Басты бет » Жаңалықтар » Ақтөбеде өртенген автобус: қайғылы оқиғаның анық-қанығы енді айтылады

Ақтөбеде өртенген автобус: қайғылы оқиғаның анық-қанығы енді айтылады

Облыс әкімдігі ғимаратында жұмаға ауған түнде Үкіметтік комиссия өкілдері Ырғыз ауданында өртенген автобусқа қатысты түсінік берді.

18 қаңтар күні таңертең Самара-Шымкент тасжолында Өзбекстан азаматтары мінген автобус өртеніп, оқиға салдарынан 52 адам қаза болды. Алдын ала мәлімет бойынша, Астана уақытымен сағат 10.30-да Ырғыз ауданының Қалыбай ауылына жақын маңда 57 жолаушы отырған «Setra» маркалы қоғамдық көліктен төтенше оқиға кезінде тек 5 адам ғана (үш көлік жүргізушісі мен екі жолаушы) сыртқа шығып үлгерген.

Аталған жағдайға байланысты Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевке көңіл айту жеделхатын жолдады. «Орны толмас қайғыға ортақтастығымды білдіре отырып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қолдауым мен ниеттестігімді жеткізуіңізді сұраймын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларына оралуына тілектеспін», — делінген жеделхатта.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды.

Бейсенбі күні Ақтөбеде  Үкіметтік комиссия өкілдерімен өткен жиында Қазақстанның Инвестиция және даму министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр оқиға туралы жалпы түсінік беріп, қазіргі таңда арнаулы зерттеу топтарының жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

— Қазан қаласына аттанып  бара жатқан автобуста, алдын ала мәлімет бойынша, 57 адам болған. Оның 52-сі қаза тауып, 5-еуі өз күшімен сыртқа шыққан. Олардың үшеуі — Қазақстан азаматы, екеуі өзбекстандық. Бүгін Үкіметтік комиссия  өкілдері оқиға орнына ұшып барды. Қазіргі уақытта тергеу тобы жұмыс істеп жатыр, — деді.

Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев мамандарға  ауа райының қолайсыздығы да кері әсерін тигізіп тұрғанын атап өтті.

— Оқиғаның өзі ауқымды болғандықтан әрі ауа райының қолайсыздығы бар, сала мамандарына жұмыс оңайға соғып жатқан жоқ. Қазіргі уақытта 44 мүрде анықталды. Қатты күйік шалғандықтан, мәйіттердің кейбірінің кімдікі екенін анықтау мүмкін болмай жатыр. Сондықтан оларды мәйітханаға жеткізген соң ғана аты-жөнін анықтау жұмыстары жүргізілмек. Осы орайда автобустың салоны түгелдей дерлік жанып кеткенін айтып өткім келеді. Сондай-ақ, ол жақта ешқандай жол-көлік  оқиғасының болмағанына, одан қылмыс іздері анықталмағанына ерекше тоқталсам деймін. Апаттан аман қалған 5 адамның сөзі де бұған дәлел бола алады. Олардың айтуынша, өрт автобус салонында тұтанған. Соның салдарынан жолаушылар иістен уланған. Екі қабатты автобуста жүк те көп болған, бұл да жоғарыда отырғандардың тысқа шығуына кедергі келтірген, — деді Ерлан Тұрғымбаев.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой өз сөзінде ауруханаға жеткізілген 5 адамның жалпы жағдайы тұрақты екенін, екеуінің қолын аздап күйік шалғанын, бәрінің негізінен уланғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда аталған жолаушылармен психолог мамандар жұмыс істеп жатыр.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов төтенше жағдайға байланысты жергілікті билік тарапынан барлық көмектің көрсетіліп жатқанын, бұл жөнінде алдағы уақытта толыққанды ақпарат берілетінін айтты.

Бейсенбі күні кешке Ақтөбеге Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдайлар бойынша министрі Рустам Жураев бастаған делегация келді. Делегация құрамында денсаулық сақтау, ішкі істер министрліктерінің қызметкерлері мен дипломаттар бар. Үкіметтік ведомствоаралық комиссия мен  Ақтөбе облысы әкімдігі басшылығы өзбекстандық делегациямен кездесіп, бірқатар бірлесіп жасайтын әрекеттер пысықталды.

Жұма күні Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдайлар бойынша министрі Рустам Жураев, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов және өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлері Ырғыздағы оқиға орнына барып танысты.

Оқиға орнында трагедияның себептерін анықтау үшін арнаулы қызмет органдары жұмыс істеп жатыр. Бұл жұмыстарға  облыстық әкімдік, ішкі істер, төтенше жағдайлар бойынша қызмет, жергілікті жол қызметі органдарының 80 қызметкері мен 30 техникасы тартылған. Ақтөбе облысының әкімдігі барлық көмек пен қолдауды көрсетіп отыр.

Қаза болған 52 адамның мәйіті Ақтөбеге жеткізілді. Қазақстандық сарапшылар өзбекстандық әріптестерімен бірге күндіз-түні сот-медициналық сараптама жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісі Тимур Рахимов Өзбекстан Республикасы делегациясының, Үкіметтік ведомствоаралық комиссия мүшелері мен Ақтөбе облысының әкімдігі басшылығы кездесуінің қорытындысы кезінде: «Төтенше оқиғаның салдарынан  Өзбекстан Республикасының азаматтары қаза болды. Ең алдымен, біз Қазақстан Президентіне, Үкіметке, жұмысқа қолайлы жағдай жасаған барлық мемлекеттік органдарға ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Қазақстандық тараптың қолдауымен тергеу шараларының жедел өтетініне және зардап шеккендер мен қаза болғандарды Отанына жеткізу үшін қажет барлық мәселелердің шешілетініне сенеміз», — деп  өз елінің алғысын жеткізді.

Айта кету керек, Өзбекстанда  осы оқиғаға байланысты құрылған Үкіметтік комиссияға  апаттың туындау себептерін айқындау, ел азаматтарының тұлғасын тану бойынша шараларды жүргізу міндеттері жүктелген. Сондай-ақ комиссияға қаза тапқандардың сүйегі мен зардап шеккендерді Отанына жеткізуді, олардың отбасыларына қажетті көмек көрсетуді ұйымдастыру тапсырылыпты. Қазақстанда өртенген автобуста қаза тапқан азаматтардың сүйегін  алып кету үшін Ақтөбеге Ташкенттен арнайы рейс ұшып келді.

Кеше еліміздің барлық мешітінде өрттен қаза болған өзбек азаматтарының рухына дұға жасалды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Ақтөбе облысындағы жолаушылар көлігінің өртеніп кетуі салдарынан орын алған төтенше жағдай нәтижесінде өмірден озған бауырларымыздың қайғысына ортақтасып, Өзбекстан мұсылмандарына хат жолдады.

Өзбекстанның Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі облысымыздың Ырғыз ауданы аумағында қаза болған және зардап шеккен өзбекстандықтардың аты-жөнін жариялады. Алдын ала тізімде қаза болған 29 адамның есімі анықталған. Олардың барлығы — Өзбекстанның Наманган облысының тұрғындары.

Ал өртке оранған автобуста аман қалған 5 адам сол күні санавиациямен облыс орталығына жеткізілген еді.  Олардың үшеуі — Қазақстан, ал екеуі — өзбек азаматы. Денелерін күйік шалған азаматтардың жағдайына қатысты облыстық жедел жәрдем медициналық орталығының бас дәрігері Рахымжан Арыстан: «Жағдайлары орташа ауырлықта. Денелерінде күйік онша көп емес. Қолдары, аздап беттері күйген. Жалпы ең бірінші маңызды жағдай — олар газға тұншыққан. Сондықтан біз оларды қабылдап, қызмет көрсетіп жатырмыз. Қажетті медициналық жарақтың бәрі бізде бар», — деп, ол зардап шегушілер жатқан бөлмеге күзет қойылып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтты. Рахымжан Арыстанның айтуынша, ауруханадағы екі өзбек азаматының денсаулығы жол көтеретін жағдайда, ал оларды Отанына қайтару ісі құзырлы органдардың шешімімен жүзеге асырылмақ.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*