Басты бет » Әлеумет » Ақпараттық топ Мұғалжар ауданына барды

Ақпараттық топ Мұғалжар ауданына барды

Болашаққа бастайтын 10 қадам

Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын халыққа түсіндіру мақсатында облыстық ақпараттық-насихат тобы Мұғалжар ауданына барды.

Аудан әкімі Ербол Данағұловтың төрағалығымен өткен жиында топ өкілдері Елбасы Жолдауының маңызды міндеттерін тарқатып түсіндірді.  Жолдауда аса маңыз берілген негізгі басымдықтың бірі —  үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Мамбетжанова Елбасы Жолдауында көрсетілген денсаулық сақтау мәселесіндегі негізгі міндет — жастардың репродуктивті денсаулығын қорғау және оны нығайту екенін және осы бағыттағы жұмыстарға күш салынатынын айтты.  Осы міндеттеменің төңірегінде бүгінде облыста іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Тағы бір міндет — онкологиялық ауруларды төмендету. Бүгінде онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы облыс әкім Б.Сапарбаевтың қолдауымен халықаралық серіктестікті нығайта отырып, Кореяның Сеул ұлттық университетімен,  «Кангнам Северанс» медициналық орталығымен бірігіп жұмыс істеп жатыр. Инновациялық технологиялардың көмегімен Ақтөбенің кардиохирургиялық орталығында жылына 1000-нан астам жүрек оталары жасалады. Сонымен қатар, нейрохирургиялық ота мен буындарды протездеу бойынша жамбас, тізе буындарын алмастыру және өзге де оталар оң нәтижесін берген. Қазіргі таңда Ақтөбе облысы халқының өмір сүру жасы 72-де 4 айға дейін ұзарды.

Жиын барысында, Елбасының Жолдауы төңірегінде өзге де тың тақырыптар айтылды. Жаңа технологияларды барлық салада қолдану, ресурстық әлеуетті дамыту, еңбек өнімділігін түбегейлі арттыру, адами капитал мәселесі, сондай-ақ жемқорлықтың алдын алу міндеттерінің бұлтартпай орындалуы —рухани жаңғыруға жетелейтін төте жолымыз екендігін түсіндірілді. Өз кезегінде аудан әкімі  Ербол Данағұлов Жолдауда жүктелген бірқатар міндеттер шеңберінде ауданда да кешенді жұмыстардың қолға алынып, жүзеге асып жатқандығын сөз етті.

— Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің тапсырмаларына сәйкес, біз алдағы төрт жылдың ішінде тұрғын үй мәселесін толық шешуді межелеп отырмыз. Қандыағаш қаласында соңғы 30 жылда алғаш рет екі көпқабатты тұрғын үй бой көтерді. Жуырда  баспана кезегінде тұрған аудан тұрғындарына пәтер кілті табыс етіледі. Мұнымен шектеліп қалмай, аудан орталығында бос қаңырап тұрған көпқабатты тұрғын үйлерді де коммуналдық меншікке алып, қалыпқа келтіру жоспарда бар. Сонымен бірге  қаланың ішкі жолдары қалыпқа келтіріледі. Жалпы Қандыағаш қаласын көркейту жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатырмыз. Ауданға қарасты елді мекендердегі тұрғындарды алаңдатып отырған әлеуметтік мәселелер де шешіліп отырады. Оған Мұғалжар ауданының мүмкіндігі жетеді. Сонымен қатар ауданның шекарасындағы республикалық маңызы бар тас жолдардың да жағдайы жақсармақ, — деді аудан әкімі.  

 Алтын СҮЛЕЙМЕН,

Мұғалжар ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*