Басты бет » Жаңалықтар » Коалиция Елбасы жолдауын қолдайды

Коалиция Елбасы жолдауын қолдайды

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында Елбасының биылғы Жолдауын талқылауға арналған «Қазақстан — 2050» демократиялық күштердің облыстық коалициясының кезекті отырысы өтті.

Жиынға саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Отырысты «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, коалиция төрағасы Дариға Исмағамбетова ашып, жүргізді.

Басқосуда аймақтық коалиция мүшелері Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылап, өз пікірлерін білдірді.

Жиында «Бірлік» саяси партиясы облыстық филиалының төрағасы Бағдат Алдабергенов сөз сөйлеп, Елбасы Жолдауын қолдайтынын жеткізді.

Биыл Елбасымыз елдің алдына 10 маңызды міндет болашақтың бағдарламасын ұсынып отыр. Елбасының жыл сайынғы Жолдауында айтылған ұсыныстары бүгінге дейінге толық орындалып келеді. Ең бастысы, Елбасы биылғы Жолдауында халыққа ең қажеттісі — адами факторға баса назар аударып отыр. Жолдауда денсаулық сақтау, білім беру салаларына қатысты жаңа міндеттер айтылып, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына баса назар аударылған. Сондықтан біз Елбасы Жолдауын қолдаймыз, — деді ол.

Бұдан кейін басқосуда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов Елбасы Жолдауын халыққа жеткізуде аға буын өкілдері де өз үлестерін қосып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді.

Елбасының жыл сайынғы Жолдауын біз, аға буын өкілдері, күтіп отырамыз. Биылғы Жолдауында Елбасы өнеркәсіп, ауылшаруашылық, білім беру, мәдениет салаларында қандай жұмыстар атқарылуы керектігін жүйелеп айтып берді. Аталған 10 міндет бойынша негіз қаланды. Енді осы бағытта жұмыс жүргізуіміз керек. Қазір өмір күнбе-күн өзгеріп, жаңа технологиялар еніп жатыр. Жастар осы жаңалықтан қалмай, тырысып, еңбек етуі керек. Егер өзгелерден қалсақ, шетте қалып қоямыз. Ең негізгісі, бізде барлық алғышарттар бар. Енді бірлесіп, жұмыс жасауымыз керек. Ал біздің кеңестің мақсаты — Елбасы Жолдауындағы басты міндеттерді халыққа түсіндіру, әсіресе, жастарға насихаттау. Қазір осы бағытта біздің ардагерлер құрамындағы белгілі 30 адам аудандардағы орта, жас буын өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс жасап жатыр, — деді К.Бірманов.

Шарада сондай-ақ «Ақжол» саяси партиясы облыстық филиалының өкілі Самат Нұрбаев, облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Түрікпенбай Айжарықов, Ауған соғысы интернационалист-жауынгерлерінің облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аслан Балқасынов сөз сөйлеп, Жолдаудың халықтың әл-ауқатын арттыруда, экономиканы дамытуда маңызы зор екендігін айтып, бірауыздан қолдайтындарын жеткізді.

Жиын соңында аймақтық коалиция мүшелері «Қазақстан — 2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының Үндеуін қолдап, дауыс берді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*