

 

Бұрынғыдай бәрі де.

Бозторғайдың әні де.

Бозбалалар қайда жүр

Сәлем берген кәріге?

 

Бозарып таң атады.

Қызарып күн батады.

Сусылдап кеп шүрегей

Суға қонып жатады.

 

Арса-арса келбеті.

Көк шалады жер бетін.

Қыстан шықан боз басын

Салқын самал тербетті.

 

Апандарға су толған.

Қамыс өссе ну болған.

Шалдығып кеп алыстан,

Шалшық суға қу қонған.

 

Ерте, ерте, ертеде,

Әлде одан да ерте ме

Атақоныс, ел болған,

Осы бейқам өлкеде.

 

Оған куә қыраттар.

Тілсіз аққан суаттар.

Тастан  шыққан бұлақтар.

Түнде жанған шырақтар.

Наурыз 2017 жыл

Ата Жұрт                                                                                                

Айдарынан жел ескен.

Аймағынан ел көшкен.

Айналайын Ата-Жұрт,

Айбыныңмен ер өскен.

 

Ат жалында өскен ер.

Ақ жолымен көшкендер.

Ақыл-ойын ашудан

Артық санап өскендер.

 

Азаматы түн қатқан.

Аруағы үн қатқан.

Аруана қомында,

Ару-әйел толғатқан.

 

Арғымағын баптаған.

Ар-ұятын сақтаған.

Айналайын Ағайын,

Ана сүтін ақтаған.

 

Аялап қызын өсірген.

Ағалап ұлы көсілген.

Аталы сөздің алдында,

Атаның құнын кешірген.

 

Асылдың көзі өлмеген.

Ақыны — барым ел деген.

Ағаштан ойып домбыра,

Айтарын  айтқан термемен.

 

Атадан мирас – жеріміз.

Алаштан мирас – тегіміз.

Абыздан мирас – сөзіміз.

Аманат бізге еліміз.

05.03.2017 жыл

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*