Басты бет » Жаңалықтар » Ғалымға құрмет көрсетілді

Ғалымға құрмет көрсетілді

А. Досжанова атындағы конференц-холда медицина ғылымының докторы, профессор Болат Жаналаевтың 70 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Кешке облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев және ғалымның шәкірттері мен әріптестері қатысты.

Жиында ғалымның еңбек жолы бейнекөрініс арқылы көрсетілді. Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев ғалымды құттықтап, иығына шапан жапты.

— Облыс әкімінің бастамасымен «Құтты мекен — Ақтөбе» жобасы қолға алынғанын бәріміз жақсы білеміз. Ақтөбе тек қана киелі жерлерімен емес, осындай азаматтарымен құтты мекенге айналып отыр. Оның ішінде Болат Қанапияұлының облыстың денсаулық сақтау саласына, балалар денсаулығын нығайтуға сіңірген еңбегі орасан зор, — деген Ербол Нұрғалиев ғалымның отбасына амандық, деніне саулық тіледі.

Облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова ғалымды құттықтап, балалар денсаулығын нығайтуға сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Жиында Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова, М.Оспанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік медицина университетінің ректоры Ербол Бекмұхамбетов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев ғалымды құттықтады.

Елдің болашағы мен мемлекеттің қауіпсіздігі тікелей балалар денсаулығына қатысты десек, осы салада аянбай тер төгіп  жүрген мамандардың еңбегі ерекше.  Баланың жан мен тән күйзелісін сезетін, маңдайынан сипап, сырқат балаға шипа сыйлап жүрген жанның бірі — Болат Жаналаев. Педиатрияның бір саласы — балалар хирургиясында  46 жылдан астам уақыт тынбай еңбек еткен ғалым осы саланың әрі қарай дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол — Қазақстан балалар хирургиясының негізін қалаушылардың бірі және бірегейі. Отыз жылдан астам уақыт медициналық университеттің балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі болды. Балалар арасындағы тоқ ішек, тік ішек ауруларын емдеуге күш салды. Оның ғылыми еңбегін қазір шәкірттері тәжірибеде қолданып жүр.

Ғалымның бұл саладағы еңбегі бағаланбай қалған жоқ. Түрлі марапатқа ие болды.   «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. 2015 жылы  еліміздің үздік дәрігері атанып «Алтын адам» атағына ие болды.

Қазіргі күні ғалымның шәкірттері еліміздің әр түкпірінде еңбек етіп жүр. Ғалымның ұлдары Дамир мен Талғат та әке жолын қуды. Қазір олар ел медицинасының дамуына үлес қосып жүр.

Жиында ғалымның әріптестері мен шәкірттері ыстық лебіздерін білдірді. Балалар ән айтып, би биледі.

Сондай-ақ бұл күні ғалымның мерейтойына байланысты «Балалар денсаулығының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*