Басты бет » Тарих » Талдысайдан шыққан алашордашы

Талдысайдан шыққан алашордашы

Суретте: екінші қатарда ортада Әбдіхамит Жүндібаев.

1917 жылғы Ақпан төңкерісінен соң қазақ қауымында жаппай қоғамдық-саяси  белсенділік  туа  бастады. Патшаның  тақтан  құлатылуы  езгіде  жатқан  қазақ қоғамын дүр сілкінтті, жылдар бойы аңсаған азаттық үмітін  оятты.  Қазақтың  алдыңғы  қатарлы  зиялы  өкілдерінің  арасында  өзін-өзі  басқаруға  деген  ниет  пен құлшыныс пайда болды. Бір ғасырдан астам уақыт бойы отарлықта күн кешкен қазақ халқының ұлттық сана-сезімдерінің оянып, буржуазиялық-демократиялық жаңа үрдістерге қол созуы заңдылық еді.

Демократиялық жаңару  нышандарын ел арасына  таратып, оны  іске  асыру жұмыстарында ұлттық «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан қазақ зиялы қауымы  ерекше роль атқарды. Олардың ұйымдастыруымен 1917  жылдың  көктемінен  бастап, қазақ жеріндегі 6 облыста  жаппай қазақ съездері өткізіле  бастаған еді. Халықтың зиялы қауымынан бөлек жергілікті басқарушы, діни әрі дәулетті тап өкілдері  бас  қосқан бұл тарихи  жиындарда  жаңаша  басқару,  білім  беру, соттық, дін,  т.б.  маңызды  мәселелер  қарастырылған  болатын.  Облыстық  съездерден  соң 1917 жылғы 21-28 шілде аралығында Орынборда жалпы қазақ құрылтай съезі өткізіліп, онда ұлттық «Алаш» партиясы мен Алаш Орда өкіметінің ресми түрде негізі қаланғаны  белгілі.  Ұлттық партия мен өкімет  құру  идеясы  бұдан ертерек пайда болғандығын айта кету керек, ол жер-жердегі жиындардан  соң  бірте-бірте  іске асырылған болатын.

Басқа өңірлер секілді Қобда жері де бұл саяси науқандардан тыс қалған жоқ, оның топырағынан Алашқа мүше болған бірнеше қайраткер шықты. Олардың бірқатары 1917 жылы 2-8 сәуір аралығында Орынборда болып өткен Торғай облыстық I  қазақ  съезіне  қатысқан.

Осы  тарихи  бас  қосуға  Қобдадан  Әбдіхамид  Жүндібаев,  Керей  Тұрымов, Тоқмағамбет Жантасов, Мұхамедәлі Меңдібеков, Есмағамбет Алтыбасов және Шынтай Дәржанов секілді азаматтар қатысады.

Бұлардың арасынан халқымыздың біртуар ардақты ұлдары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтармен бірге «Алаш» партиясын құруға белсене атсалысқан және оның бағдарламасын жазған жеті қайраткердің бірі Әбдіхамид Жүндібаевты айрықша атап өтуге болады.

Қобда жерінің аяулы  перзенті  әрі  мақтанышы  Әбдіхамид  Жүндібаев 1893 жылы қазіргі Талдысай ауылының маңында дүниеге келген. Ол Алаш қозғалысының қайраткері, оның торғайлық тобының белсенді мүшесі. 1906-1909 жылдары аралығында Орынбордағы орыс-қазақ мектебінде, екі жылдық қазақ мұғалімдер училищесінде оқыған,  журналист,  публицист  әрі  аудармашы  болған.  Ол  оқуларды  бітірген  соң туған  жеріне  қайта оралып, Қобда болысының №5  ауылының  азаматы  саналған және  осында  Қосыбаев  атындағы  бір  кластық  училищенің  мүғалімі  болып  қызмет еткен. Саяси ахуалдарға белсене үн қосып, Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен Алаш  органы  —  «Қазақ»  газетінде  Ресей  империясының  отаршылдығына  қарсы  мақалалар  жариялап  отырған.  1917  жылғы  Ақпан  төңкерісінен  соң,  Торғай облыстық  комиссары  болған  Әлихан  Бөкейханов  өз  бұйрығымен Әбдіхамидті облыстық комиссариат жанындағы айрықша тапсырмалар жөніндегі кіші чиновник етіп бекіткен. Көп ұзамай Ақтөбе уезінде земствоны енгізу жөніндегі нұсқаушы болып тағайындалған.

Әбдіхамид 1917 жылғы шілде және желтоқсан айларында Орынборда өткізілген  жалпы қазақ  съездерінің жұмыстарына белсене  араласады. 5-13 желтоқсан аралығында өткен осы жиындардың соңғысында жедел түрде автономия жариялауды жақтап дауыс береді. Аталған съезде Әбдіхамидтен басқа Жанша және Халел Досмұхамедовтер, Аспандияр Кенжин, Уәлидхан Танашев, Ғұмар Қараш, Сағындық Досжанов,  Бақыткерей  Құлманов  бастаған,  негіздерін  батыс  қазақстандық  Алаш қайраткерлері  құраған  33  адам  шұғыл  түрде  жеке  Қазақ  Автономиясын  жариялауды талап еткенімен, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан Жұмабаев, Әлімхан Ермеков,  Тұрағұл  Абайұлы,  Сейдазым  Қадырбаев  бастаған  42  делегат  мұндай  шараны әлі ерте деп тауып, автономияға қарсы дауыс берген болатын.

Әбдіхамидтің  1917  жылдың  көкек  айындағы  тұңғыш  Торғай  съезіне  делегат  ретінде  қатысқаны  айтылды.  Ал  сол  жылғы  20-25  тамыз  аралығында  өткен  II Торғай облыстық қазақ съезінің негізгі ұйымдастырушыларының бірі осы жерлесіміз болатын. Алдыңғы жиындардай Орынборда емес, Ақтөбеде өткізілген бұл басқосуға Ақтөбе, Қостанай, Ырғыз және Торғай уездерінің делегаттары қатысқан. Съезд президиумы 5 адамнан тұрған: төрағасы Мырзағазы Есболов, мүшелері ретінде Сағындық Досжанов пен Ахмет Тұңғашин сайланса, хатшылары Тел Жаманмұрынов пен Әбдіхамид Жүндібаев болған.

1917  жылдың  аумалы-төкпелі  бір  кезеңдерінде  Әбдіхамид  Алаш  органы –«Қазақ» газетін шығаруды да өз міндетіне алған. Бұл туралы белгілі революционер, ақын әрі қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің атақты «Тар жол, тайғақ кешуінен» біле аламыз. Мұнда Сәкен Әбдіхамидтің аталған газеттің сол жылғы 27 ақпан күнгі нөміріне шыққан мақаласын келтірген.

Жерлесіміз Әбдіхамидтің 24 жасында-ақ  қазақтың ең көп тарайтын, бетке ұстар ұлттық  газетін  шығаруды  қолға  алғанын  көреміз. Қиын кезеңде мұндай  жауапты да ауыр жүкті мойнына алу — екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.

1917 жылы Қазан төңкерісі орын алып, елде бірте-бірте кеңес үкіметі орнай бастағаны белгілі. Өзі айтқандай, заманның ағымымен Әбдіхамид те Алаштың көптеген  қайраткерлері  секілді  кеңестер  жағына  шығады.  Олардың  ой-армандары қандай  биліктің  құрамында  болмасын  өз  ұлтының  жарқын  болашағын  орнатуға, мұң-мұқтаждарын  шешуге,  мақсат-мүдделері  үшін  аянбай  күресуге  тырысу,  соған ұмтылу  еді.

Әбдіхамидтің  кеңестер  тұсындағы  қызметіне  келсек,  ол  1918  жылы  21  наурыз  бен  3  көкек  аралығында  Орынборда  белгілі  революционер  Ә.  Жангелдиннің жетекшілігімен  өткен  Торғай  облыстық  кеңестер  съезінің  жұмыстарына  қатысады.

Аталған съезде халыққа білім беру мәселелері қарастырылғанда Әбдіхамид елдің өз балаларын ана тілінде оқыту мүмкіндігінен айрылғандығын ашына айтып,  облыста жедел түрде ұлттық мектеп мұғалімдерін даярлайтын медреселер ашуды талап етеді.

Осы жиында ол облыстық атқару комитетінің құрамына енеді әрі президиум  хатшыларының  бірі болып бекітіледі. Съезд көпшілік дауыспен Мәскеудегі Әскери революциялық комитетке облыс құрамындағы 4 уездің әрқайсысынан 2 адамнан (орыс және қазақ ұлтынан) барлығы 8 адамдық делегация жіберуді қабыл алады. Ақтөбе уезінің атынан Әбдіхамид баратын болып шешіледі.

Съезд президиумының мүшелігіне, хатшылығына үміткерлер өздерінің саяси және экономикалық жағдайларынан қысқаша мәлімет беруге тиіс болған кезде, С. Досжанов пен Әбдіхамид өздерінің партияда жоқ екендіктерін, Кеңес өкіметіне іш тартатындықтарын және аса үлкен мал-мүліктерге ие еместіктерін айтқан. Досжанов президиум мүшелігіне өтеді, ал Әбдіхамидтің хатшы болып бекітілгені айтылды.

Ә. Жүндібаев  туралы  мұнан  кейінгі  деректер  әр  жерден  үзік-үзік  кездеседі.  Ол  Торғай  облыстық  атқару  комитетінде  ұзақ  уақыт  болмаған  сияқты,  себебі 1918 жылғы маусым айымен мерзімделетін бір құжаттан оның атқару комитетінен шығуына байланысты орнына басқа адам сұратылған хат кездесті.

Тағы бір архив құжатында Ақтөбе уездік атқару комитеті өзінің 1920 жылғы 24 маусым күнгі кезекті отырысында осы комитет мүшесі Жүндібаевтың «оның жүйке ауруына шалдығуына байланысты» өзін комитет мүшелігінен шығаруды өтінген арызын  қарағандықтары  айтылады.  Бірақ  отырыс  мүшелері  оның  өтінішін  негізсіз  деп  тауып,  қабылдамаған,  2  апталық  демалыс  қана  беріп,  осы  мерзім  біткен соң  комитет  құзырына  қайта  оралуын  міндеттеген.

Осыған қарағанда, Әбдіхамид облыстық атқару комитетінен кейін  уездік комитетке ауысқан сыңайлы. Ақтөбе облыстық партархивінің бір  мәліметінде  1920  жылғы  қыркүйекте сол кезде Қобда болысы қараған Ақбұлақ ауданы (уезі) большевиктерінің III партиялық конференциясының  протоколында  Жүндібаевтың  аудандық  комитет  мүшелігіне  кандидат  ретінде  сайланғаны  туралы дерек бар. Мұнда аты аталмаған, тек фамилиясы көрсетілген. Негізінде  ол  өз  атын  Абдул-Хамид  не  Абдулхамид  деп  жазған. Алаш арыстарының бірі Міржақыптың да өзін Мир-Якуб деп жазғаны белгілі.

Жалпы, Әбдіхамидтің денсаулығына байланысты қоғамдық қызметтен кетуі 1920 жылдар екені талас тудырмайды. Бұл кезең оның өмір соққыларынан қажып, рухани жүдеп жүрген кезі болу керек.

Жазушы Ғалым Ахмедов жерлесімізді 1917 жыл шамасында көрген. Бұл туралы  ол:  «Әбдіхамитті  1917  жылы  бір  рет  көргенімде,  пенсне  көзілдірік  таққан, аққұба, әдемі жігіт еді, Алаш бағдарламасын жасауға белсене араласқан, 1918 не 1919  жылы  қайтыс  болды…»,  — деп  жазады. Бірақ  белгілі  тарихшы  Қайдар  Алдажұманов  оның  кеңес  үкіметі  орнаған  соң  баспасөз  саласында  қызмет  етіп,  аудармашылықпен айналысып, 1924 жылы қайтыс болғанын және туған жері Талдысай маңындағы Бұлақ қыстауында жерленгенін көрсетеді.

Автор Әбдіхамид  туралы  алғашқы  деректерді  жариялағаннан  кейін,  оның Алматыда тұратын ұлы Ермекбай ақсақалды іздеп тауып, жолыққан болатын. Жасы 80-нен асқан ақсақал негізінде Әбдіхамидтің туған ағасы Аманқостың баласы екен.

Алаштың  ардақты  ұлы 1920  жылы 27 жасында қайтыс  болған, осылайша  оның  денсаулығына  байланысты  қызметтен  кетуі  туралы  пайымымыз расқа  айналды.  Әбдіхамидтің  келіншегі  Зүбайда  (Әлияның  әкесі  Нұрмұхамбеттің інісі Бектілеу байдың қызы) әмеңгерлікпен Әбдіхамидтің інісі Мырзағұлға қосылған.

 Балнияз ӘЖНИЯЗОВ,

зейнеткер-журналист.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*