Басты бет » Әлеумет » Назар кәсіпкерлікті дамытуға аударылды

Назар кәсіпкерлікті дамытуға аударылды

Экономиканың өркендеуі — кәсіпкерліктің қаншалықты дамуына байланысты. Сол себептен де, биылғы халыққа арнаған Жолдауында Елбасы: «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтың осы санаттарын кеңінен тарту қажет» деп, елдің алдына үлкен мақсат қойды. Темір ауданына Елбасының халыққа Жолдауын тұрғындарға түсіндіру мақсатындағы облыстық ақпараттық түсіндіру тобын бастап  келген облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова негізінен осы мәселелердің жергілікті жерлердегі жүзеге асуына назар аударды. Топ жетекшісі және оның мүшелері облыстық мәслихат депутаты Светлана Айтбаева, Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Ақтөбе облысы бойынша ұйымының төрайымы Раушан Серікова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының ардагері Роман Рахимов, аудан әкімі Асқар Жүсібалиевпен бірге аудан орталығындағы және Темір қаласындағы, Ақсай, Қопа ауылдарындағы кәсіпкерліктің даму жағдайларымен танысып, шағын кәсіпкерлік, бизнес орталықтарын аралап көрді. Тұрғындармен кездесіп, Елбасы Жолдауының басты мақсаттарын түсіндірді.

Аудандық әкімшілік ғимаратында өткен аудан жұртшылығымен кездесуде топ жетекшісі және мүшелері, аудан әкімі сөйлеп, экономикадағы, халықтың әл-ауқатын жақсартудағы қол жеткен табыстарды саралады. Осының бәрі Елбасының сындарлы саясаты арқылы келгенін атап өтті.

Шұбарқұдықтың басындағы бірқатар нысандарды, оның ішінде «Ардақ» сауда үйін, жаңа дәріхана құрылысын, шағын маркет, «Дариға» жеке бөбекжай-бақшасын, «Мирас» тойханасын, наубайхана жұмысын көргеннен кейін, қонақтар ризалықтарын білдірді. Бағаның тұрақтылығын, қала базарларындағы бағадан төмендігін атап көрсетіп, құптады.

 Бердіхан ӘДІЛХАНОВ,

аудандық газет редакторы.

Темір ауданы.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*