Басты бет » Басты жаңалықтар » Өтпежол қозғалысты жақсартады

Өтпежол қозғалысты жақсартады

Ақтөбе қаласынан Орынборға қарай шығатын жолда Ақтөбе ферроқорытпа зауыты аумағындағы жаңа өтпежол автожолдағы кідірістерді жойып, өткізу қабілетін ұлғайтуға қызмет етпекші. Қалалықтар үшін маңызды болып табылатын бұл инфрақұрылым 2019 жылдың қыркүйек айында іске қосылмақ. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев құрылысы жұмысы барысымен танысты.

Әзірге бұл жер облыс орталығындағы автокөлік жүйесі үшін әсіресе қарбалас сәттерде проблемалық орынға айналуда. Сондықтан да бас жобалаушы — «ПроектСтройДиалог Ақтөбе» ЖШС барлық қажеттіліктерді қарастырған. Жаңа өтпежол бірден екі деңгейде — теміржол желісі үстімен және оны бойлай көлік қозғалысын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен автоматты май құю стансасына кірме жолдар салынады. Жолдың екі жағынан ені 1,5 метр жаяужол төселеді. Өтпежолдың ені — 13,1 метр.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ақпараты бойынша жобаның жалпы құны 2 миллиард 112,6 миллион теңге. Бас мердігер «ТрансМостГрупп» ЖШС жұмыстарды 2017 жылдың маусым айында бастады, 2019 жылдың қыркүйек айында өтпежолды пайдалануға беруді жоспарлауда.

Өтпежолдың ұзындығы 66,85 метрді, ал автожолдың ұзындығы 2 142 метрді құрайды. Өткен жылы белгіленген жұмыстардың 50 пайызы орындалды, бұлар негізінен әзірлік жұмыстары: уақытша айналма жолдың 1,5 километрі жарақтандырылды, инженерлік желілер — электр, су, газ желілері және басқалары ауыстырылды.

Құрылыс материалдары толығымен дерлік дайындалды. Құрылыс-монтаж жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Техникалық қадағалауды «СТРОЙ-мах» ЖШС жүзеге асырады.

Құрылыс жұмыстарына 2017 жылы барлығы 920 миллион теңге: республикалық бюджеттен 900 миллион теңге және жергілікті бюджеттен 20 миллион теңге бөлінді. Биылғы жылы республикалық бюджеттен 700 миллион теңге және жергілікті бюджеттен 150 миллион теңге бөлінеді. Жалпы жұмыстарды аяқтау үшін 248,9 миллион теңге қажет.

— Жаңа өтпежол өнеркәсіпті аймақтың осы автокөлік ең көп шоғырланатын бөлігінде кідірістерді болдырмау, жүргіншілерге қолайлы болу үшін жолдың өткізу қабілетін ұлғайту мақсатында жасалып жатыр, — дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Әспенов.

Облыс әкімі жалпы жұмыстарға байланысты ескертулер жасап, осы салаға жетекшілік ететін өзінің орынбасарына тапсырмалар берді.

 Ләззат ЕГІБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*