Басты бет » Жаңалықтар » Үш ауысымдық оқу мәселесі оңтайлы шешіледі

Үш ауысымдық оқу мәселесі оңтайлы шешіледі

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақжар-2 поселкесіндегі жаңа мектеп құрылысы жұмысын қарады.

Аталған құрылыс өткен жылдың екінші тоқсанында басталған болатын. Осы елді мекендегі екі мектепте оқушылар саны көбейіп кеткендіктен жаңа білім ордасына сұраныс туған еді. Мұндағы 300 орындық №49 мектеп 2015 жылы, ал №45 мектеп 2014 жылы пайдалануға берілген.

— Қазіргі уақытта балалар үш ауысымда оқуда. Жаңа мектеп осы проблеманы шешуге мүмкіндік береді. Ақжар-1 шағын ауданындағы бастауыш мектептің балалары да жаңа оқу жылынан осы мектепке келеді. Жаңа мектеп пайдалануға берілгеннен кейін күн сайын балаларды автобуспен тасымалдау мәселесі де шешімін табады, — дейді Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Индира Бексұлтанова.

900 орындық жаңа мектепті «СДС-2012» құрылыс фирмасы 2018 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға бермекші. Қазіргі уақытта ғимараттың ішкі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімі мектеп құрылысын қарап, істің сапалы жүргізілуін тапсырды.

Таяу уақытта облыста үш ауысымда оқу толығымен жойылады. Биылғы жылдың үшінші тоқсанында ғана алты жаңа мектепті іске қосу жоспарлануда.

Әсемгүл СҮЛЕЙМЕНОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*