Басты бет » Жаңалықтар » Ақпараттық топтар елге шықты

Ақпараттық топтар елге шықты

Облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллиннің төрағалық етуімен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауын түсіндіру үшін құрылған ақпараттық топтардың аудандарға шығуына байланысты кеңес өтті.

Ұзын саны 12 ақпараттық топ облыстың барлық аудандарына барып, бас-аяғы 48 елді мекеннің тұрғындарымен кездеседі. Оның құрамында облыстық департамент пен басқармалардың басшылары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері бар. Бұл науқан 16-20 қаңтар күндері аралығына жоспарланған.

— Жылдың басында Елбасы Қазақстан халқына өзінің кезекті Жолдауын ұсынды. Осыған байланысты жылдағыдай аудандарда Жолдауды кеңінен түсіндіру мақсатында ақпараттықнасихаттық топтар құрылып жатыр. Биылғы топтардың ерекшелігі — оған мәслихат депутаттары, журналистер, зиялы қауым өкілдері кіріп отыр, — деді Мавр Абдуллин.

Одан соң жас ғалымдардың атынан Жайық Сұлтан жиналғандар алдында жан-жаққа шыққандар кәсіптік бағдар төңірегінде кеңінен айтса деген ұсынысын білдірсе, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова биылғы ақпараттық топтар қатарына жас ғалымдардың да тартылғанын хабарлады.

Кеңес барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Қайыржан Тоқышев, «Бейбітшілік және қоғамдық келісім» кеңесі облыстық ұйымының төрағасы Келдібай Еспағамбетов, «Адырна» әдеби-көпшілік журналының бас редакторы, ақын Мейірхан Ақдәулетұлы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Абдоллаев, тарих ғылымдарының кандидаты Дәулет Әбеновтер сөз сөйлеп, ақпараттық топтардың маңыздылығына тоқталды.

Жиын соңында Мавр Абдуллин ақпараттық топ мүшелеріне Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалу жайын, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі жетістіктерін де айту жөнінде кеңес берді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*