Басты бет » Әкімдер есебі » Қай салада да көрсеткіштер жоғары

Қай салада да көрсеткіштер жоғары

Аудан әкімі Бауыржан Қаниев Жаңақоныс, Есет Көтібарұлы, Айшуақ және Бозой ауылдық округтерінің орталықтарында болып, тұрғындарымен кездесіп,  ауданының 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2018 жылға арналған міндеттері туралы есеп берді.

Ең алдымен жиналған көпшілік аталған ауылдық округтердің әкімдерінің есептеріне және жергілікті полиция қызметінің бастығы Тұрлан Дүйсеновтің өткен жылғы қоғамдық тәртіптің сақталуы жөніндегі хабарламасына құлақ түрді. Содан соң аудан әкімінің есебіне ден қойды.

Мұның алдында барлық деңгейдегі әкімдердің есептері аудандық газетте жарияланған болатын. Сондықтан көпшілік негізгі мәселелерден хабардар еді. Есеп беру жиналыстарына қатысқан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Эльмира Сүйіншалина өткен жылғы өңірде көрсетілген әлеуметтік көмектер туралы айтып, «Бастау-Бизнес» жобасының игіліктері жөнінде әңгімеледі.

Аудан әкімі өзінің есебінде өткен жылдың табысты да берекелі жыл болғанын нақты деректермен баяндады. Салық түсімдері артығымен орындалып, аудан облыста алдыңғы үштіктен көрінді. Қай салада да көрсеткіштер жоғары болды. Өткен жылы негізгі қорға 44,8 миллиард теңге инвестиция тартылды.

Әкім есебін тыңдағаннан кейін тұрғындар өз тілектерін білдірді. Мәселен, Жаңақоныс ауылдық округінің тұрғындары ауылға ауызсу жеткізілгеніне алғыстарын жаудырып, енді ауыл мектебінің терезелері жаңартылса, қарлы-боранда ауылдағы көше жолдарын қардан тазарту үшін екі трактордың иесі қоғамдық жұмысқа тартылса, ауыл жастарына бір мезгіл мектептің спорт залын пайдалануға рұқсат берілсе деген тілектерін жеткізді. Ауыл тұрғындары Ұ.Жұмағалиев жұмыссыз жүргенін айтса, Б.Балымбетов өзінің қант диабетімен сырқаттанатынын, дәрі-дәрмектің тапшылығын алға тартты.

Аудан әкімі ауыл азаматтарын түрлі бағдарламалар бойынша жеңілдетілген несие алып, кәсіп істеуге шақырды. «Әркім өз отбасын асырау керек», — дей келе Шалқар қаласынан «Шалқар саясы» деген ғимарат салып, бес адамды жұмыспен қамтыған мүмкіндігі шектеулі азамат Ерлан Алдашовтың еңбегін және 82 жастағы Мәжит Жақыпов ақсақалдың ісін үлгі етті. «Еңбек етемін» деген адамға жұмыс табылады», — деді аудан басшысы. Ауданның бас дәрігері А.Есмағанбетов жалпы еліміз бойынша қант диабеті сырқатына қажетті дәрі-дәрмектің тапшылығын, оның шешілу жайы министрдің қадағалауында екенін айта келіп, өтініш білдірген ауыл тұрғынына көмек көрсетуге уәде берді.

Есет Көтібарұлы ауылдық округінің тұрғындары Байқадам ауылындағы бірнеше жылдан бері бос тұрған Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу, Ұлы Отан соғысы қаһармандарына қойылған ескерткішті көрнекті жерге көшіріп, жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелерін қозғады. Аудан әкімі Мәдениет үйіне биыл бюджеттен 37 миллион теңге қаржы бөлініп отырғанын, жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтып, байқадамдықтарды қуантты. Ал ескерткішті  ауыл болып қолға алып, өз күштерімен қалыпқа келтіруге ұсыныс тастады. Еңбек ардагерлері Ж.Пралин, Б.Манасов өткен жыл байқадамдықтар үшін құтты жыл болғанын, ауылға көгілдір отын, ауызсу берілгенін айта келіп, оны іске асырған ел азаматтарына алғыстарын білдірді.

Айшуақ ауылдық округінен еңбек ардагері Б.Әдіманов теміржол бойында малдардың пойыз астына жиі түсетінін, соған байланысты тараптардың жауапкершіліктерін көтеруді сұрады. Ал шаруа қожалығының төрағасы К.Аймашов, тағы басқа азаматтар қаладағы делдалдарға мал сатқан кезде ұтылып жүргендеріне күйінді.

— Теміржолдың өз тәртіптері бар, мүмкін, алдағы уақытта елді мекеннің тұстарындағы теміржол қоршалар, бірақ малдың иесі қай мезгілде де малын бос жібермей бағулары керек, — деді аудан әкімі. Сонымен бірге,  делдалға жем болмас үшін әркім өз өнімін өзі сату керектігін, сол үшін базарлардан арнайы орын берілгенін айтты.

Мұнымен бірге, әкімнің айтуынша, Есет Көтібарұлы ауылдық округі территориясынан «Нұралы» шаруа қожалығы жалпы құны 120,0 миллион теңге болатын 400 басқа арналған мал бордақылау және мал сою алаңының, ет өңдеу цехының құрылысын аяқтайды. Қазір құрал-жабдықтарын сатып алып жатыр.  Жақын арада бұл өндіріс іске қосылады, сол кезде ауданда мал өнімін өткізуге байланысты көп мәселе шешіледі. Тағы бір жаңалық — биыл Бегімбет ауылынан Мәдениет үйі салынбақ, қаражаты бөлінген.

Кездесу кезінде бозойлықтар жол мәселесін қозғады. Жаңа жол салмағанның өзінде, аудан орталығынан 210 шақырым жолды уақытылы тегістеп, жарақты ұстаса деген ұсыныстарын білдірді. Кейбір тұрғындар «Халық Банкі» карточкасымен поштадан ақша алу кезіндегі кедергілерді, заңды тұлғалар үшін келетін газ төлемдері бланкілерінде алдыңғы көрсеткіштердің жазылмайтынын сынға алды. Бозойға жақын Тассай стансасынан Ақтөбе қаласына қатынайтын пойызға бір вагон тіркелсе деген де ұсыныс айтылды.

Аудан басшысы қай мәселенің де назарда болатынын айтып, кездесу кезінде туындаған жергілікті жерлердегі бірқатар мәлелерді шешуді аудандық әкімдіктің тиісті бөлімдерінің басшыларына, ауылдық округтердің әкімдеріне тапсырды.

 Қыдыралы ӘЛИН,

Шалқар ауданы.

 

Бір пікір

  1. Берік Дәндібаев.

    Темірде 7 клуб 6 бала бақша 3 мектеп салдырып орталық бу қазандығын оңдатып кетті рахмет Бауке азаматсыз

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*